Елорда • 08 Шілде, 2021

Ел бірлігінің ұйытқысы

678 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

«Еділдің бойына ел қондырсам» деп кеткен баһадүр Махамбеттің арманы Есілдің бойында орындалған секілді. Ел қонды, елорда бой көтерді. Жұртымыздың жұмыр жүрегі, бүтін бір мемлекеттің астанасы – бүгінде Қазақстан деп аталатын қарашаңырақтың алтын қазығы, Азаттықтың айнасы, еркіндіктің еңселі нышаны іспетті. Осында этномәдени орталықтар келісімнің керегесін керіп, дінаралық татулық бейбітшіліктің талбесігін тербетіп тұр.

Ел бірлігінің ұйытқысы

180 жыл бұрынғы сәуегейлік

Жылдар жылжыған сайын алты құрлыққа айбынымызды асырып, Сарыарқаның салқар төсінде ел жүрегіне айналғанелорда күнін мерекелеп келеміз. Елордамыздың болғаны – егемен ел болғанымыздың белгілісі. Ата-бабасы аңсаған азаттыққа қолы жетіп, астанасы асқақтаған Алаш баласында одан асқан арман жоқ. Астанасы былай тұрсын, өз тілі, өзмәдениеті, өз әдебиеті жоқ елдер қаншама? Тәубе, Тәңірі бізді бұл қасіреттен аулақ салды. Есілдің бойына ел қонды, іргеміз бекіді, айрандай ұйыған татулығымыз ту көтерді. 

Алайда бүгініміз нұрлы екен деп өткенді ұмытуға, бірлік пен келісімнің түпқазығын жоғалтып алуға болмайды. Кемел келешекке ұмтылу үшін де санада сабақтастық болуы тиіс. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек». Ел төрінде еңсе тіктеген татулықтың тамырын тап басып көрдік пе осы? ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдары өзге ұлттың шаруаларын қазақ даласына қоныс аударудан басталған күштеп көшіру, жер аудару әрекеттері ХХ ғасырдың 70-80-ші жылдарына дейін жалғасқанын жақсы білеміз. Бір ғана саяси қуғын-сүргіннің кезінде өзге этностардың 1200000 өкілі қазақ даласын екінші Отаным деп таныды. Тың және тыңайған жерлерді игеру, зауыт салу сынды науқандар кезінде қаншама адам көшіп келді десеңізші.

Сол көшіп келгендердің арасында мәдениет және өнер, медицина, тех­ника, ғылым және білім, спорт және басқа салалардың кәсіби маман­дары, тұғырлы тұлғалары болды. Ән мен күйімізді нотаға түсірген, жыр-тер­мемізді, дастандарымызды қария­лардың өз аузынан жазып алған зерт­теушілер де солардың арасынан шықты. Мұның барлығын Нұр-Сұлтанның бү­гінгі келбетімен бекерден-бекер са­бақ­тастырып отырғанымыз жоқ. Мә­се­лен, жер аударылып келгеніне қара­мастан, елорда тарихымен тамыры жал­ғасқан сондай зерттеушінің бірі Адольф Янушкевич еді. Бұл поляк жа­зу­шысы бәйтерек бейнелі қаланың қазығы қағылар орынды осыдан бір жарым ғасырдан астам уақыт бұрын сәуегейлікпен дәлме-дәл айтқан адам екенін біреу білсе, біреу білмейді.

ХІХ ғасырдың алпысыншы жылда­рындағы қоныс аудару былай тұрсын, патша үкіметі жер аударған поляк көтерілісшілері Қазақстан аумағы­на алғаш рет XVIII ғасырда табан тіре­ген болатын. Солардың арасында А.Януш­кевич те бар еді. Ақсүйек ата­ғы­­нан айырылып, 25 жылға Сібірге жер аударылған жазушы айдаудың ал­ғашқы 12 жылын Сібірде өткізсе, 1832-1844 жылдар аралығында Тобыл, Омбы, Ақмола өңірінде болды. Кейін Омбыдағы шекара басқармасына ауысуға рұқсат алып, қазақ даласына жиі сапарға шығатын экспедиция құрамына енгізіледі. Сапар барысында көрген-білгендерін күнделігіне жазып, Польшада тұратын жақындарына хат арқылы жолдап отырған екен.

