Тәуелсіздік – тәтті
ұғым ғана емес, тарихи жауапкершілік
– Қырымбек Елеуұлы, биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында көп дүние жасалды. Бірақ қоғамда әлі күнге дейін «Қазақстанда ұлттық идеология жоқ» деген пікір бар. Расында да, осы бізде ұлттық идеология бар ма?
– Ең әуелі бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Біз қазір социалистік не болмаса монархиялық қоғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Әлдебір идея мен идеологияны халықтың санасына еркінен тыс сіңіріп, аспан мен жердің арасын сол насихатпен толтырып тастайтындай қажеттілік жоқ. Қазіргі Қазақстан – зайырлы, демократиялық мемлекет. Оның үстіне бүгінгідей ғаламтормен бірге цифрлы технология дамыған, жасанды интеллект салтанат құрған, роботтардың өзі адамзаттың игілігіне қызмет етіп жатқан дәуірде халықтың ойын тұмшалап ұстау, өзге пікірлерден өзек алғызбау еш мүмкін емес. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып, жаһанның жаңалығы жанарыңның алдында тұрған мына кезеңде жалаң сөз бен жалған идеологияға ешкімді сендіре алмайсың. Бүгінде біздің мемлекеттің алдында тұрған ел басқару ісі, экономикалық өсім, әлеуметтік даму секілді қадау-қадау мәселелермен қатар, халықты біріктіретін, тұтастыратын құралдың болуы да, әрине, аса маңызды. Мұндай жағдайда не істемек керек? Бұл ретте барша қазақстандыққа ортақ бір ғана құндылық, жалғыз идеология болуы керек деп ойлаймын. Ол – Тәуелсіздік. Өйткені Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, «Тәуелсіздік біздің тілегімізді емес, біз оның тілегін тілеуіміз қажет» уақытта өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан ұлттық һәм мемлекеттік идеология осы Тәуелсіздік атты тәтті ұғымның айналасына топтастырылуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын жариялап, егемендіктің 30 жылына қадам басқан қазақ елінің жаңа даму бағдарламасы мен идеологиялық тұжырымдамасын ұсынды. Сол арқылы қастерлі де қасиетті Тәуелсіздігімізді қорғауға, ардақтауға шақырып, көпшіліктің көкейінде көптен жүрген қоғамдағы ең өзекті проблемалардың жауабын берді.
Тәуелсіздікті баянды ететін нағыз намысшыл, білімді де білікті, өзін еліміздің патриоты санайтын азаматтарды тәрбиелеу – басты міндет. Байқасаңыз, мұндай үрдіс әлемнің басқа да өркениетті елдерінде көрініс береді. Олар заман игіліктерін өз мемлекеттерінің дамуына пайдаланып, озық технологияларды күнделікті өмір салтына айналдыруда. Біз де замана көшінен қалмай, жұрт қатарлы алға ұмтылуымыз қажет. Ол үшін ең алдымен кейбір қалыптасқан көзқарасты өзгерту керек. Оның бастауы – хакім Абай айтып кеткен масылдық көзқарастан арылу, дүниенің ілім-білімін игеруге ұмтылу. Өткен ғасырдың басында Алаш арыстары да осы ұстанымда болды. Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», дегенде ұлттың өзгеруін, жаңаруын, жаңғыруын айтқан емес пе? Сапалы ұлт, саналы ұрпақ, бәсекеге қабілетті халық қана Тәуелсіздікті тұғырлы, ғұмырлы ете алады. Сол себепті де бүгінгі күні Тәуелсіздік басты идеология болуы керек.
– Ойыңыз орынды, пікіріңіз көңілге қонымды. Дегенмен біз осы отыз жыл ішінде Тәуелсіздіктің қадірін қаншалықты түсіне алдық? Олай дейтін себебім, қоғамда әлі күнге «Тәуелсіздік маған не берді?» дейтін де пікірлер кездеседі...
