Қоғам • 02 Шілде, 2021

Сақтағанов Семейден неге кетті?

2911 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әкімі тұрақтамаған қалада даму бола ма?! Семейге жыл басында тағайындалған Нұрымбет Сақтағанов көп ұзамай отставкаға кетті. Орнына облыс әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған Бақытжан Байахметов отырды. Басшылар бұлай ауыса берсе, Семейді 2025 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы қалай жүзеге асады? Асып жатыр ма?

Сақтағанов Семейден неге кетті?

Шынтуайтын айтқанда, семейліктер Б.Байахметовтың келгеніне қуана қойған жоқ. Керісінше Н.Сақтағановқа сенім арт­қан еді. Алайда облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Нұрымбет Аманұлы денсаулығына байланысты қызметі­нен кетіпті. Ал қоғам белсенділері бұл ауыс-түйісті басқаша топшылап отыр. 

Б.Баяхметовке деген сенімсіздік қайдан шықты дейсіз ғой. Кезінде Аягөз­дің бірнеше ауылына таза ауыз су тарту үшін қазынадан 2 миллиард 600 мил­лион теңгеден аса қаржы бөлінген-тұғын. Алайда іс соңына дейін жеткен жоқ. Ал, бұл мәселе Бақытжан Байахметовтың тұсында басталған. Сол үшін де алдыңғы жылы облыс әкімінің орынбасары қызметінде жүрген Б.Байахметовті Nur Otan партиясының Партиялық бақылау комитеті жауапқа тартуды ұсынған болатын.      

Партиялық бақылау комитетінің тексеріс қорытындысы бойынша жария­лаған мәліметтеріне сүйенсек, мыңдаған тұрғыны бар ауылдарды ауыз сумен жабдықтау жобасы тек қағаз жүзінде іске асыпты. Ал мердігер ұйымдар тиесілі қаражатты толықтай қалтаға басқан көрінеді. Бюджеттен шығын шыққанымен, халық ауыз суға жарымады. Әкім мұндай бассыздыққа неге көз жұма қарады? Кейін облыс әкімінің орынбасары болған тұста да қада­ғалап, жұмыстың толықтай аяқта­луын назарда ұстауы керек еді ғой. Осындай бассыздыққа байланысты Nur Otan партиясының Партия­лық бақы­лау комитеті партияның өңірлік филиалдарының төрағаларына халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бөлі­нетін бюджет қаражатын жұмсау саласын­дағы заң бұзушылық фактілерін жою үшін жұмысты бақылауға алу жөнінде ұсынымдар жолдаған. Сонымен қатар партияның тиісті аймақтық филиа­лы саяси кеңесінің бюросына бұрынғы Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметовке және аймақтағы басқа да партия мүшеле­ріне қатысты партиялық ықпал ету шараларын қолдануды ұсынған. Ұсынғанымен, нәтижесі шын мәнінде қалай болды, бізге беймәлім.

Жә, өткенді тізе бермей, ертеңімізді ой­лайық. Семейдің мәселесі шаш-етек­тен. Кішігірім көшелері былай тұр­сын, орталықтағы даңғылдардың өзі шұрық-тесік. Түнгі мезгілде көшелердің көбі тас қараңғы. Алыстағы ауылдардың көшелеріне жарық тартылып жатқанда Алаш астанасы неге жетімнің күйін кешеді? Ол ол ма, баяғыдан бері түйіні шешілмей келе жатқан «жасыл автобус­тар» тоқтап тынған сияқты. Тұрғын­дар­дың айтуынша, қалаішілік бағыттарға қы­рық жылғы ескі-құсқы автобустар шыға бастапты. Амал жоқ, суық пәтерде дірдектеп отыратын халық оған да көнді. Суық пәтер демекші, жылу жүйесін ретке келтіру жұмыстары биыл басталған. «Шөжені күзде санайды» дегендей, бір суық түскен соң ол жағы белгілі бола­­ды. Жаңа әкім жаны ашыса, бір жағы­нан шығысып, жылу мәселесін біржола шешетін шығар. Жылу ғана емес, жоғарыда айтқандай проблема жетіп арты­лады. Қала тұрғындарының, қоғам белсен­ділерінің айтуынша, Семей тозып барады. Салақ адамның үйі секілді. Алаш қайрат­керлерінің, Абай, Мұхтарлардың ізі қалған рухани шаһардың мұншалықты аянышты күйге еніп бара жатқандығы жанға батады. Әкімқаралардың емес, қарапайым халықтың ғана жаны ауыратындай.  

– Қайсы бірін айтайын?! Ең лас қала осы – Семей. Түнде – тас қараңғы. Жолдары ойдым-ойдым. Басқасын айтпай-ақ қояйын, М.Әуезов, Шәкәрім даңғылдарындағы шұңқырларды көрсеңіз. Тағы бір проблема – жұмыс­сыздық. Жаңа жұмыс орындары ашылған жоқ, керісінше жабылып жатпаса... Байқа­саңыз, жерасты өткелдерінде, базардың маңайында қайыр тілеп отыратындар көп.  Қымбатшылық қысып бара­ды, – дейді Жазушылар Одағының мүше­сі, профессор Аймұхамбет Бейсем­беков.

 – Жаңа Семей жағында бірде-бір серуендейтін саябақ жоқ. Жұтап тұр. Жап-жаңа автобустарымыз бар еді, жабылып тынды. Ал әкімнің ауысқан себебі – алдағы уақытта екі көпір салынады екен. Н.Сақтағанов тура жүретін басшы сияқты еді... – деп, ол өз болжамын астарлап жеткізді.

Бұл болжамды әлеуметтік желіде ашық айтып жатқандар да бар. Анық-қанығын кім білсін?! Біз бәлен-түген деп айтудан аулақпыз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатқанымызда әлеуметтік желіде айтылған ащы сөзге өңір басшылары өз жауаптарын бере жатар. Әйтпесе, басқа шарасын қолданар.

Біз Семейге келген жаңа әкім жанашырлық танытып, тігісі сөгіліп бара жатқан қала­ның қамы үшін еңбек етсе екен дей­міз. Әділін айту керек, Семейде атқары­лған жұмыстар да бар. Сапасы көңіл көн­шітпесе де Қарағайлы шағын ауданына жаңа тұрғын үйлер салынды. Атшап­тырым аумақта арена бой көтерді. Саябағы, фонтаны және бар. Әлеуметтік саланы дамыту мақсатында 47 млрд теңге бөлініп, 4 мектеп, 4 балабақша, мұз айдыны ашылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы да салынды. Осындай игілікті істер көп болса екен. Қалай дегенмен, Абай, Шәкә­рім­д­ер жүрген қазақтың рухани қаласы мұн­ша­лықты сүрең күйге түспеуі керек еді.

Иә, Семейді дамытуға бағытталған жоспар көп. Ең бастысы, бөлінген қаржы  діттеген мақсатқа жұмсалса екен. Халық тілегі осы.

Айтпақшы, 1998 жылдан бері Семей қаласында он әкім ауысыпты. Бақытжан Байахметов – он бірінші басшы. Қызметіне білек сыбана кіріссе, Семей қаласын аз уақыттың ішінде жайнататын шығар.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Семей қаласы