1841 жылы 31 мамырда ағасына жазған сондай хаттарының бірінде А.Янушкевич «… Аягөз – Орта жүздің осыдан 15 жыл бұрын құрылған жеті айма­ғының бірінің астанасы. Бұрын­дары аймақ астанасымен аттас өзеннің 35 шақырым төменгі тұсында тұр­ған. Әскери гарнизон мен әкімшілікке арналған қазыналық ғимараттардан бөлек, мұнда теректен салынған ондаған үй бар. Болжауымша, бұл өңір жаңа елді мекендер көптеп пайда болатын сайын даланың ат шалдырар құтты қонысы болмақ. Мысалы, Ақмола – бүкіл дала­ның болашақ астанасы. Ақтау, Атбасар, Көкпекті, Құсмұрын – менің көз алдымда пайда болған мекендер» деп жазады.

Ойпырмай, мұндай да сәуегейлік болады екен-ау! Ақмоланың болашақта ел астанасы боларын 180 жыл бұрын айтып отыр. Я, болжап, я, тұспалдап та жатпайды. «Ақмола – бүкіл даланың болашақ астанасы» деп кесіп тұрып айтады. Құдды бір, Алла өзі құлағына сыбырлағандай. Кім білсін, Қазақ елінің Азаттық аларын, астанасы бой түзеп, асқарларға қол созарын Құдайдың өзі поляк жазушысының аузына салып берген де шығар. Ол бізге белгісіз. Бел­гілісі – қазақтың жанын, қазақтың мұң-зарын, өнері мен киесін, тарихы мен тағдырын бір кісідей түсінген А.Янушкевичтің Алаш жұртына деген шынайы адами сүйіспеншілігі ғана. Мұны А.Янушкевичтің өзі де жасырмайды. «…Сірә, мен бірте-бір­­­те қазаққа айналып бара жатқан сы­ңайлымын. Киіз үйдің өзі мен үшін туған үйімдей болып барады», дейді поляк азаматы ендігі бір сөзінде. Сірә, өзге ұлт өкілдерінің қазақ даласына, елордамыздың қазіргі аумағына деген риясыз сүйіспеншілігі өткен 90-жылдарда емес, сонау XVIII ғасырда басталып кеткен секілді. Этносаралық татулық та сол кезеңде қалыптаса бас­тағаны анық.

«Қараөткел – Алаштың ортасы»

Есілдің бойы ел астанасына айна­ла­рына кәміл сенген, соны арман-мұ­рат көрген жалғыз поляк жазушысы еді десек, қателескен болар едік. Мә­се­лен, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Григорий Николаевич Потанин» ат­ты мақаласында «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қа­зақ­тың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көр­пеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қа­зақ­тың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», деп келешекке керемет үміт артады. «Қараөткел – Алаштың ортасы» екенін айна-қатесіз айтып, халқы­мыз­дың жарқын болашағы, әлем­ге таны­малдылығы осы өлкеде өркен жаярына бек сенеді. Өкініштісі сол, Алаш арысы бүгінгі ұрпаққа бұйырған бақытты көзбен көріп, жүрекпен сезіне алған жоқ. Ол үшін Астана – арман, бостандық – атпай-ақ қойған бозала таң қал­пында қала берді. Арманда кетті асыл ер.

Есесіне, егемен елдің астанасын айқын­дау бақыты Елбасы Нұрсұл­тан Назар­баевтың маңдайына жазылды. «Жаңа астанаға көшу және оны салу ту­ралы ой менде ертеректе, сонау алыс­тағы – 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шы­­­ғар­мадым, өйткені Қазақстанның эко­номикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», дей келе Тұңғыш Президент: «1992 жылы, Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін мен Ақмолаға кел­дім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қа­ра­дым. Маған қаланың ортасында өзен ағып жатқан болса, қашанда сол ұнай­тын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сыр­дарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орна­ласқан», деп өз ойын түйіндейді.

