Индустриялық-инновациялық жобалардың бәрі жүзеге асқанда экономикамыздың қуаты біраз артқан болар еді. Бірақ оның көбі жол ортаға жетпей тоқтап қалған. Бұл туралы ақпарат құралдары талай жазды да және «демі орта жолда үзілген» жобаларды бір деммен айтып шығу да мүмкін емес. Еске түскендерін тізбектесек, халықаралық стандартқа сай болады деген «Ақтау-Сити» жобасы, Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында салынбақ болған Тасқала цемент зауыты, Қарағанды облысының Теміртау қаласында ашылған кремний зауыты, т.б. Соңы KazSat-2R жер серігін жасаудан бас тарту туралы шешіммен түйінделіп тұр. Бұл жобаны жеке дара атап отырған себебіміз, оның «мұңы» да, өзімен бірге алып кеткелі тұрған «сыры» да көп болды. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл шешім бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік бергендіктен қабылданды деп түсіндірді. Радиотолқындарды аукцион форматында анықтау жөніндегі заңнама өзгертілгені жобаның жұмысын мерзімінен бұрын тоқтатуға себепкер болған. KazSat-2R – құны миллиардтармен бағаланған қымбат жоба. Бөлінген қаржының өтеуі кімнен талап етілетіні, кімнің жауапты болатыны тағы да белгісіз болып қалды.
2011 жылдан бері жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан төмендемей отырғанын ресми статистика да мойындайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бізге берген деректерінде 2018 жылдан бері индустрияландыру картасы шеңберінде қаржыландырылған жобалардың саны 961-ден 1 527-ге өскен, 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылғаны айтылған. Нарық заңы бойынша 30 пайыздық өсім жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне әсер етуі тиіс еді. Ал бізде бұл көрсеткіш бойынша сең бұзылар емес.
Сонымен, осы мәселені алға тартып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне хабарластық. Министрліктің Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков 2010-2020 жылдар арасында Индустрияландыру картасы мен өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша жалпы құны 9,1 трлн теңгені құрайтын 1 527 жоба енгізіліп, 212 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылғанын, бұл фактор 200 мыңнан астам қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бергенін айтты. Министрлік өкілі нақтылап өткендей, іске қосылған жобалардың 90 пайызы жеке қаражат есебінен қаржыландырылған. Мемлекет тарапынан екінші деңгейлі банктер мен даму институттары арқылы қолдау көрсетілген. «Жобалардың мониторингі тұрақты түрде жүргізіледі. Өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру бірқатар аймақтардың экономикасын әртараптандыруға және құрылымдық өзгерістерге әкелгенін атап өткен жөн. Соның ішінде, Ақмола облысында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2010 жылы 13,4%-дан 2020 жылы 24,3%-ға дейін өсіп, аграрлық секторды басып озды (16,5%). Қостанай облысында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 9,5%-дан 19,5%-ға дейін өскен, ал аграрлық сектор 12,5% құрады», деп атап өтті О.Әлібеков.
2020 жылы жалпы сомасы 916,8 млрд теңгені құрайтын 201 жоба іске қосылып, шамамен 18,6 мың тұрақты жұмыс орны құрылыпты.
«Индустрияландыру картасының жобалары ішкі нарықты өздері өндірген құрылыс материалдарымен қамтамасыз ете бастады. Он жыл ішінде құрылыс кезінде цемент қажеттілігін толық қамтамасыз ете алатын 10 заманауи цемент зауыты пайдалануға берілді. 10-нан астам жаңа үй құрылыс зауыты мен дәл сондай асфальт-бетон зауыты іске қосылды» дейді О.Әлібеков.
Дегенмен де мемлекет есебінен қаржыландырылып, қайта жабылып қалған жобаларды іздеу бірер жылдан бері «тренд» болып тұр. «Егер мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырылған зауыттар жабылып қалса, кімнен жауап алынады? Жұмыстарды үйлестіре алмағаны үшін шығындарды өтеу мәселесі мемлекеттік деңгейде қарастырылған ба?» деген мәселе қоғамды толғандыра бастағаны рас. Осы тұста министрлік өкілі жұрттың алаңдауына себеп жоғын төмендегі дәйектемелермен түсіндіріп өтті: қаржыландырылған әрбір жоба – жауапты мемлекеттік органның бақылауында, егер жұмыс жүрмей қалса, жауапты сол мекеме береді. Тұсауы көпшілік алдында кесілген жоба жүрмей жатса немесе жүктеме аз болса, оған жауапты мемлекеттік орган жобаға өтініш берушімен бірге тығырықтан шығудың жоспарын құрады. Егер жобаны қалпына келтіру мүмкін болмаса немесе жобаны одан әрі жүзеге асырудың экономикалық негіздемесі болмаса, онда жобаны тоқтату туралы шешім қабылданады. «Индустриялық саясат туралы» заң жобасына сәйкес «қарсы міндеттемелер» ұғымы енгізілді. Мемлекет тарапынан қолдау шараларын алғаннан кейін жоба басшысы өндіріс көлемі мен салықты ұлғайту, тұрақты жұмыс орнын сақтау бойынша міндеттеме алады, сонымен қатар өз міндетін сапасыз немесе уақтылы орындамағаны үшін жауапты. Кәсіпорындар мемлекеттік ұйымдардың қолдауы арқылы алған қаражаттың қайтарылуына, өтемақы мен айыппұлдардың төленуіне жауапты болады. Шетелдік инвесторда қандай да бір мәселелер туындаса, халықаралық стандарттар қағидаты бойынша жұмыс істейтін ұйымдардың көмегіне жүгінуге болады», деді министрлік өкілі.