– Өз мемлекетіңнің Тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес. Сонымен қатар үлкен гуманистік міндет. Тіпті жүрген ортаның алдындағы ғана емес, өз тағдырына жауапкершілік. Ұлы дала ойшылы әл-Фараби айтқандай, өзі жүрген ортаның жарастығын ойлаған адам ғана жарастықты, мейірімді, мейірбанды дүниеде өмір сүре алады. Ал ондай жарастықты тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана орната алады. Өйткені халық бостандыққа қол жеткізбей тұрып, қоғам азаттыққа жете алмайды. Бүгінгі күллі жалпақ әлемнің бостандықты ту еткен жарастықты ойлайтыны да сондықтан. Адамдар мен қоғамдардың, мемлекеттер мен халықтардың өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі – ешкім тіл тигізе алмас, ешкім қол сұға алмас қасиетті ұғым. Қазіргі адамзаттың ең басты мұраты, асыл игілігі – осы Тәуелсіздік.
Ойды осылай қорытқанда, заман өзіміздікі екенін түсінеміз. Оны түсінбеу – өзін де, өзгелерді де қара суға теріс ағызу болып шығады. Сол себепті өтпелі кезеңнің келеңсіздіктерін, індеттер мен дағдарыстарды көлденең тартып, аз ғана қиыншылыққа мойып, Тәуелсіздіктің бетіне көлеңке түсіруге болмайды. Әрине, жүздеген жыл бойында күткен асыл арманды бір күнде жүзеге асыра алмайтынымыз белгілі. Ғасырлар бойы аңсап жеткен азаттық бәрімізді бір күнде бай қылып, барша мұратқа жеткізбейтіні де ақиқат. Дүниеде қиындық пен қиянаттың көбеймесе, азаймай тұрғаны да рас. Бірақ мұның бәріне Тәуелсіздік кінәлі емес. Ол жаңаны көрсе, жағасынан алып бағатын, хакім Абай айтқан жанықас кертартпалықтан. Кешегісін көксеп оқыранған отаршыл озбырлықтан. Тарысы піскеннің тауығы бола салып, ел пайдасынан гөрі өз пайдасын көбірек ойлайтын тоғышар пысықайлықтан. Жаңаның атын малданып, бақ, абыройын иеленіп, байлық тапқанша асыққан әлеуметтік әумесерліктен. Кейде билік үшін әкесін, байлық үшін атасын сатуға дайын тұрған даңғойлықтан. Әркім өз пікірі мен өз әрекетінің тізгінін қолға алып, нақты іске кірісе алмағандықтан. Бәріне басқаны кінәлап, өзін судан ақ, сүттен таза санайтын, бірақ саусағын қимылдатып ештеңе істемейтін масылдықтан. Өзегімізге түсіп кеткен жегі құрт – жемқорлықтан. Қысқасы, даңғазалық бұрын оянып, шын намыстың әлі ширықпай жатқандығынан. Ол үшін біріміз емес, бәріміз ұяттымыз. Алдымен осыны мойындауымыз керек. Соны бүгін мойындасақ, келеңсіздік ертең жойылады. Ал қазіргідей көзқараспен кеуілдегідей молшылық пен әділет әл-әзір орнай қоймайды. Қай халық та ондай дәуренге жетсе, алдымен Тәуелсіздіктің, онан соң сол бостандықты баянды етуге деген ұмтылыстың арқасында жетіп отыр. Олай болса, қолымызға әзер қонған азаттық құсын үркітіп алмау – басты мұрат. Уақытша қиындықтарға бола мәңгілік мақсатымызды тәрк етсек, Тәуелсіз еліміздің көгеріп-көркеюі жолында күш-жігерімізді аяп қалсақ, тағдырдың қатал сынына табандылықпен төтеп бере алмасақ, тарих алдында жүзіміз қара, ұрпақ алдында кешірілмес күнәға қаламыз. Сондықтан бастағы бақты бағалап, жоғымызды саралап, сасқанға – сая, асқанға – тосқан, елдің иесі, жердің киесі болуға әрбір азамат ұмтылуы қажет. Бірлесе жүріп, Тәуелсіздіктің тасын өрге сүйреу қажет.
Қасіретті ғасырдың қайғысы таразыланады
– Мемлекет басшысының Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Біле-білген адамға бұл да Тәуелсіздіктің арқасында орын алған тірлік қой. Басың бодан болса, мұндай мүмкіндік қайдан болсын?