Тарихи шешім осылай қабылданған болатын. Дегенмен, елорданы тек мем­лекеттің саяси, экономикалық орталығы ғана десек, қателескен болар едік. Се­бебі бүгінгі Нұр-Сұлтан ең әуелі түрлі этнос­тарды бір шаңырақ астына топ­тастырған бірліктің бесігі, келісімнің керемет үлгісі іспетті. Бұл шаһар үшін татулық пен ынтымақ қашан да қастерлі ұғым. Бірлігі мен берекесі жарасқан бас қаланың алар асуы, бағындырар белесі бар. Алаш топырағында түр­лі тарихи себептерге байланысты бас қосқан көптеген диаспоралар бү­гінде діні мен діліне, түрі мен түсіне қа­ра­мастан, ор­тақ Отанымыздың шы­найы патриот­тарына айналды. Нұр-Сұл­танда дү­ние­­ жүзінің түрлі кон­фес­сияларының көшбасшылары бас қо­сып, жаһандық маңызы бар мәселе­лердің түйінін тарқатады. Шаһардың араздасқанды табыстырып, бір-бірі­не қабақ шытқандардың жүзі­не жылы­лық ұялататын, ортақ шешім тауып, ке­лі­сімге келуге жетелейтін мә­мілегерлік қыры да әлемге мәшһүр.

Иә, елорда төрінде тұрғындардың этностық немесе діни көзқарасына қарамастан, ынтымақтастық, мейірім­ділік пен қайырымдылық сияқты шынайы адами құндылықтар салтанат құрып келеді. Сондықтан көпэтносты және
көпконфессиялы қаламыздың балталаса бұтарланбайтын бірлігінің арқасында Нұр-Сұлтан татулық пен ынтымақтың алып тұғырына айналды. Мұндағы басты қағидат – тұрғындардың татулығы, адамдардың бірлігі. Оны сақтап, одан әрі нығайта түсу – әр тұр­ғынның, әр отандасымыздың, әр мей­манның қастерлі парызы.

Бүгінде бірлік пен келісімнің алтын ұясына айналған аяулы шаһардың ажарын, мәні мен маңызын жаһан жұрты жақсы біледі. «Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Осынау ширек ғасырға жетер-жетпес уақытта елорда ауызбіршілігі жарасқан, алауыздықтан ада алып шаһар болып шыға келді. Бір кездері ата-бабасы күштеп қоныс­тандырылған этностардың бүгінгі ұр­пағы Қазақстанды қарашаңырағы, өз Отаны деп біледі.

Ырыс алды – ынтымақ

Әрине, ынтымағы жарасқан елдің де, елорданың да бүгінгі ауызбіршілігін Қазақстан халқы Ассамблеясынсыз көзге елестету мүмкін емес. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы кон­суль­тативті-кеңесші орган осы күні бір­ліктің бірегей институтына айналды. Алматыда ірге қалап, Алатаудың бөктерінде дәнегі егілген Қазақстан халқы Ассамблеясы шын мәнінде Есіл­дің бойында бүр жарды.

Елбасы Қазақстан халқы Ассам­блеясын құру идеясын тұңғыш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің алғашқы жы­лына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұн­дай институтты құру қажеттілігі сая­си тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құ­рылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликон­фес­сиялы мемлекеттің тұрақты дамуы тұр­ғысынан туындаған болатын. Аталған бас­тама мәдениетаралық диалогты ны­ғайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде ше­шуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжі­рибедегі тың бағытқа айналды.

Осынау ширек ғасырдан астам уақыт аралығында Қазақстан халқы Ас­сам­­блеясы қарқынды дамып, елеу­лі өзге­ рістерді бастан кешірді. Елба­сы­ның ерен еңбегінің арқасында этнос­ара­лық толеранттылық және қо­ғам­дық келісімнің қазақстандық үлгісі қа­лып­тасты. Қазақстан халқы Ассам­блея­сы­ның институттық құрылымы ны­ға­йып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты.

