01 Қаңтар, 2014

Елбасы идеясының ертеңі еңселі

197 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі экономикалық интеграцияның бастамашысы болып табылады. Осы басталған жылы еліміздің аталған бастамасына 20 жыл толғалы отыр. Барлық осы жылдар бедерінде Қазақстан еуразиялық интеграция бастамасын дәйектілікпен ілгерілетіп келеді.

01-25-10-03

 

Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі экономикалық интеграцияның бастамашысы болып табылады. Осы басталған жылы еліміздің аталған бастамасына 20 жыл толғалы отыр. Барлық осы жылдар бедерінде Қазақстан еуразиялық интеграция бастамасын дәйектілікпен ілгерілетіп келеді.

01-25-10-03

Қазақстан – еуразиялық интеграцияның бастамашысы

Астанада өткен былтырғы мамыр кез­десуінің қорытындысы бойынша Қазақ­стан, Ресей және Беларусь 2015 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық эко­но­микалық одағы өз жұмысын бастайды деген келісімге келсе, сондай-ақ, басқа да бірқатар маңызды құжаттар қабылданған болатын. Сонымен қатар, үш елдің мемлекет басшылары тарапынан «Интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытудың бағыттары туралы» шешім алынып, үш ел үкіметі мен Еуразиялық экономикалық комиссияға Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты дайындау жөнінде тапсырма берілген еді.

Осы қатарда Еуразиялық экономикалық комиссия мен Украина және Қырғызстан (әр ел бойынша жеке-жеке) арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету туралы меморандумдарды мақұлдау жөнінде шешім қабылданған болатын. Украина Еуразиялық экономикалық комиссия жанынан бақылаушы мәртебесін алу ниеті бар екенін білдірсе, Қырғызстан осы Одақтың толыққанды мүшесі болуға құлықты еке­нін танытып келеді. Осыған орай, өткен жылдың 31 мамырында Минск қаласында Украинамен және Қырғызстанмен мемо­ран­думдарға қол қойылған болатын.

Өткен жылдың 25 қыркүйегінде Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі мәжілісі өтіп, оның қорытындылары бойынша өзара интеграциялық қарым-қатынастар мәселелеріне қатысты бірқатар шешімдерге қол қойылған еді.

Ал былтырғы 24 қазанда Минскіде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес­тің мемлекет басшылары деңгейіндегі кезек­ті мәжілісі өткені белгілі. Оның қоры­тын­дылары бойынша «Интеграцияны дамыту­дың негізгі бағыттары және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасымен жұмыс барысы туралы» шешім алынғаны тағы мәлім.

Сонымен қатар, Еуразиялық эконо­ми­калық комиссия мен Армения Республикасы арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету туралы меморандум жобасы мақұлданып, Арменияның Кеден одағы мен Біртұтас эконо­микалық кеңістікке қосылуы жөнін­дегі «Жол картасын» дайындау бойынша жұ­мыстарды ұйымдастыру тапсырылған болатын.

Жақында, атап айтқанда, өткен жылдың 24 желтоқсанында Мәскеуде Жоғары Еура­зиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі үшінші мәжілісі өтіп, ондағы келіссөздердің басты тақырыбы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты дайындау бойынша жұмыс барысы болғаны ұмытыла қоймаса керек. Сөйтіп, әр тарап 2014 жылдың мамырына қарай Еуразиялық экономикалық кеңес туралы шартқа қол қою үшін барынша күш-жігерлерін жұмсайтыны нақтыланып отыр.

Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық комиссияны реформалау туралы мәселе күн тәртібінде тұр. Өйткені, ол интеграцияның бүгінгі жаңа деңгейіне толық көлемінде сәйкес келуі және мүдделердің тепе-теңдігін қамтамасыз етуі тиіс.

Еуразиялық экономикалық одақ КСРО-ға ұмтылыс емес

Еуразиялық экономикалық одақ құру КСРО-ны қайта жаңғыртуға ұмтылыс болып табылмайды. Саяси егемендік ешқашан мызғымақ емес. Бұл – барлық қатысушы мемлекеттер – Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің біржақты ұстанымы. Эко­номикалық интеграция ұлттық мемле­кет­тілікті нығайтып, оны экономика арқылы барынша орнықты ете түсу үшін дамытылады.

