Аймақтар • 06 Шілде, 2021

Ұлытау ауданындағы өрттің шығуына найзағай себепші болған

650 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Жангелді, Ақтас, Амангелді ауылдық округтері бойынша дала табиғи өрттерінің болуына байланысты төтенше жағдай режімі жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлытау ауданындағы өрттің шығуына найзағай себепші болған

Өртті сөндіру бойынша операцияны басқару облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаровқа тапсырылды.

«Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Ұлытау ауданына ұшып келдік. Өрт ошақтарын қарап шықтық. Өрттің пайда болу себептерінің бірі – құрғақ найзағай», деп мәлімдеді ол.

Соңғы жеткен мәліметтерге сай, өрт ошақтары төтенше жағдай департаментінің бақылауында. Қазіргі уақытта малы өлген немесе жайылымдары өртеніп кеткен фермерлерге келген залалды бағалау жөнінде комиссия құрылған.

Жалпы, Ұлытау ауданында бір мезетте 12 от ошағы тіркелген болатын. Шеңбер және Амангелді ауылдарының аумағында өрт іс жүзінде сөндірілді. Ал Байқоңыр ауылындағы жағдай қиындау болып тұр.

 Қазіргі уақытта Ұлытау ауданындағы үш ауылдық округтегі дала өрттерін жоюға 266 адам және 42 бірлік техника жұмылдырылды. Бұдан бөлек, Қарағандыдан көмекке 42 адам және 4 бірлік техника көмекке келді. Жанар-жағармай Жезқазған мен Сәтбаев қалаларынан қамтамасыз етілген.

Қарағанды облысы ТЖ департаментінің бастығы полковник Мұрат Қатпанов өртті сөндіруге жергілікті атқарушы органдардан, ерікті өрт сөндіру құрамаларынан, сондай-ақ ТЖ департаментінен техника және адам күштерінің жұмылдырылғанын мәлім етті.

«Қазіргі уақытта Пионер ауылына қауіп төніп тұрған жоқ. Елді мекеннен 3-5 шақырым қашықтықта жану ошақтары болды. Олар инженерлік техниканың көмегімен ауыздықталды және жойылды. Ең күрделі учаскелер – қыстауларға, фермерлік шаруашылықтарға оттың жақындауы жедел түрде оқшауландырылды және жойылды», деп хабарлады М.Қатпанов.

Дегенмен, жұмыс әлі де жалғасып жатқан жеке аумақтар бар. Оқиға орындарына қосымша ТЖД қызметкерлерінің келуі күтілуде. Олар ең қиын жерлерге қойылады.

Жергілікті атқарушы органдар өрт сөндіруді ұйымдастыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Жалпы жағдай бақылауда екенін айта кеткен ләзім.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

Қарағанды облысы