«Ширек ғасырда Ассамблея кон­сультативтік-кеңесші органнан парла­ментте өкілдігі бар жалпыұлттық инс­титутқа айналды. Ол азаматтық қоғамға тән әмбебап құрылымның озық үлгісін көрсете білді. Достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына маңызды үлес қосты», дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев. Тұңғыш Президентіміз атап өткен осынау «әмбебап құрылымның озық үлгісіне» бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ын­­ты­мақтастық ұйымы сияқты іргелі ұйым­­­дар үнемі жоғары баға беріп ке­леді. Еліміздің ұлтаралық қатынастар мо­­де­ліне және ұлт бірлігін нығайтуға ба­ғыт­­талған күш-жігерімізге дүние жүзі таңыр­қай қарайды.

«Біз бірлік пен келісімнің қазақ­стандық моделінің интеграциялық әле­уетін тиімді әрі белсенді түрде жү­зе­ге асыруымыз керек. Қазақстанның этнос­тық және мәдени әралуандығын бәсе­келік артықшылыққа және елді дамы­тудың, тәуелсіздікті нығайтудың тиім­ді тетігіне айналдыру жұмысын жал­ғастыру қажет. Татулық, келісім мен бір­лік мемлекеттік саясаттың не­гізгі бағы­ты болып қала береді. Бұл – этнос­ара­лық қатынастар саласындағы мыз­ғымас ұстаным және ол өзгермейді», дейді Елбасы.

Елбасы Қазақстан халқы Ассамблея­сының ел аумағындағы ғана емес, ел­орда төріндегі қызметін де үнемі назар­да ұстап келеді. Мәселен, өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төр­ағалығымен онлайн режімде Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтіп, елордалық ассамблеяны дамыту бағдарламасы қабылданған еді. Сол жиын туралы Қазақстан халқы Нұр-Сұлтан қалалық ассамблеясының төрағасы, елорда әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желіде «Елбасының тапсырмасына сәйкес 22 этномәдени бір­лестіктің басын қосқан елордалық ассамблеяны дамыту бағдарламасын қабылдадық. 47 шығармашылық ұжым жұмыс істеп келеді. Соның бесеуі өткен жылы «халықтық» мәртебесін алды. Әлемде болып жатқан оқиғалар мен пандемияға қарамастан, ассамблея мүшелерінің белсенді жұмысы мен қолдауы оң әсер беруде. ҚХА мүшелері қайырымдылыққа белсенді қатысады. Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Біз біргеміз!» акциясы аясында 50 млн теңгеден астам сомаға көмек көрсетілді», деп жазды А.Көлгінов.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қала­сындағы Достық үйінде ҚХА ерік­­ті­лер қозғалысы орталығы бар. Осы орта­­лықтың мүшелері қала тұр­ғын­да­­рына тұрақты түрде көмек көр­сетіп ке­­леді. Қарттардың шаруашылық жұ­мы­сына қолұшын созып, азық-тү­лік жеткізеді. Ал пандемия мен ка­ран­­­тин кезінде қорғаныс құралдары мен мас­ка тасымалдаған екен. Қо­ғам­дық орын­дарда маска таратып, тұр­­ғын­дарға санитария нормаларын сақ­тау­дың қажеттілігі мен маңызы тура­лы түсін­діру жұмыстарын да осы орта­лықтың мүшелері атқарды. Тіпті гума­ни­тарлық жүк тасымалдау кезінде де елі­міздің өңірлеріне көмек көрсеткен екен.

Сонымен қатар елордадағы Достық үйі этномәдени бірлестіктерді дамыту үшін көпфункциялы ресурстық ор­талыққа айналды. Базада «Жыр орта­лығы», «Парасат» қайырымдылық қыз­­­метін үйлестіру орталықтары, «Ана­лар аманаты» қолөнер шығармашы­лығы орталығы, жастарға арнал­ған коворкинг-орталық жұмыс іс­теи­̆ді. Сон­дай-ақ мемлекеттік тілді, мә­де­­ниет­­ті, дәстүрді үйренуге жағдай жа­сау­­ға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде ҚХА жанында 12 этнолингвистикалық мектеп жұмыс істейді. Онда 600-ден астам оқушы оқиды. Ортақ құн­ды­лық­­тарымызды ілгерілету жөніндегі бел­сенді жұмысы арқылы қалалық ассамблея мүшелері күн сайын халық бір­лігін көрсетіп келеді. 

