Қоғам • 09 Шілде, 2021

Майкөбе мен Шөптікөл елді мекендеріндегі тиімсіз жоба

693 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Павлодар өңірінің Баянауыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, былтыр Майкөбе ауылындағы су құбыры құрылысын теміртаулық «Дәнекер» ЖШС жүргізе бастаған. Ал Шөптікөл ауылына құны 1 млрд теңгеге жуық­тайтын жоба жасалып, дайындалған. Облыс әкімдігі Майкөбедегі су құбыры жұмысын аяқтауды, ал Шөптікөлдегі қымбат жобаны қайта зерттеуді тапсырды.

Майкөбе мен Шөптікөл елді мекендеріндегі тиімсіз жоба

Жалпы, Баянауылдың Май­көбе мен Шөптікөл ауылдары жылдар бойы суды тасымал­дап жеткізу бойынша пайдаланып келеді. Бұл мәселе жақында облыстық әкімдіктегі жиын барысында да айтылды. Майкөбе ауылындағы су құбыры құрылысын мердігер «Дәнекер» ЖШС кешіктіріп отыр. Ал Шөптікөл ауылында су алатын ұңғыма ауылдан алыс, сон­дықтан орталық сумен жабдық­тау жобасы өте қымбатқа түседі.

– Суды сырттан жеткізу – өт­кен заман­ның сарқыншағы, – деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқа­­қов. – Бұл ауыл­дардың су мәсе­лесін шұғыл түрде ше­шуіміз керек.

Қазір Майкөбе мен Шөптікөл аталатын бұл екі ауыл Майқайың кентіне қарайды. Кенттің бұдан басқа Үшқұлын, Сұлужондеген ауылдары да бар. Бұрын халқы көп болғанда әрқайсысы жеке-жеке ауыл болған-ды. Кентте ауылдарымен қосқанда барлығы 9 686 тұрғын тұрады, аула саны – 2 486. Кенттің өзінде 8 971 тұрғын болса, ауылдарда, мысалы, Үшқұлында – 20 аула (324 адам), Сұлужонда – 49 (194 адам), Майкөбеде – 66 аула (186 адам), Шөптікөлде 42 аула (156 адам) бар. Ауылдықтар су қашан келеді, жол қашан жөнделеді деп зарыға күтумен жүргенде жылдар өтті. Жылдар бойы жалғасқан сарқыншақ мәселенің шұғыл түрде шешілуі де мүмкін емес болар. Үміт үзіп, амалсыздан жақсы жер іздеп көшкені көшіп кетті, көшпегендері су да келер, жол да жөнделер деген күту­мен ауылда қалды. Халық саны азайды. Баянауылдағы жолсапардан келе жатып Майкөбе мен Шөптікөл ауыл­дарына да жолай бұрыла кеткен едік. Үйлері әбден тозып кетіпті. Бір қарағанда-ақ ауылға жаның ашиды. Шөптікөлдің қасындағы көмір кеніші жабылған, бірақ кен қазған орындар сол күйі ашық қалып, іші суға толып кеткен секілді. Ауылдар үшін бұл да бір экологиялық мәселе. Өйткені екі ауылдың қасында «Майкөбен-Вест» АҚ көмір мен Кереге­тас кеніштері орналасқан. Жылдар бойы кеніш­тен ұшқан күлді жұтып, далаға шыға алмай қиындық көріп келді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген мәселеде су мен жолдың шарапатына да көңіл аударса дейсің.

2012 жылдары облыстық мәслихат­тың Экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы болатын-ды. Қазір де депутаттар иесіз қалған Шөптікөл кенішінде пай­да болатын эндогендік өрттер жө­нінде мәселе қоюы керек. Бұл өрттер ай­мақ экологиясына, сондай-ақ халық ден­­саулығына үлкен зиян келтіреді. Жер­гілікті деңгейде экологиялық апатқа жол бермеу үшін қазір кен қазбайтын Шөп­тікөл кенішінің бұрынғы иесін табу да аса қажет.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаты­суымен жыл сайын өткен Шетел­дік инвесторлар кеңесінде кәсіпкерлер алып-сатумен емес, кен орындарын дамытумен және қаржы­лан­дырумен айналысуы тиістігін айтқанын ұмытпайық.

Сол жылдары кеніштің қарауындағы №14 скважинаны аудандық әкімдік кеніш­пен бірлесіп, ауылға тартылатын су құбы­рының жобалау құжаттарын жасау­ы қажет болған-ды. Бұл мақ­сат үшін «Майкөбен-Вест» ЖШС №14 скважинаның су қорын зерттеу­ге 12 млн теңге бөлу, содан басқа жоба­лау-сме­талық құжаттаманы әзірлеу жұмыс­тарын қаржыландыруды жоспарлайды деп уәде берген-ді. Ал басқарма басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуын­ша, Шөптікөл ауылында 42 үйде 150 адам тұрады. Су құбырын тарту жобасының құны 1 млрд теңгеге жуық, шағын ауыл­ға осыншама қаржы бөлу тиімсіз бол­ғандықтан, блок-модуль орнату қа­жет немесе су көзін жақын жерден із­деу қарастырылуда. Қандай жоба бол­сын алдымен елеп-екшеуден, зерт­теуден, тексеруден, қоғамдық тың­даудан өткізіп барып жасалатыны бел­гілі. Біздіңше, Шөптікөл ауылына су құбы­рын тартудың тиімсіз болатын тағы бір себебі, ауылдағы үйлер әбден тозған, ер­тең әр үйге су құбырын өткізгенде ескі үйлердің қабырғасы құлап кетуі де мүм­кін. Сондықтан мемлекет қаржысын үнем­деу үшін тиімсіз екені онсыз да бел­гілі жобаны қайта зерттеудің де қажеті жоқ сияқты.

Енді келесі мәселеге келетін болсақ, Май­көбе ауылына су тарту өткен жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ мердігер компания – «Дәнекер» ЖШС аудандағы 4 ауылға су құбыры жобасын бірде жал­ғастырып, бірде тоқтатып, әлі іске қос­қан жоқ. Қазір көпшілік мердігер ком­­паниялар жобалардың конкурсын жеңіп алып, нәтижесінде жоба аяқ­талмай, дұрыс жүргізілмей қалатыны белгілі. Сол сияқты «Дәнекер» ЖШС-да ауылдарға су жеткізуге «дәнекер» бола алмай отыр. Мердігерлердің соттасуы деген қазір таңсық емес, үй­рен­шікті әдет­ке айналғандай. Естуімізше, компания портал арқылы еліміз бо­йынша 70-ке жуық жобаны жеңіп алған екен. Сондықтан қайсы жобаны жүзеге асырарын білмей жүрген сияқты.

Құрылыс басында көргеніміздей, техни­калық көліктері, жұмысшылары, экскавтор­лары жетіспей қалатыны бай­қалады. Аудан әкім­дігі қазір мердігер ком­­панияны сотқа беріп, сот істі қарауда. Басқарманың мәлі­метінше, 2023 жылға дейін өңірдегі 67 ауылға су құбырларын салу қажет болса, 33 ауылға кешенді блок-модульдер (КБМ) орнату қажет. Қазір ауылдарда 221,8 мың халық тұрады. Әзірге 172 ауыл­ға құбыр арқылы су жетті, 107 ауылда су жергілікті көздерден алынса, тағы 71 ауыл тұрғындары оны КБМ арқылы алуда. Тіпті 13 ауыл су құбырларын орнатудан бас тартып, жергілікті су көздерін қол­дану­ды жөн көрген екен.

Басқарма басшысы Қадылжан Сатиевтің сөзіне сенсек, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жал­пы құны 11 млрд теңге тұратын ауылдарды сумен жабдықтау жөніндегі 35 жоба іске асырылмақ. Қазір 33 жоба бойын­ша құрылыс-монтаждау жұмыс­тары жүр­гізілсе, тағы екі жоба бойынша конкурстық шара­лар өтуде. Жыл соңына дейін 30 жоба аяқта­лады.

Егер 30 ауылға су жететін болса, әрине, қуаныштымыз. Сонымен қатар биыл 324 шағын ауылға КБМ ор­натуға 314,7 млн теңге бөлініпті. Қыруар қаржы бөлініп орнатылған кешенді блок-модульдерді күтіп-ұстау міндеті жергіліктіәкімдіктерге тапсы­рылады. Ал кешенді күтіп-ұстау жауапкершілігі ауыл әкімдігімен бірге тұрғындарға да мін­детті.Өйткені жергілікті сумен жаб­дықтау жүйелерінің субсидиялауға арнал­ған тізімін бекіту құзыреті жер­гілік­ті атқарушы билікке берілді.

Бұрынғы жылдары Баянауыл әкімдігі шөптікөлдіктерге басқа жерге, не аудан орталығына, не көрші ауылдарға кө­шіңдер деп бірнеше рет ұсыныс та жасап көрді. Енді, Майқайың кентіне үй салып, тұр­ғындарды осы жерге көшірсе дейтін де ұсыныс бар. Тиімдісі осы. Өйткені осыдан он жыл бұрын Баян­ауылдың Жапалақ, Қамбаба, Маяжон, Қарашоқы, Ербай, Бәлтен, Ертісбай, Жуан­төбе, Жапа, Қарашат, Қызыләскер, Сарыжал, Жәнібек, Қызылшілік, Сары­өлең, Ақтөбе, Иса, Мерген, Әлке, Аман­тау, Жарқияқ және басқа да бір­неше ауыл­ы есептік деректерден шығып, бола­шағы жоқ ауыл аталды. Сол кезде бір күнде ел отырған, ал бүгінде орны ға­на қалған бұл ауылдардың күйін бас­қа­ла­ры кешпесе екен дедік. Орнында бар оңа лар деп күтті халық. Бірақ жылдар бойы суы жоқ, жолы жоқ ауылда енді әрі қарай өмір сүру де мүмкін емес бо лар.

– Қазір Шөптікөлге жаңадан су таситын машина сатып алу қарастырылуда. Бұған дейін де ауылдықтар 1 аптаға
жететіндей су жинап алатын, жетпей қал­ған жағдайда әкеліп береміз, дейді кент әкімі Ербатыр Молдақұлов.