– Дұрыс айтасыз. Тәуелсіздік дегеніміз – әділеттілік. Өйткені азаматтары азат, елі егемен халық қана өзінің өткеніне әділетті бағасын бере алады. Әділетті қоғам орнату үшін ең негізгі қажеттілік – Тәуелсіз ел болу керек. Ұлтын ұшпаққа шығаруды ойлаған, жұртын жетілдіруді көксеген, сол үшін тар жол, тайғақ кешуден өтіп, айдауға түсіп, қамалып, сотталып, атылып кеткен ардақтыларыңды саяси тұрғыдан да, құқықтық жағынан да ақтап, адал атын сақтап, олардың күрескерлік өмірінің шын бағасын беру Тәуелсіз мемлекеттің ғана қолынан келеді. Бодандықтың бұғауы қысып, азаттықтың ауылы алыс болса, ондай күн – тек арман ғана. Байтақ даламыздың бостандығы үшін талай боздақ басын бәйгеге тігіп, жанынан безіп, жанкешті әрекет жасады. Елін игілікке жеткіземін деген ниеті үшін ғана әділетсіз қаралауға қалды. Оның зардабын жалғыз өзі емес, ұрпақтарына дейін көрді. Жазықсыз жапа шекті. Міне, қысылтаяң шақта қайраткерлік көрсеткен, күрделі кезеңде қаһармандық танытқан осындай қадірлі азаматтардың ісі мен әрекетіне шынайы баға беретін кез жетті. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы комиссия құрып, еліміз үшін маңызы зор, тарих үшін тағылымы мол шаруаның тың серпін алуына мұрындық болды.
– Осы арада Мемлекеттік комиссияның жұмысы жайында сұрағым келіп отыр. Осыған дейін комиссияның үш отырысы өтті. Не істелді, алда қандай шаруа атқарылмақ?
– Әуелі тоталитарлық режім құрбандарын ақтау ісінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін айтып өтуіміз керек. Елбасы еліміз егемендік алған сәттен бастап саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды ақтау жұмысын жедел бастап кетті. Соның нәтижесінде 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. 1997 жылы Президент Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде арнайы белгіленді.
Ал комиссия атқаратын жұмыстың мәні мен мазмұнын оның атының өзі айтып отыр. Яғни біз енді азаттықтың алғашқы жылдарында басталған жұмысты жан-жақты жетілдіріп, егжей-тегжейлі зерттеп, зерделеп жалғастырамыз.
Қарап отырсаңыз, өткен ғасырда қазақ халқы көп қасірет көрді. Алдымен аштық келді, одан соң жасанды таптық күрес пен зорлық-зомбылық, ұжымдастыру болды, оның аяғы жантүршігерлік жаппай аштыққа жалғасты. Ел есін жимай жатып саяси репрессиялар басталды. Мұнан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанып, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заман туды. Соғыстан соң тағы да қуғын-сүргін жалғасты. Айналасы елу жылдың ішінде халқымыздың көрмеген қиындығы жоқ. Ғалымдар өткен ғасырда қазақтың саны екі есе қысқарып кетті деген дерек келтіреді. Мұның бәрі біздің жұрт бастан кешірген ауыр да қасіретті жылдар, тарихта ақтаңдақ болып қалған уақыт екені Қазақстанда ғана айтылып жатқан жоқ, шетелдік сарапшылар да мойындап отыр. Сондықтан біз әділетсіз зардап көрген азаматтарымыздың өміріне әділетті бағасын бергіміз келеді.
Кейбір деректер бойынша 1920-1939 жылдар аралығында 4 миллион адам тоталитарлық саясаттың құрбаны болған. Оның ішінде 2,2 миллион кісі аштықтан қырылған. 1,2 миллион адам сыртқа қашқан. 115 мың ардақтымыз саяси көзқарасы үшін айыпталған. Оның 27 мыңына ату жазасы кесілген. Атылғандардың 60 пайызы зиялы қауым өкілі екен. Сонымен қатар Қазақстан аумағында орналасқан лагерлер мен қазақ ауылдарына 1,5 миллионнан астам неміс, поляк, корей, чешен, түрік, грек, қырым татарлары, кавказ және басқа да халықтардың өкілдері өз еркінен тыс жер аударылғаны белгілі. Міне, осыншама адамның тағдырына әділетті баға беру керек. Мемлекеттік комиссия өз жұмысын осы бағытта бастап кетті. Ғалымдар мен сарапшылардың саяси қуғын-сүргінге қатысты құпия архивтерде жұмыс істеуін ұйымдастырып жатырмыз. Қазірдің өзінде олар мемлекеттік архивтерге кіруге рұқсат алып, жұмыстарына кірісті. Келешекте Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия секілді шет мемлекеттердің архивтерінде сақталған қылмыстық және әкімшілік істерді зерттеуге кіріспек. Бұл тарапта да белсенді әрекет етіп жатырмыз. Біздің алдымызда жабық қорлардағы барлық құжатты жан-жақты сараптау, саяси-қуғын сүргінге ұлттық тұрғыдан баға беру, репрессия құрбандарын құқықтық тұрғыдан ғана емес, саяси жағынан ақтаудың санаттарын анықтау тәрізді қадау-қадау мәселе тұр.