Индустрияландыру жылдарында Polpharma (Польша), Alstom (Франция), Трансмашхолдинг (Ресей), Danone (Франция), Хюндай (Оңтүстік Корея), Шеврон (Isoplus and Bohmer Armaturen (Германия), POSKO (Корея), Airbus (Франция) және басқа да жобалар шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылғаны белгілі. Тәуелсіз сарапшылар шетелдік нивесторлардың қаржыландыруымен жүзеге асқан жобаларға аса сақтықпен қарау қажеттігін айтады. Себебі шетелдік инвестор өз қаржысы желге ұшқанына төзбейді. Құны 1-3 млрд долларға бағаланған жобалардағы шетелдік инвесторлардың үлесі кем дегенде 10 пайыз болады, ал бұл аз қаржы емес.
Министрліктің бізге берген жауабында шетелдік инвесторлар қаржыландырған жобаның қанша пайызы жұмысын тоқтатқаны және оған деген мемлекеттің жауапкершілігі туралы мәліметтер бұл жолы да жұмбақ болып қалды.
Әлемдік тәжірибеде индустрияландыру картасына ұқсайтын бағдарламалар баршылық. Сарапшы Замир Қаражановтың айтуынша, соның ішінде бізге жақыны – Қытай тәжірибесі. Бірақ көрші елде ел қазынасынан қаржыландырылған жобаларға жыл сайын шолу жасалып, жұмыс істеп жатқанына қосымша қаржы бөлінетін көрінеді. Әлемдегі алпауыт компаниялардың өзі осындай тәсілмен іріктеліп шыққанын еске түсірген сарапшы «индустрияландыру картасы бойынша ірі компанияларды елге таныта алмағанымыз Үкіметті шындап ойландыру керек» деген ойын жеткізді. Ұлттық инвесторлардың бизнес-жоспарын ынталандыруға басымдық берілмейтінін жеткізген сарапшы «жаңадан ашылған кәсіпорындардың экономикаға мультипликативті түрде әсер ете алмау себебі осы» дейді.
Әлемдік тәжірибеде елдегі инвестицияның 80 пайызы – ұлттық инвесторлар, ал 20 пайызы шетелдік инвесторлар болуы тиіс. Сарапшының пікірінше, біздегі жағдай керісінше болып тұр. Оның сөзіне қарағанда, индустрияландыру картасына еніп, бағы ашылған даму институттары жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі керек. Үкіметтің кепілдігімен қаржыландырылған жобалар іркіліссіз жұмыс істеп кетуі үшін бұл мәселеге кешенді көзқарас керек. Себебі жаңа жобаларды қаржыландырған кезде қажетті технологиямен қамтамасыз етуге ғана қаржы бөлінеді. Бірақ су жаңа технологиямен жабдықталған кәсіпорындар айналымға салатын, қажетті мамандарды оқытатын қаражаты болмағандықтан орта жолдан тоқтап, жабылып қалады. «Кез келген кәсіпорын мен зауытқа жоғары білікті маман керек, олардың біліктілігін көтеруге қосымша қаржы көзі қажет. Сондықтан индустрияландыру картасындағы республикалық және аймақтық деңгейдегі барлық жобаға кешенді зерттеу жүргізіп, оларды жетілдіруге септігі тиетін ұсыныстар әзірлемесек, ескі сүрлеуден шыға алмаймыз», деді З.Қаражанов.
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы, экономист Мағбат Спанов экономиканы әртараптандыру туралы соңғы жылдары көп айтылғанын жеткізді. «Елімізде 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясы мақұлданды. Бұл құжаттың қабылданғанына біраз жыл өтті. Біраз нәтижеге жетіп, оларды саралауға жететін уақыт. Реформаны бастаған сәтте экономикалық жағдайымыз да дұрыс болды. Басқаша айтқанда, аграрлық-индустриалды ел атануға мүмкіндігіміз бар еді. Әлі де осы мүмкіндікті пайдалану керек, сонда реформа жалғасатынына сенемін» дейді М.Спанов.
