Дипломатиялық қызметтің іргетасы осылай қаланды
КСРО ыдыраған соң «тоғызыншы территория» атанған Қазақстан үшін сыртқы саясатты дербес жүргізу оңайға соққан жоқ. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, әлі буыны қатпаған мемлекетке шетелдік державалар күмәнмен қарады. Тіпті Қазақстанды кезекті саяси ойын алаңына айналдыруды көздегендер де табылғанына тарих куә. Оған қоса, еліміздің ядролық арсеналы да біраз саясаткердің басын ауыртқаны белгілі.
Екіншіден, жас мемлекет үшін тырнақалды сыртқы саяси қадамдар ауырға соғады. Сондықтан Қазақстанға өзінің сыртқы саясатын тыңнан бастауға тура келді. Өйткені сыртқы саяси бағытты қалыптастырудың негізгі қиындығы елдің өз тәуелсіздігін тыныш та тұрақты жағдайда емес, мүлдем жаңа геосаяси ахуал кезінде бастауға тура келді. Дәл осындай кезеңде Қазақстанның мүдделеріне тікелей немесе жанама әсері бар халықаралық процестердегі еліміздің ұстанымдарын мүлтіксіз белгілеу қажет болатын.
Үшіншіден, іс жүзінде Қазақстанда күрделі сыртқы саяси міндеттерді шешуге өкілетті кәсіби дипломаттар жетіспеді. Кеңестік дәуірде Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде, негізінен, хаттамалық іс-шаралармен және халықаралық мәдени әріптестікпен айналысатын бірнеше адам ғана жұмыс істеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы кезеңді «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай еске алады:
«Мен күрделі міндеттерді шешу алдында тұрған біздің еліміздің, дәстүрлі саяси мәселелерді айтпағанда, шетелде бірде-бір өкілділігінің жоқтығын, сыртқы саяси мәселелердің қарапайым тәжірибелері де білікті мамандары да жоқтығын талай мәрте айтқанмын.
Бастапқы кезде, басқа да жас тәуелсіз мемлекеттер сияқты, Қазақстанның халықаралық мүдделерін Ресей қорғады. Алайда мұндай амалсыз шара ұзаққа созылуға тиіс емес еді. Міндетті түрде өзіміздің сыртқы саяси және дипломатиялық жүйемізді жылдам құруымыз керек болатын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еуразиялық кеңістіктің болашағы әзірге беймәлім болды, біз шетелдік үлгілерді көрсоқырлықпен қайталамай, керісінше, тек өзіміздің ұлттық мүдделерімізді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын қалыптастырдық».
Міне, осыдан бастап «тоғызыншы территорияның» дипломатиялық тұрғыда өрлеу кезеңі басталды. 1992 жыл Сыртқы істер министрлігін толыққанды институт ретінде құру жұмыстары аяқталды. Осыған орай Елбасы шілде айында Сыртқы істер министрлігі, дипломатиялық құрылымдар мәртебесі мен өкілеттілігін ресми түрде айқындаған ережені бекітті. Осылайша, олардың ұйымдастырушылық және кадрлық мәселелері шешілді.
Сыртқы істер министрлігі бос жұмыс орындарына республикалық байқау жариялады. Кадрлық және тілдік комиссиялар құрылып, олардың құрамына тәжірибелі дипломаттар, соның ішінде бұған дейін КСРО мен Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрліктерінде жұмыс істеген отандастарымыз кіргізілді.
1992-1993 жылдары еліміздің БҰҰ-дағы, Ресейдегі, Қытайдағы, АҚШ-тағы, Түркиядағы, Франциядағы, Бельгиядағы, Венгриядағы, Ирандағы, Үндістандағы, Мысырдағы, Өзбекстандағы, Қырғызстандағы, Әзербайжан мен Украинадағы елшіліктері мен дипломатиялық өкілдіктері ашылды.
Осы орайда мына мәселені айта кеткен жөн. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес Одағы кезінде Сингапур, Қытай елдеріндегі КСРО-ның елшілігінде табысты қызмет атқарғаны мәлім. Кеңес Одағы ыдырап, еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік қоғамдастыққа кірудің күрделі кезеңін бастағанда Елбасы қытай, ағылшын, француз, орыс тілдерін жетік білетін жас дипломат, алғыр азаматты Қазақстанға жұмысқа шақырды.
