Аймақтар • 08 Шілде, 2021

Алматы облысында мал азығын дайындайтын зауыт ашылды

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында етті және сүтті бағыттағы ірі қараға, құс пен балыққа арналған 10 түрлі жем дайындайтын зауыт пайдалануға берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында мал азығын дайындайтын зауыт ашылды

Талғар ауданында орналасқан «Байсерке-Агро» ЖШС жанынан ашылған жаңа кәсіпорын жылына 36,5 мың тонналық қуаттылыққа ие. Жобалық құны - 1,4 миллиард теңге. Зауытта 15 жұмыс орны ашылған. Нысанның іске қосылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов, «Байсерке-Агро» агрохолдингінің президенті Темірхан Досмұхамбетов, өңірге жұмыс сапарымен келген бір топ сенаторлар, ғалымдар мен аграрлық сала мамандары қатысты.

Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ермек Толқыновтың айтуынша, ауданда бұған дейін мұндай ірі зауыт болған жоқ. Малдың жемі тек көрші аудандардан жеткізілетін. Енді қызметін енді бастаған  зауыт «Байсерке-Агро» агрохолдингке арнап мол жем қорын қалыптастырып қана қоймай, ауданның, тіпті облыстың аумағындағы малмен айналысатын шаруашылықтар үшін зор пайда әкелмек.

«Мал басын азайтпау тәсілінің бірі – оған қажетті жем қорын қалыптастыру. Сондықтан мал азығын дайындайтын жаңа зауыттың ашылуы өңірдің ауыл шаруашылығы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Технологияны сақтау, ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеу өте маңызды. Сонда біз мал басы санын өсіріп қана қоймай, су және басқа да табиғи байлықтардың жетіспеушілігін сезінбестен мол өнім ала аламыз. Ол үшін бізге ең алдымен ғылыми көзқарас, жоғары білікті мамандар, ауыл шаруашылығы дақылдарының заманауи сапалы сорттары, өнімділігі жоғары мал тұқымы қажет. Біздің болашағымыз – аграрлық салада, сондықтан осы саланы дамыту - аса жауапты да қажетті шара», деді сенатор Ақылбек Күрішбаев жетісулықтарды маңызды кәсіпорынның ашылуымен құттықтаған сөзінде.