Мемлекеттік комиссияның 2 кіші комиссиясы, 12 жұмыс тобы және 17 өңірлік комиссиялары бекітілді. Олардың қатарына қазақстандық белгілі ғалымдар мен сарапшылар, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері, депутаттар, мемлекеттік органдар өкілдері кірді. Олар архив құжаттарын жинаумен және зерделеумен айналысады. Әрбір топтың өзі зерттейтін бағыты бар. Мысалы, ұлт-азаттық көтерілістер мен қозғалыстардың мүшелері, мәжбүрлеп ұжымдастырудың құрбандары, әскери, саяси қуғын-сүргін көрген азаматтар мен отбасыларының тағдыры бөлек-бөлек зерттеледі. Осындай жұмыстардың негізінде Мемлекеттік комиссияның қорытындысы дайындалып, жарияланады, ақпараттық ғылыми-зерттеу базасы қалыптасады. Айта кету керек, бұл – бір күндік емес, бірнеше жылға созылатын жауапты іс.
– Ал Алаш арыстарына саяси тұрғыдан баға беру қалай болмақ?
– Алаш арыстарының құқықтық тұрғыдан ақталғаны белгілі. Енді олардың іс-әрекетін саяси жағынан ақтау міндеті бар. Ол үшін ең бірінші, өткен ғасырдың басында туған халқын оқу-біліммен көркейтіп, өркениетті ұлт деңгейіне көтеруді белсенді түрде қолға алған Алаш қайраткерлерінің қажырлы да қасиетті іс-әрекеттерін Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың заңды жалғасы ретінде бағалауымыз керек. Екіншіден, осы жалпыұлттық қозғалысқа атсалысқан, оның басы-қасында жүрген қайраткер тұлғаларымызды ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті өкілдері және басшылары ретінде құрметтеуіміз қажет. Үшіншіден, Қазақстанның жаңа тарихында Алашорда өкіметі мен Алаш автономиясының құрылуы, оның сан қилы әрі күрделі, саяси және рухани қызметі объективті де шынайы бағаланып, мұны қазақ мемлекеттілігінің жаңа жағдайдағы қайта жаңғыру кезеңі ретінде қарастыруға тиіспіз. Сонда ғана біз Алаш мұраты, қазақтың болашағы үшін шейіт болған құрбандардың тағдырына әділетті баға берген боламыз.
Тарихты кек алып,
құн сұрау үшін зерттемейміз
– Ауқымды жұмыстың алғашқы қадамы басталғанын байқап отырмыз. Күні ертең сырын ішіне бүккен архивтерден әртүрлі құжаттар мен фактілер табылады. Оның бәрі бірдей жұртқа жағымды болады деп айту да қиын. Ғалымдар тапқан материалдар елді екіге жарып жібермей ме? Комиссия жұмысының нәтижелері халыққа қалай жететін болады?
– Тарих – ежелден толассыз тартыс пен бітпес даудың алаңы. Әсіресе, бүгінгідей постшындық заманда, факті емес, эмоция, ғылыми заңдылық не теория емес, жекелеген субъективті пікір дәулет құрып, тісқаққан маман мен кез келген адамның пікірі теңескен кезде тарихпен айналысудың өзі қиямет-қайым дүние. Ал бұған тарихтың ғаламат геосаяси ойындар мен қақтығыстардың басты бағытының біріне, майданына айналғанын қосар болсақ, тарихтың жұрт ойлағандай ойыншық емес екенін айқын түсінуге болады. Тарих – мойындайық, бүгінгі күні геосаяси тайталас, қырғиқабақ соғыс алаңы.