Діні бөлек, тілегі бір

Жаһанда ынтымақтың ұйытқысы, береке мен бірліктің шалқар шаңырағы саналатын Нұр-Сұлтан қаласы көпэтнос­ты ғана емес, көпконфессиялы елорда екенін ақиқат. Соның жарқын дәлелі ретінде 2001 жылы сол кездегі Рим папасы ІІ Иоанн Павелдің мемлекеттік пасторлық сапары аясында Нұр-Сұлтан қаласына келуі мен 2003 жылдан бе­рі елордада ұйымдастырылып келе жат­қан Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съезін айтуға болады. Мұндай басқосулар бір шаңы­рақ астына ислам, христиан, буддизм, ­иудаизм, синтоизм, даосизм, индуизм секілді бірқатар діндер мен әртүрлі ха­лық­аралық ұйымдардың басшыларын біріктіреді.

«Дін – қоғамдық сана негіздерінің бірі, адамзат баласының ажырамас бөлігі. Сол себепті, дінге деген ықы­лас, осы саладағы қызметке деген қызы­ғу­шылық әрқашан жоғары. Біздің қазір­гі міндеттеріміздің бірі осы саладағы заң нормаларының бұзылмауын, дәстүр­лі емес діни ағымдарға адамдар­дың кіріп кетпеуін қадағалап, мониторинг жүргізу. Елордамызда Дін істері жө­ніндегі басқармаға қарасты Діндерді зерттеу орталығы жұмыс істейді. Орта­лықтың қызметі елордадағы дін мәсе­лелерін, діни бірлестіктер қызметін, діни білім беруді, діни ахуалды зерделеуге бағытталған. Сонымен қатар орталық тарапынан жоспарлы оқыту семинарлары, жастар мен әйелдер ауди­ториясына қатысты мақсатты жұ­мыстар, интернеттегі діни ахуал мо­ниторингі, елордалық тұрғындардың әр­түрлі санатымен ақпараттық-түсіндіру кездесулері өткізіледі», дейді Нұр-Сұл­тан қаласының Дін істері жөніндегі бас­қар­масының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері елордада 20 мыңнан астам адамға ақпа­раттық-түсіндіру жұмыстары жүр­гізі­ліпті. «Әртүрлі аудиториямен жұмыс жүр­гізудің өзіндік ерекшеліктері мен қиын­дықтары болады. Апта сайын әр­түрлі тақырыптарға тікелей эфирлер жасай­мыз, ұлттық құндылықтарымызды дәріп­теп, жастардың рухани дамуына үле­сімізді қосу – басты мақсатымыз. Жұ­мыс барысын жетілдіру үшін жыл ба­сында үздік деген мамандар қайта ірік­теліп, ақпараттық түсіндіру тобын жа­ңарт­тық. Бұл да қоғамның діни сауат­тылығын арттыру үшін жасалуда», деді Н.Әлмұханов.

Елорда ең алдымен – арман қуған жас­тардың шаһары. Сондақтын Нұр-Сұлтанда жас аудиторияның пайымы на, көзқарасына, дүниетанымына, әсі­ресе, діни көзқарасына көп көңіл бө­лі­неді. Себебі дін – алауыздықтың емес, ауыз­біршіліктің қайнар көзі болуы тиіс. Бұл ретте, басқарма басшысы атап өткен Діндерді зерттеу орталығы өткен жылы қаладағы жастардың діни көз­­қарастарын зерделеп, кешенді зерт­теу жұмы­сын жүргізген болатын. Зерт­теу нәтижесі жастардың дінге деген көз­қа­расы анағұрлым адал әрі діншілдік дең­гейі біртіндеп артып келе жатқанын айқындап отыр.

Респонденттердің ба­сым көпшілігі мемлекеттің дін мәсе­ле­сіне қатысты ұстанған саясатына оң баға берген. Соған қарап, қала тұр­ғын­­дарының дінаралық келісімі мен өзге дін өкілдеріне деген толерантты көз­­қарасы қоғамдағы ынтымақ пен бір­лікті сақтаудың қозғаушы күші екенін аңға­руға болады. Ел жүрегі – елордадан бас­тау алатын жарқын болашақтын кепілі де осы – сауатты жастар, саналы ұрпақ.