Әлем • 07 Шілде, 2021

Қауіпсіздік жолы – гендерлік теңдік

747 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында өткен «Саяси көшбасшы әйелдер» саммитінде НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг әлемде қауіпсіздік орнатудың бірден-бір жолы бірлік пен теңдік деген пікір айтты. «Гендерлік теңдік – осы жолдағы дұрыс қана емес, ақылды шешім», деді ол.

Қауіпсіздік жолы – гендерлік теңдік

Жаңа нормаларды қалыптастыруды міндет еткен саяси көшбасшы әйелдер саммитіне бірқатар халықаралық ұйым басшылары, саясаткер әйелдер шақырылған. Онлайн іс-шарада теңдік мәселесі талқыланып, ұсыныстар айтылды. Сарапшылар НАТО сияқты әскери ұйымның да гендерлік теңдік мәселесіне назар салуын ерекше атап өтуде.

Осы ретте халықаралық ұйым басшысы қорғаныс пен қауіпсіздік саласына әйелдерді көптеп тарту жолға қойылғанын хабарлады. «2018 жылдан бас­тап бейбітшілік, қауіпсіздік мәселелеріне әйелдердің араласуы талап етілуде. Бұл НАТО-ның жоғары стандарттарының біріне айналды», деді Йенс Столтенберг.    

Бұл мәлімдемеден кейін бірқатар ел гендерлік теңдік мәселесін қайта қарауға кірісті. Мәселен, Польша Қорғаныс министрлігі «Польшаның келешектегі қауіпсіздігі – әйелдердің қолында» деген мәлімдеме жасады. Былтыр әскер қатарындағы әйелдер саны едәуір артып, үлесі 16 пайызға жетіпті. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 5 пайыз ғана болатын.

Гендерлік теңдік мәселесі – Қазақ­стан­ның да күн тәртібіндегі маңызды мәселе­лердің бірі. Парламентте әйелдер контин­гентін арттыру қолға алынғаны бұған айқын дәлел. Елордада болған Astana Finance Days форумында да қауіпсіздік пен әйелдер байланысы тақырыбы қозғалды. Оның аясында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері бойынша күн тәртібін ілгерілету, сондай-ақ әйелдердің қоғамдық өмірге тиімді қатысуы мен шешім қабылдауы тақырыбында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» (Women, Peace and Security) сессиясы өтті.

Іс-шарада сөз алған Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Жанар Айтжанова: «БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрін жою туралы конвенциясына (CEDAW) қосыла отырып, Қазақстан әйелдер құқығын құрметтеуге және қорғауға өзінің міндеттілігін растады. 2019 жылы біз CEDAW іске асырылуының бесін­ші мерзімді есебін ұсындық. Комитеттің гендерлік кемсітушілікке, тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа және тең мүмкін­дік­терді қамтамасыз етуге қатысты ұсыныс­тары тиісті түрде атап өтілді және ұлттық іске асыру жоспарларында көрініс тапты. Менің ойымша, бұл – жұмыс өте өзекті, өйткені біз пандемиямен күресіп жатқан кезде  әйелдер ең қатты зардап шегеді», деді.

Қазақстан қауіпсіздік мәселесімен шектелмей, экономика мен кәсіпкерліктегі әйелдер үлесін арттыру үшін де нақты қадамдар жасады. Атап айтар болсақ, өткен сенбіде Орталық Азияда алғаш болып жаһандық бастамаға қосылды. Astana Finance Days аясында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту форумы өтті. Ол Дүниежүзілік экономи­калық форумның (ДЭФ) акселераторына арналған «Closing the Gender Gap» сессия­сымен ерекшеленді.

«Closing the Gender Gap» акселераторы әйелдердің жетекші лауазымдарға көтерілуіне мүмкіндіктер жасауға және тез дамып келе жатқан секторларға қай­та жұмысқа орналасу мақсатында оқы­ту арқылы жұмыс күшінің қатысуын арттыруға бағытталған. Ынтымақтастық моделі болашақ ұрпақтар үшін гендерлік тең­дікті жеделдету мақсатында мемле­кет­тік және жеке сектор басшыларын бірік­тіреді. Қазақстан – Орталық Азия елде­рінің арасында акселераторға қосылған ең алғашқы мемлекет.

Дүниежүзілік экономикалық форум­ның басқарушы директоры Саадия Захиди бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. «Біз Қазақстандағы акселераторды іске қосу арқылы экономикалық саладағы гендерлік алшақтықты жою жолындағы серіктестігімізді асыға күтеміз», деді ДЭФ басшысы.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­­сат жөніндегі ұлттық комиссияның төра­йымы Ләззат Рамазанова: «Біздің ген­дер­лік теңдікке қол жеткізу және әйелдер­дің мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі көзқа­ра­сымыз «Closing the Gender Gap» аксе­ле­раторының мақсаттарына толық сәйкес келеді. Мен жеке сектордағы ком­­пания­лар­ды осындай жаһандық бас­тамаға қаты­суға, осы мәселені жақ­сарту бойынша өз пікірлерін бөлісуге, сон­дай-ақ Қазақстанда және бүкіл әлемде ген­дерлік теңдікке қол жеткізуге үлес қосуға шақырамын», деді.

Іс-шараға арнайы шақырылған Мысыр Араб Республикасының Халықаралық ынтымақтастық министрі Рания А.Аль-Машат та гендерлік теңдіктің бүгінгі қоғамда қаншалықты маңызды екеніне тоқталып өтті.

«Мысырдың да «Closing the Gender Gap» акселераторына қосылуы Мысыр үкіметінің гендерлік күн тәртібін іске асыруға және мысырлық әйелдерге мүм­кін­діктерін кеңейту үшін қажетті саясат пен құрылымдық реформаларды жүргі­зуге деген саяси ерік-жігері мен эконо­ми­калық міндеттемелерін көрсетеді. Әйел­дердің экономикаға қатысуы макро­деңгейде шешуші мәнге ие болды. Халық­аралық Валюта қорының бағалауы бо­йынша, әйелдердің Мысыр экономикасына тең интеграциясы оның ІЖӨ-не тікелей әсер етіп, оны шамамен 34 пайызға арттырады», деді шетелдік министр.

Еліміздегі статистикаға назар салсақ, Қазақстандағы корпоративтік сектордың қазіргі құрылымындағы компанияларда әйелдердің шамамен 26%-ы топ-менеджер қызметін атқарады екен. Сонымен бірге шағын және орта бизнес саласындағы барлық компаниялардың 60%-дан астамын әйелдер басқарады. Бұл – басқа дамушы елдермен салыстырғанда жоғары көр­сеткіш болып отыр.