Бастапқыда Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, кейін Сыртқы істер министрі қызметін абыроймен атқарған Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы тапсырмасына сәйкес сыртқы саяси институттардың қалыптасуы мен дамуына, тәуелсіз Қазақстанның көпвекторлы бағытын айқындауға білек сыбана кірісіп, белсене атсалысты.
Дипломатиялық қызметтің тағы бір жетістігі ретінде мемлекеттік шекараны шегендеуді атап өткен абзал. Кеңес Одағы тараған соң тәуелсіздігін алған елдер арасында осы мәселеде түрлі дау болды. Тіпті соның салдары бүгінге дейін жалғасып келе жатыр.
Қазақ елінің бағына орай, Елбасы бастамасымен жас мемлекетіміздің дипломатиялық миссиясы шекараны делимитациялау мен демаркациялауда ойдағыдай табыстарға қол жеткізді. Мәселен, Қазақстанның бастамасымен 1991 жылы 8 желтоқсанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімде, сондай-ақ сол жылдың 21 желтоқсанында қабылданған Алматы декларациясында шекара мәселесіне ерекше екпін берілді.
Жалпы, шекараны шегендеу мәселесі 10 жылға созылғаны мәлім. Әсіресе, Қытаймен арадағы мемлекеттік шекара мәселесін шешу өте күрделі жүргені белгілі. Өйткені Қазақстанға КСРО-дан бірнеше даулы шекара аймағы мұраға қалды. 1994 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара түбегейлі белгіленді. Даулы учаскелерді Қазақстан пайдасына шешуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дипломатиялық тапқырлығын айта кеткен жөн. Қытайдың сол кездегі басшысы Цзян Цзэминьмен кездесуде Елбасы ел мүддесін қорғап қалды.
Кейінірек басқа көршілес мемлекеттер – Ресеймен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен, Түрікменстанмен келіссөздер жүргізілді. Дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекараны шегендеу мәселесінде де еңбегі ерен. Елбасы тапсырмасын абыроймен орындап, Қытай, Ресей, Өзбекстан сынды көршілерімізбен арадағы шекара бейбіт жағдайда шешілді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті бекітілді.
Жаһандық бейбітшілікке қосқан үлес
Сыртқы саясат пен дипломатия туралы сөз қозғалғанда еліміздің әлемдік аренада қол жеткізген табыстарына тоқталмай кетуге болмайды. Мәселен, Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша көтерген және іске асырған бастамалары аз емес. Көпвекторлы саясатқа иек артқан еліміз – бұл тұрғыда шартараптың басқа елдеріне үлгі. Соның ішіндегі бірегейі, яғни еліміздің жаһандық беделіне тікелей әсер еткен теңдессіз оқиға – Қазақстанның Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартуы. Бұл бастама жер-жаһанда ядролық қарусыздануға қатысты маңызды шешім қабылдауға тікелей әсер етті.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның еншісіне өте мол ядролық арсенал мұраға қалғаны мәлім. Бұл – «қырғи-қабақ соғыс» кезінде бәсекелескен АҚШ-ты бейжай қалдырған жоқ. Халықаралық қоғамдастық та «тоғызыншы территорияға» күдікке толы күмәнмен қараған-ды. Бірақ Қазақстан ядролық арсеналынан түбегейлі бас тартты.
Бұл күтпеген қадам еді. Өйткені Қазақстанның оқтұмсықтары Батыстың бетке ұстар дипломаттарының ұйқысын қашырғаны белгілі. Түрлі себепті сылтауратып, олар елімізге жиі-жиі ат басын бұратын. Мәселен, 1991 жылғы 31 тамызда Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер сол кездегі астанамыз Алматыға келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Келіссөздер барысында «Темір леди» ядролық қару туралы сұраған екен.
Осы кездесуді Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай еске алады: «Тэтчер бірінші кездесудің өзінде маған: «Сіз ядролық қаруды не істемек ойдасыз?» деген сауалды тікесінен қойды. Іштей кесімді шешім қабылдап қойсам да, әлі де ойлану үстіндегідей қалып таныттым. Бір жағынан маған оның мұндай тік мінезі ұнады. Екінші жағынан, Тэтчердің бұл сауалды өз тарапынан ғана емес, сондай-ақ батыстағы тұтас саясаткерлер ортасы атынан қойып отырғанын түсіндім».