ҮИИДМБ бағдарламасы 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, одан беріде екі бес жылдық жоспар жүзеге асырылғанын (2010-2014 және 2015-2019 жж) еске түсірген сарапшы қазір бағдарламаларды қаржыландыру тұрақты және толық көлемде жүзеге асырылып жатқанын нақтылай кетті. «Бағдарлама аясында 2 мыңға жуық жоба жүзеге асырылды, барлығы 1800 кәсіпорын салынды және қайта жаңғыртылды. Сондықтан нәтиже жоқ деу дұрыс емес» дейді сарапшы.
Осы ретте сарапшылар «мемлекеттің кепілдік беруімен қаржыландырылған кәсіпорындар неге ұлттық экономикада жүйе құрушы факторға айнала алмады» деген сауалдың жауабын терең зерделеу қажеттігін көптен айтып жүр. Осы мәселені зерттеумен айналысып жүрген М.Спанов Ақтау қаласындағы битум зауыты Қазақстанның жол құрылысы инфрақұрылымының сұранысын қанағаттандырып отырғанын, мұнай өңдеу зауыттары қайта жаңғыртылғанын атап өтті. «Мұндай жобаларды іске асырудағы басты проблема – қаржыландырудың негізгі көзі мемлекеттік бюджетке байланып тұр. Индустрияландыру картасына енген жобалар есеп беру үшін емес, өзіміз үшін керек. Өнім шығаруға емес, бөлінген қаржының қалай игерілгеніне ғана басымдық берілді. Мемлекет-жекеменшік серіктестік мәселелері жеткілікті дәрежеде пысықталмаған, өзара тиімді ынтымақтастықтың тетіктерін де қалыптастыра алмадық. Біз ендігі жерде қайта өңдеу саласының күретамырына қан жүгіртетін бағыттарға, әлемдік нарықта өз орнымызды табуға, қазақстандық брендті құруға басымдық беруіміз керек. Ұлттық экономикамыз осы екі фактордың айналасында қалыптасады» деді М.Спанов.
Тәуелсіз сарапшы Санжар Боқаев Индустрия министрлігі еліміздің экономикасы үшін ең манызды мемлекеттік бағдарламаны және жалпы индустриялық-инновациялық даму жұмыстарын толықтай сәтсіз жүргізіп келе жатқанын қаперге салды. Оның айтуынша, кез келген бағдарламаның болашағы оның идеясына, стратегиясына байланысты. Ел ішінде мұндай жобалардың басым көпшілігі қалталылардың макроэкономикалық жағдайын шешу үшін қабылданады деген пікір белең алып барады. Себебі әлемдік тәжірибеде зауыт немесе кәсіпорындарды ашқан кезде оның шикізат көзі және қай жаққа, қандай көлемде өткізілетіні, тауардың қаншалықты өтімділігі сарапталады, инвестициялық жобалардың географиялық жағдайын зерделейтін тәуелсіз орталықтардың пікірі ескеріледі. Сарапшы өзін өзі дәлелдеген, компанияларын сауатты басқарған адамдардың тәжірибесін кеңірек пайдалану керектігін баса айтты. Экономикалық дамудың көрінісі халықтың әл-ауқатынан білінеді. Ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын мемлекет бай-қуатты. Сондықтан мемлекет қаржыландырған жобаларға жыл аралатып барып скрининг-талдама жасайтын шетел тәжірибесін енгізетін кез келді.
С.Боқаев айтқандай, 2018 жылы Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 15,7 млрд долларды құрады. Жоспар бойынша бұл 22,7 млрд долларды құрауы керек еді. 2020 жылдың соңында қазақстандық тауарлардың шикізаттық емес экспорты 15,4 млрд доллармен түйінделді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,8%-ға төмен. «Біз төмендеудің айқын тенденциясын байқап отырмыз. Осыдан бес жыл бұрын Үкімет Ұлттық экспорттық стратегияны қабылдаған болатын, соған сәйкес шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспорты 2022 жылы 31,8 млрд болу керек еді. 2022 жыл жақындап қалды, бірақ біз сол көрсеткіштің жартысын да жасай алмадық. Зауытты ашумен қатар, оның шикізат көзін және қай тарапқа өткізу және тауарлардың өтімділігі зерттелуі керек. Соңғы жылдары триллиондаған бюджеттік қаражат жүздеген жобаларға жұмсалды, оның жартысынан көбі іске асырылмай қалды», дейді С.Боқаев.
Министрліктің есебінде бәрі жақсы болғанымен экономика мен қоғамды алдай алмайтынын қаперге салған сарапшы ведомство индустриялық-инновациялық дамудың екі бесжылдығы шеңберінде мемлекеттік қолдаудың көлемін көрсете отырып, қолдау көрген кәсіпорындардың толық тізімін ұсыну керек деді. «Барлығы ашық, мөлдір болуы керек. Сонда ғана біз проблеманы түбірінен танып, дұрыс шешім қабылдай аламыз. Мемлекет әр жобаның басында қарауыл бола алмайтыны белгілі. Оған халықтың қолдау білдіруі үшін экономиканың, саясаттың барлық сегментінде ашықтық пен бәсекелестікке жол берілуі керек» дейді С.Боқаев.
АЛМАТЫ