Еуразиялық экономикалық одақтың негізінде 5 қағидат жатыр. Олар: эконо­микалық прагматизм, егемендікті құрмет­теу, интеграцияға қатысуға еріктілік, шешім­дерді қабылдаудағы тең құқықтылық, даму­дың эволюциялығы мен еуразиялық кеңістіктің ашықтығы.

Қазақстан, Ресей және Беларусь Еура­зиялық экономикалық одақты страте­гиялық әріптестік пен достық рухында құру бойынша жұмыстар жүргізуде. Өйт­кені, экономикалық интеграция әр мемле­кет­тік мүмкіндігін айтарлықтай күшей­теді. Экономикалық одақ әлемдік қоғам­дас­тықпен барынша табысты ынтымақтасу үшін құрылатынын да айта кеткен жөн.

Бүгінде бүкіл әлемде интеграциялық трендтер үстемдікке ие. Жаһандану мен аймақтану – ХХІ ғасырдың мейнстримі. Дүниежүзінде қазірдің өзінде Еуроодақ, НАФТА, МЕРСОКУР, Африка одағы, АСЕАН, АТЭС сияқты және басқа бірлестіктер құрылған.

Экономикалық интеграцияның жаһан­дық тәжірибесі мынаны көрсетіп отыр: күш-жігерді біріктіру ұзақмерзімді эконо­микалық дивидендтер әкеледі, қауіпсіздіктің беріктігін қамтамасыз етеді, халықтың әл-ауқатын арттырады.

01-Без имени-1

Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік

Кеден одағының біртұтас кеден аумағын құру үш кезеңнен тұрды. Олар: 2010 жылдың 1 қаңтарына дейінгі алдын ала кезең, 2010 жылдың 1 қаңтарынан 1 шілдесіне дейінгі бірінші кезең, 2010 жылдың 1 шілдесінен 2011 жылдың 1 шілдесіне дейінгі екінші кезең.

Алдын ала кезеңде Кеден одағының келі­сімдік-құқықтық базасын қалыптастыруды аяқ­тау мен шекара, біртұтас кеден аума­ғының сыртқы контурын қоспағанда, мемле­кеттік бақылаудың келісілген түрлерін кезең-кезеңімен көшіруді ұйымдастыру міндеттері шешілді. Кеден одағының нор­мативтік-құқықтық базасы (70-тен астам құжат) қалыптастырылды.

2009 жылдың 27 қарашасында Минск қаласында өткен ЕурАзЭҚ-тың Мем­ле­кет­аралық кеңесі (Кеден одағының жоғары органы) мәжілісі барысында мемлекет басшылары деңгейінде 2010 жылдың 1 қаң­тарынан қызметін бастау үшін Кеден одағының маңызды құжаттарына: Біртұтас кеден тарифі мен Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартқа қол қойылды.

Кеден одағына мүше елдер мемлекет басшылары, сондай-ақ, 2010 жылдың 6 шілдесінен бастап Кеден одағының Кеден кодексін іске қосу туралы және үшінші елдердегі тауарларға қатысты Беларусь, Қазақстан және Ресей аумақтарында еркін айналымға шығарылған, Кеден одағына мүше үш елдің шеңберінде қозғалыста болатын кедендік рәсімдеуді алып тастау туралы шешім қабылдады.

Біртұтас кеден аумағын қалып­тас­тыру­дың бірінші кезеңі аясында 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағының комиссиясы Кеден одағының сыртқы саудасында тарифтік және тарифтік емес қағидатты және сауданы реттеу өкілеттігін жүзеге асырады. Бұл жерде Кеден одағы сыртқы экономика қызметінде Біртұтас тауар номенклатурасы мен Кеден одағының Біртұтас кеден тарифі қолданылады.

Кеден одағының біртұтас тарифтік преференциялар жүйесін қалыптастыратын құжаттар бекітіліп, күшіне енгізілді. Олар: Дамушы және онша дамымаған елдерде шығарылатын және әкелінетін тауарлар тізімі мен оларды әкелу кезінде тарифтік преференциялар ұсыну, сондай-ақ, Дамушы және онша дамымаған елдер – Кеден одағының тарифтік преференциялары жүйесін пайдаланатын елдер тізімі.

Сыртқы сауданы реттеу мен тараптардың атқарушы билік органдары өкілдерінен жасақталған санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану бойынша Техникалық реттеуді үйлестіру комитеті құрылды.

