Елорда • 05 Шілде, 2021

Елорда туризмінің ендіктері

484 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстанда енді ғана қар­қын алып келе жатқан туризм саласы бүгінде бір­қатар әлем елдері үшін негізгі табыс көзі екені ешкімге де жаңалық емес.

Елорда туризмінің ендіктері

Шетелдіктер туризмді дамыту арқылы мемлекет қазынасын қампайтуға әл­де­қашан көшкен. Қазақ­станның туристік саласы да ақырындап ел бюджетінің қамбасын толтыруға үлес қосып келе жатыр. Әсі­ресе, аз ғана уақыттың ішін­де дүниежүзінің назарын өзіне аудара алған елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы. Туризмнің барлық саласын қамтыған Қазақстанның астанасы осылайша ел туризмінің орталығына айналып келеді.

2017 жылдың күзінде Астана туризмін дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасының жобасы бекітілгені есімізде. Бір жылдан аса уақыт талқыланған құжат сол жылдың 8 қарашасынан бастап күшіне еніп, жоба үш жылда өз миссиясын табысты аяқтады деп айтуға толық негіз бар. Бір айта кетерлігі, аталған жол картасы қо­сымша қаржыландыруды талап етпейтін. Тиісті шаралардың бар­лығы әкімдік пен салалық минис­трліктің бюджетінен жүзеге асырылды.

Аталған жол картасына сәй­кес, осы уақыт аралығында Ас­танада іскер­лік, қалалық демалыс түрлері және меди­циналық туризм бағыттарын дамытуға ба­сымдық берілді. Нәтижесінде, бас қала­мызға туристерді барынша көптеп тарту мақсатында ғарыш музейі, ботаникалық бақ, жабық гүлзарлар, аквапарктер және басқа бұқаралық мәдени демалыс орындары ашылды.

Іскерлік туризмдегі

ірі жетістік

Қай жағынан алып қарасаңыз да, астананың іскерлік туризмді дамытуға қажетті әлеуеті бар. Оған адамзат ақыл-ойының тамаша табыстарының бірі саналатын бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің Халықаралық көрмелер бюросы Бас хатшысының берген бағасы бойынша «соңғы жиырма бес жыл ішіндегі ең тамаша көрме» ретінде үлкен табыс­пен өткізілген ЭКСПО-2017 ха­лықаралық көр­месінің өзі-ақ бүкіл астананың іскерлік туризм­дегі жүгін арқалап тұр. ЭКСПО-2017-нің елорда ту­ризмін дамытуға ба­рынша ықпал ететін мол мұра қалдырғаны да даусыз. ЭКСПО-2017 көрмесінің біре­гей ны­саны – «Нұр Әлем» музей-па­вильо­ны. Сарапшылар Париждегі Эй­фель мұнарасы, Лондондағы Хрусталь сарайы сияқ­ты «Нұр Әлем» ғимараты ЭКСПО мұ­ра­ларының әлемдік үлгілерінің қа­та­ры­нан орын алады деген пікірді алға тартуда.

Сондай-ақ Еуропада 80 жылдары пайда болған оқиғалық туризм де елордада кең қанат жайып келеді. Оқиғалық туризм – саяхат барысында бір іс-шараға бағыт­тал­ған туризм түрі. Ол оқиға мә­де­ниетке, спортқа, бизнеске қа­тыс­ты болуы мүмкін. Мысалы, оқи­ғалық туризмде көп мәнге ие олимпиадалар, чемпионаттар, рок-фестивальдер, кинофестивальдер, карнавалдар, экономикалық форумдар жатады. Тіпті жыл сайын аталып өтетін Елорда күнінің өзі оқиғалық туризм саналады. Осы мереке үшін Қазақстанның және шет­елдің бұрыш-бұрышынан мың­даған туристер ағылады. Әри­не, жыл сайын дүркіреп өте­тін Астана күні кейінгі екі жыл­да әлемге қауіп төндірген панде­мия­ның салдарынан онлайн өткізілуде.

2018 жылы Астана ТМД-дағы ең үздік іскерлік және оқиғалы туризм қаласы деп танылды. Жыл сайын ұйымдастырылатын Business Traveller Russia & CIS Awards байқауында «Жылдың үздік бизнес-дестинациясы» және «Ресей мен ТМД-дағы іскерлік және оқиғалы туризмнің үздік қаласы» деген жүлдені жеңіп алған болатын. Айта кетейік, Business Traveller Awards жүлдесі жыл са­йы­н іскерлік туризм саласындағы көрнекті жетістіктер мен инновациялар үшін тарту етіледі.

Business Traveller Awards өзінің объективтілігі арқасында беделді марапат болып есептеледі. Себебі жеңімпаздарды қазылар немесе сарапшылар комитеті емес, оқырмандар дауыс беру арқы­лы анықтайды. Журналдың жазылушылары мен оқырмандары – ең ірі MICE-агенттіктер, қауым­дастықтар, корпорациялар мен іскерлік және туристік туризм нарығының басқа да қа­тысу­шы­лары, сондай-ақ іскер адамдар, жетекші ха­лық­ара­лық және ресейлік бизнес мек­теп­терінің біті­рушілері, ірі ресей­лік және ха­лықаралық компа­ния­лардың бас­шылары, банктер, мемлекеттік корпорациялар және жеке саяхатшылар.

