Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Судьялардың V съезінде сөйлеген сөзінде қоғамдық катынастардың маңызды реттеушісі ретінде азаматтық заңнаманы жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстаның азаматтық заңнамасы 2009 жылы бірқатар маңызды даталарды – Азаматтық кодекстің Жалпы бөлімінің енгізілгеніне 15 жыл және республиканың Азаматтық кодексі Ерекше бөлімінің қабылданғанына он жылдығын атап өтті.
Қазіргі кезде демократиялық құқықтық институттардың жүйелі дамуының қажеттігі айқын сезіледі, оның жұмыс істеуінің негізгі шарты – тиімді сот төрелігінің болуы. 15 жылдық тарихында Азаматтық кодекс өзінің құндылығы мен мәңгілігін дәлелдеді, ол айналасына көп элементті және еліміздің көлемді азаматтық заңнамасы жинақталған жүйе құраушы заңнамалық актіге айналды. Кодексті қолдану кезінде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, жалпы алғанда адвокаттық, прокурорлық және сот құқық қолдану тәжірибесі қалыптасты.
Біздің мемлекетіміздің өтпелі кезеңінде қабылданған Азаматтық кодекс уақыт сынағына төтеп бергенін атап өткен жөн. Оның негізін қалаушы ережелер қазіргі жағдайда да бекітілген қоғамдық қатынастарды қорғау үшін жеткілікті құқықтық база ретінде қызмет етеді.
Тарихи тәжірибе егжей-тегжейлі реттелген процессуалдық форма ретіндегі сот талқылауы дау-дамайды қараудың, шындықты анықтау, ақиқатты іздестірудің ең күшті тәсілі екенін дәлелдеп отыр.
Азаматтық істер – құқықтық қатынастардың (азаматтық, көпшілік, еңбек, отбасылық, тұрғын үй, жер және тағы басқа) кең ауқымынан туындайтын әртүрлі қақтығыстарды сотта талқылауға байланысты сала. Бұндай істерді қарайтын судья сот төрелігін жүзеге асыру тәртібін реттейтін процессуалдық нормалардың жиынтығын ғана емес, сонымен қатар заңнаманың әртүрлі саласына жататын материалдық құқық нормаларын да жақсы білуі және дұрыс қолдана білуі тиіс.
Азаматтық істерді қарау кезінде процессуалдық және материалдық құқық нормаларын қолданудың сот тәжірибесін де ескеру қажет. Ең бастысы, біздің ойымызша, – заңды өмірмен байланыстыру, олардың арасындағы тепе-теңдікті табу, сол кезде құқықтық норма әділдікке ұласады. Тек осы жағдайларда ғана азаматтардың және ұйымдардың бұзылған немесе дау туғызатын құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері сотта тиімді қорғалу арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.
Съезде сөйлеген сөзінде Елбасы азаматтық заңнаманы экономикалық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы тұру мақсатында жетілдірудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Президент атап өткендей, жалған кәсіпкерлік күрделі проблема болып отыр. Осындай кылмыстар санының өсуі бизнеске де, мемлекеттің мүддесіне де нұқсан келтіреді.
Қатынастардың осы саласында корпоративтік жаулап алу деп аталатын мүлікті заңсыз тартып алу, оларға міндеттемелер бойынша жауапкершілікті арту, салық төлеуден жалтару, салықтарды бюджеттен заңсыз өтеу жөніндегі тізбекке қатысу үшін “бір күндік фирмаларды” құру сияқты біршама асыра сілтеушілік орын алуда. Бұл жағымсыз құбылыстар экономикаға кері әсер етеді, қалыпты инвестициялық үдеріске кедергі келтіреді, адал кәсіпкерлер үшін қосымша шығындар мен тәуекелдер, сондай-ақ құзыретіне тиісті қызметтер мен қадағалау енетін мемлекеттік органдар бюджетінің шығындалуын әкеп соғады.
Осы проблеманы шешу мақсатында Жоғарғы Сот Төрағасы М.Әлімбеков Судьялардың V съезінде Германияның жақсы тәжірибесінен мысал келтірді, жауапкершілігі шектеулі қоғам құру кезінде кемінде 25 мың еуро сомасындағы бастапқы жарғылық капиталы болуы шарт. Үлкен сомаға келісім-шарттар жасасу кезінде тарап төлем қабілетсіздігі туралы жариялай отырып, басқа мүлікпен жауап беру міндеттемесін алады. Осыған ұқсас тәжірибе басқа еуропалық елдерде де бар. Алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибелі одан әрі зерделеу және оны енгізу құқық қолдану ісіне жақсы әсер етеді және ұлттық заңнама ережелерін әлемдік қоғамдастықтағы тиісті қатынастарды реттеу ережелерімен жақындастырады деп ойлаймыз.
Ерқанат ЖҰМАТАЕВ, Павлодар қалалық азаматтық сотының судьясы.