Елбасымен емен-жарқын әңгімелескен Тэтчер ханым кейінірек ағынан жарылып: «Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын», дегені есімізде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Халықаралық ұйымдар Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуын бұрын-соңды тарихта болмаған тың және батыл бастама деп мойындады. 2009 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Қазақстан тарапының ұсынысы негізінде 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде Сыртқы істер министрі ретінде ядролық қарудан бас тарту ісіне тікелей араласып, алып державалармен келіссөздердің табысты өтуіне зор үлес қосқанын айта кеткен жөн. Ол ядролық қаруды таратпау секілді өзекті халықаралық саяси мәселені оңтайлы шешуде үлкен рөл атқарды. Сөйтіп 1996 жылы Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа, 2005 жылы Семей қаласында Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылды.
Халықаралық қоғамдастық мойындаған бастамалар
Қазақстан халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Елбасының бастамасымен құрылған ұйымдар соның айғағы. Мәселен, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру және Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ) құруға Қазақстанның белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Ал мұндай қадамның әлемдік аренада «тоғызыншы территорияның» беделін арттыратыны айтпаса да түсінікті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы кейінгі кезде аймақтық деңгейде ғана емес, дүниежүзілік ауқымда серпінді түрде дамыған көпсалалы, жетекші ынтымақтастық ұйымдарының біріне айналды. Қазіргі таңда ШЫҰ саяси дипломатиялық сипатына сәйкес тұрақты түрде нығайып келеді.
Елбасының Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру ұсынысы дер кезінде жасалған еді. Нұрсұлтан Назарбаев осы ұйымды құру туралы мәселені 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында көтерген болатын. Бұл бастама Азия өңірінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың жаңа форматын қалыптастыруға соны серпін берді.
Уақыт АӨСШК-тің өзектілігін көрсетті. Оның аясында саяси диалогті институттандыру және азиялық мемлекеттерді жаңа саяси жағдайға бейімдеу жүргізіледі. Қазақстан және АӨСШК процесін қолдаған мемлекеттер осындай тетік құрудың маңыздылығын айқын түсінді. Елбасы атап өткендей, бүгінгі күні АӨСШК – тыңға түрен салған, түрлі жағдайға дайын бірегей форум. Ол идеядан практикалық және нақты жұмыс істейтін құрылымға айналды.
Көршілес елдер интеграциялық құрылымдар ұйымдастырғанда ғана экономикалық қарым-қатынастар кеңінен өрістейтіні белгілі. Бұл өзара ықпалдастықты дамытып қана қоймай, елдің әлеуетін арттыруға зор үлес қосады. Мәселен, Еуропалық одақ секілді ұйымдар осы мақсатта құрылғаны белгілі. Кеңес Одағы тарағаннан кейін Елбасы Еуразия құрлығын қамтитын үлкен ұйым құру қажеттігін жете түсінді. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылғы 29 наурызда М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тәуелсіз мемлекеттердің көпжақты, тең құқылы ынтымақтастығы форматында еуразиялық интеграция идеясын жария етті.
Осылайша, қазіргі Еуразиялық экономикалық одақтың іргетасы қалана бастады. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін 2000 жылғы 10 қазанда елордада өткен саммитте Қазақстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құру жөніндегі келісімге қол қойды. Аталған құжатта сауда-экономикалық ынтымақтастықты тығыз әрі тиімді жүргізудің тұжырымдамасы бекітілді.
2006 жылы Минскіде болған саммитте мемлекеттер басшылары ЕурАзЭҚ-тың базасында Біртұтас экономикалық кеңістік жобасының шеңберінде Кеден одағын құру туралы келісім жасады. Соған сәйкес болашақ интеграцияның жол картасы қамтылып, Еуразиялық экономикалық комиссияның және 2012 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастаған Еуразиялық экономикалық кеңістік негізі қаланды.
Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ 184 миллион тұрғыны бар алып аумақты қамтитын, өмірлік маңызы бар сауда-экономикалық дәлізге айналды. Ұйымға мүше-мемлекеттердің сыртқы сауда айналымы 750 млрд АҚШ долларынан асқан.
Қазақстанның әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесі мұнымен шектелмейді. Татулық пен өзара келісім орнату жолында Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін дінаралық және өркениетаралық диалог өрбітудің маңызды алаңына айналдыра білді. Өз жерінде түрлі этностар мен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан Нұр-Сұлтанда бір үстелдің басында мұсылман, христиан, буддизм, иудаизм және басқа да діндердің көшбасшыларын жинап, өзекті халықаралық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік жасады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның жаһандық ұйымдарға төрелік етуі де дипломатиялық қызметтің табысты жұмыс істеуімен тығыз байланысты. Мысалы, 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің елордада өтуі де кәрі құрлықтағы бірқатар мәселенің шешімін тауып берді.
БҰҰ-ның берген бағасы
Қазақстан дипломатиясының тағы бір соны жетістігі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қарусыздану жөніндегі конференциядағы жеке өкілі ретінде тағайындалуын ерекше атап көрсеткен жөн. Бұдан бөлек, ол ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің және Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы болып сайланды. Пан Ги Мун: «Мен оған Женевадағы үлкен және пайдалы жұмысы үшін өте ризамын. Мен оны жоғары бағалаймын. Сондай-ақ БҰҰ-ның ең ірі кеңсесін басқарған адам ретінде мен оған өте разымын», деп Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби қасиеттері мен жемісті қызметіне жоғары баға берді.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі еліміздің жер-жаһанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ерекше көңіл бөлетінін айғақтайды.
Осы орайда аталған ұйымдарға төрағалық ету оңайға соқпайтынын, оған қол жеткізу үшін еліміздің дипломаттары көп тер төккенін айта кеткен жөн. Мысалы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесін ұйымға мүше мемлекеттер сайлайды. Яғни әр мемлекет – бір дауыс. Оған қол жеткізу үшін шартараптың түкпір-түкпіріндегі елдермен тығыз жұмыс істеп, Қазақстанның бейбітсүйгіш бағытын дәлелдей білу қажет. Бұл дипломаттарымыздың мойнына артылған үлкен міндет еді.
Сириядағы азаматтық соғыс жүз мыңдаған адамның өмірін жалмап, миллиондаған тұрғынды босқынға айналдырғаны туралы талай мәрте жазылып, биік мінберлерден айтылды. Алайда елдегі шиеленіскен жағдайды саяси жолмен бейбіт шешуге ұмтылғандар санаулы. Осы орайда Қазақстан Таяу Шығыстағы мемлекеттің тыныштығын сақтау мақсатында келіссөз алаңын ұсынғаны белгілі. Астана процесі ретінде танылған бұл жиынның тиімділігі бүгінде халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.
Дипломаттарымыздың халықаралық аренадағы жетістіктерінің бірі – Қайрат Әбдірахмановтың ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары лауазымына сайлануы екені сөзсіз. Бұл – бейбітшілік пен этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі әлемдік деңгейде мойындалғанының дәлелі.
Сонымен қатар былтыр Қазақстан өлім жазасынан бас тартты. Нақтырақ айтсақ, Парламент Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасынан бас тартуға міндеттейтін екінші факультативті хаттамасын ратификациялады.
Жалпы, 1991 жылдан бастап шартараптың түкпір-түкпірінде Қазақстанның 103 дипломатиялық миссиясы ашылды. Соның ішінде 66 елшілік, 17 бас консульдық бар. Бұдан бөлек, алыс-жақын шетелдерден 70 елшілік «тоғызыншы территорияда» дипломатиялық қызмет етеді. Сондай-ақ 38 халықаралық ұйымның елімізде өкілдігі бар. Бүгінге дейін 186 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылып, төрт мыңнан астам халықаралық құжатқа қол қойылған.
Тарих үшін қас қағым сәт саналатын отыз жыл ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалап, көпвекторлы бағытын айқындап, сара жолға салған және Президент, көрнекті дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев сындарлы сабақтастықпен жаңа белестерге бастаған Қазақстанның дипломатиялық қызметі толағай табыстарға қол жеткізгені даусыз.