Сондықтан комиссияның жұмысы шеңберінде табылған құжаттарды жариялау, ең алдымен, өзіміз үшін керек болса, екіншіден халыққа, қоғамға, ал үшіншіден әлемге дұрыстап айту, таныстыру үшін қажет. Оның үстіне, Қазақстан жұртшылығы түгіл, өзіміздің қазақ қоғамының ішінде ХХ ғасыр тарихына ортақ көзқарас қалыптасқан жоқ. Бұны ашық мойындау қажет. Бұл болашақ үшін, елде жасалып жатқан жаңғыртушылық реформалар үшін үлкен қауіп екенін мен айтпасам да түсінікті болар. Біз қоғамды бөлетін емес, біріктіретін, өшіктіретін емес, өсіретін тірлікті іске асыруымыз керек. Біз тарихты арылу, тазару, сабақ алу, терең тарихи жарақатты емдеу, ХХ ғасырмен қоштасу үшін зерттеп жатырмыз. Біреуден кек алып, қан ағызып, құн сұрайтын жайымыз жоқ. Сұрау да, сұрақ та өзімізге, ең өткір және ауыр сауалдар бүгінгі ұрпаққа қойылуы тиіс.
Осыны ескере отырып, Мемлекеттік комиссияның негізгі жұмысымен қатар, ақпараттық және идеологиялық жұмысының тұжырымдамасы мен бағдарламасы жасалып жатыр. Тұжырымдамада комиссия жұмысының бағыты мен бағдары, ұлттық жадтың мақсаты мен міндеттері, құндылықтары мен межелері айқын көрінеді. Негізгі қағидаттар – мемлекетшілдік, тарихи шындық, ашықтық, айқындық, ғылыми негіз болатыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен, сұрағыңызға толығырақ жауап беру үшін онда қамтылатын бірнеше мәселеге тоқталып кетейін.
Біріншіден, комиссияға кіретін барша азаматқа ортақ жауапкершілік пен ішкі тәртіп мәселелері анықталып, этикалық, әдістемелік баптар қарастырылады. Комиссия атынан сөйлеуге құқылы адамдар, комиссия атынан айтылар тақырыптардың бағыты мен өзегі де айқындалады. Әрбір адам мен азаматтың, әрине, өзіндік ойы мен пікірі бар. Ол заңды, оны ешкім шектей алмайды. Бірақ комиссия туралы немесе комиссия атынан сөйлеген кезде белгілі бір дәрежедегі салқынқандылық, кәсіби және ғылыми әдеп танытқанымыз дұрыс.
Екіншіден, Мемлекеттік комиссияның жұмысы нақты тақырыптық жоспарлар мен медиажоспарлар негізінде жүргізіледі. Комиссия жұмысына қатысты медиазерттеулер жасалып, Қазақстан және әлем баспасөзінде шығып жатқан материалдар ғылыми тұрғыдан зерттеліп, зерделеніп, ай сайын, тоқсан сайын тиісті есептер мен дайджестер жасалып, комиссия мүшелеріне таратылады. Комиссия құрылымдарының, серіктестерінің, ғылыми қоғамдастық өкілдерінің арасында тұрақты анкеталар таратылып, әлеуметтік сараптамалық зерттеулер жасалып отырады.
Үшіншіден, комиссияның өз веб-сайты мен ғылыми танымдық журналын жасау қажет. Алғашқы кезде электронды бюллетень ретінде бастап, кейіннен толыққанды басылым етіп шығару ойымызда бар. Бюллетеньге комиссия жаңалықтары, жұмыс топтарының, аймақтағы комиссиялардың ақпараттары, хабарламалары жарияланып отырады. Өзекті мәселелер бойынша әдістемелік дүниелер, үздік тәжірибелер, тың зерттеулер жарияланады.
Төртіншіден, комиссияның ақпараттық серіктестері институтын, журналистер мен сарапшылар пулын жасақтау керек. Бір эмблемамен, бір тәртіппен қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарына арналған, лайықталған архивтік, ғылыми, публицистикалық материалдарды жүйелі түрде таратып отырғанымыз жөн.
Жалпы, ХХ ғасырдағы қазақ катастрофасын бір сөзбен, мысалға, белгілі саясаткер, Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның ұсынысы бойынша «Зұлмат» немесе «Алапат-Қасірет» деп атағанымыз дұрыс сияқты көрінеді. Түбірінде зұлымдық ұғымы жатқан бұл сөз брендтеліп, «Холокост» деген сияқты халықаралық тілдерге ене алатын ұғымға айналуы тиіс деген ойдамыз. «Зұлмат» ұғымына 1920-1950 жылдар аралығындағы екі ашаршылық, саяси репрессиялар, жөн-жосықсыз жасалған әлеуметтік және экономикалық эксперименттер енуі тиіс.