Медициналық

туризмге баса

мән берілуде

Елорда заманауи медициналық ор­талықтарға ғана бай емес, мұн­да кардио, онко және нейро­хи­рургиялық кө­мек көрсету ісі қар­­қынды дамып келе­ді. 2016 жылғы дерек бойынша Қазақ­стан ме­дициналық туризм бойын­ша ТМД елдері арасында Ресей мен Украи­наны алға жіберіп, үздік үштіктен көрінді. Сарапшылардың бағалауынша, медициналық ту­ризм­нің әлемдік на­рығы 2022 жылға қарай 143,8 млрд дол­лар­ға жетеді. 2015 жылдың өзін­де бұл көрсеткіш 43 млрд доллар­ды құраған. Осы нарықтан әр ел өз үлесін алуда. Мәселен, меди­ци­налық туризмнің дәстүрлі көш­басшылары Германия жылына 70 мыңға, Израиль 30 мыңға жуық емделушіні қабылдаса, бұл на­рыққа кейін қосылған Үндістан ме­дициналық туризмнен 1 жылда 3 млрд, Таиланд 2 млрд доллар табыс тапқан екен.

Денсаулық сақтаудың халық­аралық ғылыми-зерттеу орта­лығы (International Healthcare Research Center, IHRC), Medical Tourism Index (MTI) халық­ара­­лық қоғамдық ұйымы және халық­аралық медициналық туризм (МТА) қауым­дас­тығының өкілдерінің айтуынша, ал­дағы 10 жылда әлем халқының 3-4%-дан астамы медициналық қызмет алу үшін саяхатқа шықпақ. Демек, Қазақстанның да бұл бағытта бақ сынап көрер мүмкіндігі бар. Сонымен қатар 2018 жылы еліміз­дің бас қаласы медициналық туризм бойынша WMTA аясында ұйымдастырылатын халықаралық конференцияны қабылдап, қажетті тәжірибе жинады.

Нұр-Сұлтандағы Республи­калық диагностикалық орталық, Ана мен бала ұлт­тық ғылыми орталығы, Балаларды оңал­тудың ұлттық орталығы, Онкология және трансплантология ұлттық ғы­лыми орталығының басын қоса­тын University Medical Center корпоративтік қоры­ның Ме­дициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Бек­бай Хайрулиннің айтуынша, Ана мен бала ұлт­тық ғылыми орталығында медици­налық туристер үшін босану және кесарь оталары барынша көп сұранысқа ие болып отыр.

«Қазақстанға өзге де мақсат­тармен келетін шетел азаматтары біздің дәрігер­лердің көмегіне жиі жүгініп жатады. Оның ішінде жүкті әйелдерге түрлі асқынулар, уақытынан бұрын толғағы келу сияқты себептермен медициналық қызмет түрлері көрсетіледі. 2017 жылы Ана мен бала ұлттық ғы­лыми орталығында әлемнің 27 мем­лекетінің 111 азаматына түрлі меди­цина­лық қызмет көрсетілді. Олардың басым көпшілігі, атап айтқанда 59%-ы – Ресей, Түркия және Өзбекстан сияқты елдер­дің азаматтары.

Республикалық диагностика­лық орта­лықта радиофармпрепараттар шығара­тын өзінің желісі бар Қазақстандағы жалғыз ПЭТ орталық жұмыс істейді. Бұл Қа­зақстандағы ядролық медицинаны жаңғырту барысында аса маңызды шара болғанын айта кету керек. Орталықта 50-ден астам түрлі ма­мандық иелері қыз­мет көрсетеді. Қазақстандағы ең ірі медициналық зертхана да осында. Онда 700-ге тарта түрлі зерттеулер жасалады. Республикалық диагностикалық орталық амбулаториялық ұйым болғандықтан, мұнда негізінен елімізге сапарлап келген немесе осында жұмыс істеп жатқан шет­елдіктер де қызмет алады.

Балаларды оңалту ұлттық орта­лығында кешенді түрде меди­циналық, әлеуметтік және педа­го­гикалық оңалту қызметтері ұсынылады. Бұл емдеу орталығына негі­зінен Ресей, Өзбекстан, Украина, Қытай, Тәжікстан және Түр­киядан медициналық туристер келеді. 2017 жылы 50-ден астам шетелдік осы орталықта емделіп, оңалту шараларынан өтті».

