Спорт • 01 Шілде, 2021

Жеңімпаздарға – ақшалай сыйлық

611 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Дубай қаласында өткен Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген былғары қолғап шеберлері ақшалай сыйлыққа ие болды.

Жеңімпаздарға –  ақшалай сыйлық

Қазақстанның әйелдер құрамасы Парсы шығанағындағы жарыста керемет көрсеткішке қол жеткізіп, сегіз бірдей сұлуымыз алтыннан алқа таққан еді. Елге оралғаннан кейін олардың еңбегі еленіп, чемпиондық атаққа қол жеткізген әр бұрымдыға 10 мың АҚШ долларынан берілді. Әйелдер мен ерлерді қоса алғанда жерлестеріміз барлығы 16 (8 алтын+6 күміс+2 қола) жүлдені қоржынға салды. Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевтің қатысумен Алматыда өткен айтулы іс-шара барысында күміспен күптелгендерге 5 мың және қола медальді мойындарына ілгендерге 2,5 мың доллар мөлшерінде қаржы сертификаты тапсырылды. Сонымен қатар ұлттық құрама бапкерлері, боксшылардың жеке жаттықтырушылары, кешенді-ғылыми топ мүшелері де ақшалай және басқа да бағалы сыйлықтардан құр қалған жоқ.
– Тарихи жеңіске қол жеткізген қыздарымызды Мемлекет басшысының өзі құттықтағанын жақсы білесіздер. Президенттің құттықтауы – біз үшін аса құнды. Себебі осы күнге дейін бірде-бір мемлекеттің әйелдер құрамасы дәл біздердей толағай табысқа қол жеткізген емес. Сондықтан да командамыздың осы жарқын жеңісі бізді қатты марқайтып отыр. Алда Олимпия ойындары «менмұндалап» тұр. Қазақстанның былғары қолғап шеберлері Токиодағы додада да жоғары деңгейде өнер көрсетеді деп үміттенеміз, – деді Кеңес Рақышев.