Бесіншіден, ХХ ғасыр қазақты аямады. Біз тарихты зерттеген кезде оның бүгінгі қоғамға қалай әсер ететінін де ескергеніміз дұрыс. Тарих, оның сабақтары қазақты ұлт ретінде «саяси құрбан» психологиясына итермелемеуі керек. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев талай рет айтқандай, біз өткен ғасырдың барша қиындығына төзіп, суығына тоңып, мың өліп, мың тірілсек те жерді, ұлтты сақтап, тез арада халық санын толтырып, тарих сахнасына қайта шыққан, тәуелсіздігін түлеткен жеңімпаз ұлтпыз, дәулескер халықпыз. Әрине, тарихи фактілер мен архивтік құжаттардың көптеп сөйлегені дұрыс. Алайда тиісті терең тарихи философиялық талдауға да, саяси пайымға да жол беру парыз.
Алтыншыдан, зобалаң Зұлмат, Қазақ драмасы мен катастрофасы тек қазақты ғана жалмаған жоқ. Сталиндік тоталитарлық жүйенің сұмдығын басқа да халықтар, өзге ұлттар мен мемлекеттердің өкілдері де көрді, басынан өткерді. Елімізге күштеп жер аударылған тұтас этностарға қазақ қалай құшақ жайса, ашаршылықтан, репрессиялардан басы ауған жаққа үдере көшкен қазаққа да көмек берген елдер мен тұлғалар жеткілікті. Парасатты ұлт, кемеңгер халық ретінде біз сол тарихты да ұмытпай, басқамен қатар айта жүруіміз керек.
1921-1923 жылдардағы Ашаршылық кезінде кеңес халқына мыңдаған, миллиондаған әлем азаматтары жылу жинап, көмек көрсеткен екен. Мұның бір шетін қазақ та көрген. Шыңжаңнан Тибет, Гималай асқан қазақ көшіне шын жаны ашып, Біріккен Ұлттар Ұйымында бірнеше рет мәселе көтеріп, арнайы қарарларын қабылдатып, кеме мен ұшақ жіберіп, қонысын анықтап, төлқұжат берген, пана болған түрік бауырларымызға шынайы алғысымызды неге бүгін айтпасқа? Қиын кезде қазаққа қол ұшын беріп, жанын алып қалған жүздеген орыс, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрікмен, түрік азаматтары болғаны – тарихи шындық. Олардың атын атау, оларға құрмет көрсету зиялы, парасатты ұлттың міндеті емес пе?
Жетіншіден, Мемлекеттік комиссияның жұмысы Қазақстанның әлеммен байланыстарын күшейте түсуі керек. Бұл саясат пен дипломатияның құралы да болуы мүмкін. Мысалы, Алматы маңындағы Жаңалық мемориалында атылған 4,5 мың азаматтың сүйегі жатыр. Олардың көпшілігі – бүгінгі әлемнің қырыққа жуық мемлекетінің азаматы мен тумасы. Архивтердің ашылуы солар туралы ақпараттардың жариялануына мүмкіндік беруі керек. Комиссияның жобалық офисі, ғылыми-зерттеу институттарымыз аталған елдердің елшіліктерімен арнайы келісімшарттар жасасып, қатынасқа түсуі керек. Сол елдерден кемі 2-3 журналист, тарихшыны қызықтырып, қазаққа ниеттес, серіктес ете білгеніміз абзал. Ал атылғандардың туыстары, ұрпақтары табылып жатса, елге келіп, зиярат етсе, Қазақстанның, қазақтың әлем елдерімен тек мемлекеттік қана емес, адами, азаматтық байланыстары да тереңдей түсетіні анық.
Зұлматтан үдере көшіп кеткендердің сүйегі ел периметрінде шашылып жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз жоғалып кеткен мыңдаған азаматымыз бар. Оларды іздеу, табу, оларға белгі орнату – ұрпақ парызы. Осы жұмысты да жүйелі жүргізіп, басқа мемлекеттермен, олардың архивтік қызметтерімен келісімшарт жасауымыз қажет. Мысалы, өткен жылы Германия Ресейге концлагерьге түскен кеңес тұтқындары туралы 20 мыңнан астам цифрлы құжатты табыстапты. Болашақта тағы да 500 мың құжаттың цифрлы көшірмелерін бермекші. Бұл жұмысқа біздің ел де еншілес болуы тиіс. Германияның цифрлы құжаттарын біз де алуға тырысып, қажетті ғылыми қор ретінде сақтағанымыз дұрыс. Өз қанымыз бен қандасымызды өзімізден артық, жан салып ешкімнің іздемейтіні анық. Германияның цифрлы архивтерін алып жатсақ, басқа Орталық Азия елдеріне де көмек көрсете алар едік.