 

Бас қаланың

демалыс орындары

Қазіргі кезде елордада жалпы ауданы 396,4 га 9 парк, ауданы 30 га 4 желекжол, сондай-ақ 131,9 га 90 гүлбақ бар. Мұндағы 9 парк­тің әрқайсысының өзіндік ерек­шеліктері бар. Мәселен, елор­дада ең кейінгі ашылған Бота­никалық бақ «ғылыми жаңалықтар ашылатын әрі қалалықтар демалатын орын» қызметін атқаруда. Мұнда ғылыми-зерттеу, ағарту жұмыстарымен ай­налысуға мүм­кіндік туады. Әсіресе, оқушылар мен болашақ ғалымдар өсімдіктер әлемімен кітап не экран бетінен емес, тікелей таныса алады. Сон­дай-ақ бұл туристерді де тартатын көрнекі орындар қатарына қосылмақ. Келушілер елімізде, тіпті құрлығымызда кездеспейтін кейбір экзотикалық гүл түрлерін қызықтап, кішігірім көл жанын­да тынығып, көр­кем мүсін-скульп­тураларды тама­шалап, суретке түсіп, ирелең­деген жолдар­мен са­ғаттар бойы серуендеу мүм­кін­дігіне ие болады.

Ал 2016 жылы пайдалануға берілген Астана-Триатлон пар­кінде қала тұрғын­дары мен қонақтары саламатты өмір салтын ұстанып, дене тәрбиесімен бел­сенді айналыса алады. 2018 жылға дейін «Арай» паркі атанған саябақ Астананың 20 жыл­дығына орай Алматы облысы оны қайта жөндеуден өткізіп, жаңа форматта түзіп, «Жетісу» деген атау­мен ел игі­лігіне қайта тапсырды. «Керуен», «Апорт», «Қоржыннан төгілген алмалар», «Шарын шат­қалы», WI-FI ағашы – осының бәрін Арай мен Сарайшық көше­лерінің қиылысында орналасқан осы «Жетісу» саябағында көруге болады. Оның кіреберісінде Жетісуді бей­нелейтін жеті арка, субұрқақтары бар басты аллея орналасқан. Сондай-ақ тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы бала­­ларға арналған «Тәңірі» алаңы, Шаған аллеясы, «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тас­тар және Шарын шатқалының үл­гісі бар. Парк ландшафтық серуе­н, кіреберіс және орталық аллея, ойын, көлік қою және тамақтану аймақ­тарынан тұрады. Демалу айма­ғында субұрқақтары бар бас аллея, Алматы облысының символы – Апорт алаңы, тауға ұқсас құздар орналастырылған.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда туристер үшін қашан да пайдалы әрі көңілді уақыт өткізуге болатын көрнекті орындар көп. Соның ішінде шетелдік саяхатшылардың ерекше ықыласына мына нысандар ие болды:

«Бәйтерек» ұлттық монументі  – кіндік қаламызға келген әрбір қонақтың «баруым керек» деген тізімінде ең бірінші тұра­тын нысан десек қателеспейміз. Үкі­меттік ғимараттардың кешеніне жақын ор­наласқан «Бәйтерек» («Өмір ағашы») ата-бабамыздың дүниетаным түсіні­гімен тығыз байланысты. Оған арналған көп­теген аңыз-әңгімелер бар, олар жай­лы экскурсоводтар толық баян­дап береді.

Бейбітшілік пен Келісім сарайы – Қазақстанға келген әрбір шетелдік турист еліміздегі ұлт­тық сана мен таным дең­гейіне, жүз­деген ұлт пен ұлыстың бір Қазақ шаңырағы астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанына қашан да та­ңыр­қай қа­райды. Бұған айқын үлгі ретінде пирамида түрінде салын­ған нысанды атай аламыз.

Ailand отбасылық демалыс орталығы – 2017 жылға дейін «Думан» атауымен белгілі болған демалыс орнын кең даладағы мұхит­тың бір тамшысы десек те болады. Осынау су асты әлемі­нің жер үстіндегі бөлшегінде теңіз-мұхиттарды мекендейтін тіршілік иесінің 100-ге тарта түрін кездестіруге болады.

Гастротуризмді таңдаған туристер үшін де Нұр-Сұлтанның ұсынары көп. Елордамызда мәзірі еуропалық және азиялық жоғары талғамды тағамдардан тұратын сәнді мейрамханалар, үйдегідей жайлылық пен нәрлі тағамдар ұсынатын кішігірім дәмханалар мен түрлі тамақтану орындары жетіп артылады.

«Астана Опера» – театрының ішкі-сыртқы көркемдігі, репер­туарындағы таң­даулы қойы­лымдар, мінсіз дыбысталуы өнер­сүйер қауымға қазақстандық тал­ғам мен өнердің жаңа деңгейін танытады.

Бұл – елордадағы туристер тамашалай алатын қызықты әрі тартымды орын­дардың бір парасы ғана. Бұл қатарға әлемдік деңгейде өтетін жарыс­тарды қабылдай алатын спорт нысандарын да қосуға болады. Сан-салалы туризмнің басын біріктірген Нұр-Сұлтан жақын болашақта Қазақстанның туризм орталығына айналатыны сөзсіз.