Аймақтар • 03 Шілде, 2021

Ақмола облысында 100-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана күні қарсаңы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ақмола облысының бірқатар өңірлерінде пәтер кілттері табыс етілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола облысында 100-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады

Бүгін облыс орталығында 30 отбасы мен Зеренді ауылының 36 отбасы кезекте тұрғандар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап салынған жаңа үйлерден пәтер кілттерін алды.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев ақмолалықтарды қуанышты оқиғамен құттықтады.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында сіздермен бірге осы тамаша оқиғаның қуанышын бөліскеніме өте қуаныштымын. Тұрғындар көптен күткен жаңа пәтерлердің кілттерін табыстау облыс үшін маңызы зор оқиға. Сіздерді қоныс тойымен құттықтаймын!», деп атап өтті аймақ басшысы.

Гүлнар Кәжімова 2013 жылы жас отбасы санаты бойынша тұрғын үй кезегіне тұрды.

«Бүгін біз үшін бақытты күн. Армандаған пәтерімізді алдық, енді біздің де өз ұямыз бар», деп бөлісті қала тұрғыны Гүлнар Кәрімова.

Айта кетсек, Зеренді ауданында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тағы бір 45 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Биыл Көкшетауда мемлекеттік бағдарлама аясында 17 көппәтерлі тұрғын үй салынуда.

Сондай-ақ, жақында 32 отбасы Есіл ауданының орталығында салынған көпқабатты үйдің жаңа қоныстанушылары атанды.

Сондай-ақ жергілікті жерлерде кадрларды бекіту мақсатында медициналық қызметкерлер, білім беру саласының қызметкерлері және тұрғын үйлері апатты деп танылған тұрғындар тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Олардың көпшілігі ұзақ жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрды.

Тұрғын үй бағдарламасын іске асырудың соңғы төрт жылында өңірде 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, 17 мың отбасы жаңа қоныстанушылар атанды.