Экология • 09 Шілде, 2021

Қалдық өңдеуге неге қауқарсызбыз?

1368 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Статистикаға зер салсақ, Қазақстанда 31,72 млрд тоннадан астам қалдық, оның ішінде 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық пен 2,5 млрд тонна көлемінде қауіпті қалдық жинақталған. Бұл сандар алдымызда қоқысты кәдеге жаратудың өткір проблемасы тұрғанынан хабар береді.

Қалдық өңдеуге неге қауқарсызбыз?

Қоқыспен күрес – жалғыз бізді ғана емес, дүниежүзі елдерін тол­ғандырып отырған мәселе. Қоқыстан пайда болатын химиялық қалдықтар ауа мен суды ластап, топырақты тоздырады. Бұл – өсімдіктердің өсуін баяулатып, тағам қауіпсіздігіне, қала берді адам қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін алапат індет.

Табиғат жанашырлары аталған проблеманы мемлекеттік аппарат пен саналы азаматтардың өзара іс-қимылы нәтижесінде ғана тойтара аламыз деп есептейді. Өйткені бұл Үкіметтiң ғана емес, қоршаған ортаның ертеңіне бейжай қарамайтын әр адамның көкейiнде жүруге тиiс мәселе. Десе де енжар қарауға болмайтын экология жайына келгенде табиғатты аялауға арналған жүйе жұдырықтай жұмыр болғаны абзал. Бұл тұрғыда қоқыстың өзін кәдеге жаратып, аталған проблеманы ертерек еңсерген елдердің тәжірибесіне үңілу артық етпес.Себебі қатты қал­дықтар былай тұрсын, борситын тамақ қалдықтарынан биогаз өндіріп отырған мемлекеттер бар.

ТМД елдері жыл сайын қоршаған орта мәселелерін шешуге көбірек күш салуда. Айталық, Арменияда қалдықтарды қайта өңдеумен айна­­лысатын кәсіпорындар туралы ақпарат ұсынылған интернет-плат­форма базасында «Жасыл бас­та­малар» бағдарламасы және қоқысты бөлек жинау контейнерлері ор­натылған орындардың картасы бар. Сондай-ақ жоба аясында балаларға арналған білім беру бағдарламасы қарастырылған, онда оқушыларға пластиктің не екенін, не үшін және қалай сұрыпталатынына дейін айтылады. Әзербайжанда рұқсат етіл­меген жерлер мен полигондарда қоқыс тастауға қатысты қатаң заңдар бекiтiлген, Ресей де қоршаған ортаға жинақталған зиян­ды заттарды жою мақсатында «Та­за ел» жобасын іске қосып, проб­лемамен күресуге бел шеше кі­ріскен.

Бүгiнде Германия қалдықтармен күресте көшбасшы. Немістер 1980 жылдан бері қоқысты бөлек жинай бастады. Ал қазір елде қоқысты сұрыптаудың үйлесімді жүйесі жұ­мыс істейді: пластикалық орамалар, қағаз, картон, тамақ қалдықтары әр үйде түрлі пакеттерге, қаптарға немесе шелектерге тасталады, содан кейін оларды әртүрлі қоқыс контейнерлеріне шығарады. Рұқсат етілмеген жерлерге тасталған қоқыс үшін үлкен айыппұл арқалайсыз.

Сондай-ақ тұрмыстық қалдық­тарды жинау мен кәдеге жаратудың тиімді жүйесі Францияда танымал. Қоқыс төрт түрге сәйкес сұрып­талады және әрқайсысына арнайы контейнер арналған. Жасыл бактарға тек тұрмыстық қалдықтар тасталса, сары жәшікке орауыш материалдар, ал арнаулы ақ жәшікке шыны өнімдерінің қалдықтары ғана салынады. Көк түсті бактарда қағаз бен баспа өнімдері сақталады.

AvfallSverige қалдықтарды бас­қару қауымдастығының мәлі­меттері бойыншаШвеция тұрмыстық қалдықтардың 99%-ын қайта кәдеге жаратады. Қоқыстың 48,6%-ы энергия өндіру үшін жағылатын болса, 50,6%-ы қайта өңделеді. Мұнда қал­дықтардың тек 0,8%-ы ғана кә­деге жарамсыз ретінде полигонда қалады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша 2020 жылы еліміздегі ірі қалалар маңынан 7,5 мың стихиялық қоқыс үйіндісі анықталған. Олардың 1,5 мыңнан астамы 10 күн ішінде жойылған. Осыған байланысты табиғатты қорғау мекемесi жаңа экологиялық кодекс жобасында оның бағыты мен жиналған қоқысты түсі­ру пункттерін қадағалау үшін бүкіл қоқыс шығаратын көлікке GPS-датчиктерді міндетті орнату нормаларын енгізді.

Ел экологиясын бүтіндеуге эко-белсенділер қауымы айтарлықтай үлес қосып жүр. Олар саябақтар мен алаңдарды қорғауды жалғастырып, қоршаған ортаны сақтау үшін барынша күш жұмсауда. Атап айтар болсақ, «Көкжайлау» бірегей тау шатқалын ауыр құрылыстан қорғап, өсімдіктердің 811 түрін, оның ішінде Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген 17 түрін сақтап қалуға табиғат жанашырлары араша болды.

Эко-белсенділердің жұмысы, Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексі, сондай-ақ қоршаған орта және халықты ағарту мәселелерін шешуге бағытталған экологиялық ұйымдар мен жобалардың көбеюi азаматтық жауапкершіліктің арт­қанын көрсетеді. Экологияға ар­налған осындай игі жобалардың бірі ретінде Baurzhan Foundation жеке қоры ұйымдастырған «Қоқыссыз қала» марафонын атауға болады. Осы акция арқылы жыл сайын бір ғана Алматының Бутаков және Алма-Арасан шатқалынан 75 тоннадан астам қоқыс шығарылады.

– Алматы – Қазақстанның ең әдемі қаласы. Бірақ, сонымен қа­тар, ең лас қалалар қатарында. Менің шетелдік таныстарым алма­тылықтардың жолы болғанын айтады, өйткені 20 минут ішінде біз өз сұлулығымызға, ғажайып табиғи жерлерге, Алматы тауларына жете аламыз. Өкінішке қарай, жергілікті туристердің өздері өз тауларын үлкен полигонға айналдырды. Бізде тауларды, өзендерді, саябақтарды, көшелерді тазалау бойынша әртүрлі экологиялық акциялар жиі өткізіледі. Бұл, әрине, жақсы бастама, алайда мұндай акциялар мен сенбіліктер көрер көзге науқаншылдыққа ай­налып кеткендей. Сондықтан «Қо­қыссыз қала» экологиялық жобасы адамдарды қоқысты жинауға тәрбиелеп, сонымен қатар туған қаласының табиғатын сақтау әдетін қалыптастырады деп ойлаймын, дейдi жобаның кураторы Айнұр Сәлімбаева.

Биыл экологиялық белсен­ділердің тағы бір маңызды оқи­ғасы ретінде экологиялық мәде­ниетті арттыруға бағытталған «Көк­жайлау» сыйлығының іске қо­сылуын атай кеткен жөн. Өз қыз­метін табиғатты қорғауға арнап жүрген ұйымдар мен азаматтарды марапаттау арқылы тұтас қоғамға үлгі көрсетуді көздейтін жобаның ауқымы кең. Жоба авторлары «Қоршаған ортаға қамқорлық жасай отырып, біз болашақ ұрпаққа қамқорлық жасайтынымызды ұмыт­пайық!» деген ұранды алға ұс­тап отыр.Бастапқыда дұрыс жи­нал­маған қоқыс қайта өңделетін ши­кізат ретіндегі құндылығын жоя­ды. Күнделікті шығатын тұрмыс қалдықтарын сұрыптап, арнайы қоқыс жәшіктеріне салу, бөтелке секілді қатты заттарды өткізу ар­қылы пайда табу әрі қоршаған ортаны қорғау – азаматтық іс.