Театр директорының орынбасары Нұргүл Құмарқызының айтуынша, Түркияның Анталия қаласында өткен ХІ халықаралық театр фестиваліне әлемнің әр елінен 24 өнер ұжымы қатысыпты. Соның бірі – Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры. Атыраулық әртістер фестивальге қазақтың көрнекті жазушысы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» драмасын ұсынды. Режиссері – Мұқанғали Томанов.
Бұл қойылымның басты кейіпкері – бала күнінде анасын жоғалтқан ер адам. Есейген шағында да аяулы анасының аялы алақанын, ақ жаулықты бейнесін сағынады. Тоқсан минуттық спектакльде бала жүрегінің түкпірінде сақталған анаға деген сағыныш пен аңсаудың мұңы шертіледі. Осының бәрі театр әртістері Бекет Зинуллин мен Гүлден Көшербаеваның басты рөлдерді сомдаудағы шеберлігінен байқалып тұрды.
– Халықаралық фестиваль аясында өнер көрсеткен театрларға арнайы жүлделі орындар берілген жоқ. Бірақ драматургтер мен режиссерлер 24 өнер ұжымының арасынан төрт театрдың сахналық қойылымын үздік деп таныды. Бұлар – Анкарадан, Анталия мен Испаниядан қатысқан өнер ұжымдарымен бірге Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры. Оның ішінде біздің театрдың әртістері сахналаған «Жалғыздық» қойылымы «Ең үздік спектакль» аталымын иеленді, – дейді Нұргүл Құмарқызы.
Атырау облысы