Осы жұмыстардың барлығын ақпараттық сенсациялар іздемей, жүйелеп, ретімен іске асыру үшін Мемлекеттік комиссияның қызметін ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі арнайы топты құрдық. Жұмыс тобына журналистер, медиа саласындағы мамандар, БАҚ басшылары кірді. Топты Мәжіліс депутаты, тарихшы, саясаттанушы Айдос Сарым мен Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев басқаруда.
– Қырымбек Елеуұлы, бүгінгі сұхбатта еліміздегі ең іргелі бағдарламаның бірі – «Рухани жаңғыру» жөнінде сұрамай кете алмаймыз. Бағдарлама шеңберінде қазір нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ақселеу Сейдімбектің осыдан біраз жыл бұрын айтқан «Әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына ең алдымен рухани өреде жетуді мақсат тұтуымыз керек» деген сөзі есіме оралып отыр. Рухани даму, жаңғыру – ауқымы кең, аясы мол шаруа. Сондықтан Елбасы арнайы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынды. Ол соңғы төрт жылда кезең-кезеңімен іске асып келеді. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алты бағыты бойынша 16 арнайы жоба жүзеге асырылып жатыр. Әр жобаның өз міндеті, аудиториясы бар. Әрбір арнайы жобаға тұжырымдама әзірленді. Мұндай кең көлемді жұмыстың барлығын бір сұхбаттың шеңберіне сыйғыза алмасымыз анық. Сондықтан атқарылған жұмысты емес, бағдарламаға қатысты алдағы жоспарларымыз жайында айтайын.
2021 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ұлттық жаңғыру кезеңіне көшті. Сол бойынша оның жұмысы Жол картасы форматына ауысты. Жол картасында бағдарлама мазмұнын қоғамның түрлі топтарына ұғынықты жеткізу үшін халықтың әлеуметтік және жас ерекшеліктеріне сай топтап, жүйелеп жүргізуге мән беріліп отыр. Онда азаматтардың эстетикалық талғамын тәрбиелеуге, халықтың цифрлы сауаттылығын арттыруға, ұлттық бірегейлікті сақтау бағыты бойынша халықтық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жаңғыртуға, тарихи және мәдени жетістіктерді насихаттауға, «қоғамға қызмет ету» форматтарын жұртқа кеңінен таныстыруға бағытталған түрлі іс-шаралар кешенін іске асыру көзделген. Сонымен қатар жас ұрпақтың қазақ тілінде сөйлеп, қалыптасуы – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Қазіргі балалардың тілін қалыптастыратын құрал, әрине, телеарналардағы мультфильмдер мен Youtube арналары. Бұл ретте танымал халықаралық Nickelodeon, TiJi секілді арналардың өнімдерін қазақ тіліне аударып, тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл – болашақ үшін қайтарымы мол, нәтижесі зор жоба болады деп сенеміз.
Жол картасы Президенттің халыққа Жолдауындағы, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы және еліміздің рухани-мәдени дамуына байланысты өзге де еңбектеріндегі айтылған идеяларымен толықтырылды. Сондай-ақ аталған Жол картасы шеңберінде ішкі еңбек көші-қонын ынталандыратын және дамытатын «Ұлы қоныс» жобасы, отандық тарих туралы академиялық басылымдарды әзірлейтін «Ұлт тарихы» арнайы жобасы жүзеге асады. Бұдан бөлек, кез келген құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруды көздейтін «Әділетті қоғам» жобасы және салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды жаңғырту, цифрлы, қаржылық сауаттылықты арттыру, прагматизм, экологиялық сананы қалыптастыру, қоғамның патриоттық деңгейін көтеруге бағытталған іс-шаралар кешені атқарылады. Қысқасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңаша сипатта, тың серпінмен іске асыруды көздеп отырмыз. Бұл жұмыстар, тағы да нақтылап айтайын, халқымыздың ұлттық жаңғыруы жолында ерекше көмек болады деп ойлаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»