2010 жылдың 1 шілдесіне қарай біртұтас кеден аумағын қалыптастырудың бірінші кезеңінің міндеттері орындалып, оның біртұтас тариф жүйесі мен тарифтік емес реттеу, кедендік, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау қызметіне қажетті құқықтық шарттары құрылды.

2009 жылдың 11 желтоқсанында Санкт-Петербург қаласында өткен ЕурАзЭҚ-тың үкімет басшылары деңгейіндегі Мемлекетаралық кеңесінің мәжілісі барысында Кеден одағының келісімдік-құқықтық базасын толықтыратын халықаралық құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Кеден одағында санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шараларды техникалық реттеу, жанама салықтар алу, тауарлардың экспорты мен импорты жағдайында және Кеден одағында қызмет көрсету кезінде, сондай-ақ, тараптардың өкілетті органдарымен сыртқы және өзара сауданың статистикалық деректерін беру құжаттарына қол қойылды.

2011 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасқан екінші кезеңде тараптардың кеден аумақтарын біртұтас кеден аумағына біріктіру бойынша практикалық жұмыстар жүргізілді.

Кеден одағы интеграцияның барынша жоғары сатысын құру үшін негізгі алаңға – 2012 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастаған Біртұтас экономикалық кеңістікке (БЭК) айналды. БЭК жұмысы жағдайында мынадай төрт еркіндік қағидаты қамтамасыз етілетін болады: тауарлардың еркін қозғалысы, қызмет көрсетулердің еркін қозғалысы, капиталдың еркін қозғалысы және жұмыс күшінің еркін қозғалысы.

Биыл ЕЭО туралы шартқа қол қойылады

Қазіргідей жаһандану заманында әлем елдерінің бір-бірімен тығыз ынтымақтастыққа ұмтылатыны – заңдылық. Өйткені, бүгінгі таңда мемлекеттер бір-бірімен тығыз байланыссыз, яғни оқшауланып өмір сүре алмайды. Соның бір айғағы ретінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан Еуразиялық одағын айтуға болады.

Ал осы Одаққа әкелетін бірден-бір құрылым – Кеден одағына мүше елдер таңдаған интеграция жолы да оңай жол емес, әрине. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес осы жолда алдан шығар түйткілді мәселелерді тарқататын, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің жұмысын үйлестіретін бірден-бір орган болып табылады. Бұдан түйілетін ой, аталған кеңестің негізгі міндеті – ұйымның атқарушы органы саналатын комиссия ұсынған құжаттарды бекіту.

Күні кеше Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында негізінен Минскіде көтеріліп, оның алдындағы жиындарда айтылып жүрген мәселелер талқыға түскені белгілі. Үш мемлекет – Қазақстан мен Ресейдің және Беларусьтің өкілдерінен тұратын Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің институттық бөлігі болып табылады. Бүгінде еуразиялық интеграциялық жобаның арқаулық қағидаттары бекітіліп үлгерілген. Ал бұл қағидаттар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық елдердің мүдделерін жан-жақты ескеруімен ерекшеленеді.

Бұл Одақтың елдеріміздің экономикаларын нығайту, дамыту және мемлекеттер ықпалдастығын жандандыру үшін құрылып отырғаны белгілі. Осы орайда, Еуразиялық экономикалық комиссияға бәсекеге қабілеттілік, жаңғырту, елдеріміздің әлеуметтік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру мәселелері ұсынылады. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі келісімнің бірінші бөлігі дайын, енді ол салалық тұрғыда толықтырылуы тиіс. Қазір бұл жұмыстар біртіндеп жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 2014 жылдың 1 наурызына жоспарланған жиында Біртұтас экономикалық кеңістік пен Кеден одағы аясында қалып келе жатқан кедергілер мен шектеулерге қатысты тізбелер шоғыры жасалып, оларды жоюдың нақты мерзімін анықтау белгіленген. Бұл – маңызды міндет. Осындай міндеттер жүзеге асырылғанда ғана біртұтас экономикалық жүйе үйлесімді және жоғары тиімділікпен жұмыс істейтіні анық.

Міне, жаңа 2014 жыл да басталды. Осы жылқы жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою міндеті тұр. Кейбір объективті және субъективті кедергілерге қарамастан, бұл бағыттағы жұмыс дәйектілікпен ілгерілеп келе жатқанын атап көрсету қажет. Демек, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылатын күн де алыс емес деп ой түюге толық негіз бар.

Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан».