Білім • 09 Шілде, 2021

Шымкентте екі университет лицензиясынан айырылды

529 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкент қаласындағы «Орда» университеті мен «Мирас» университеті бас лицензиясынан айырылды. Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Шымкентте екі университет лицензиясынан айырылды

2020 жылы «Орда» және «Мирас» университеттерін тексеру барысында білім беру саласындағы заңнаманы өрескел бұзушылықтар анықталды. Екі жоғары оқу орнының қызметі тоқтатылып, оларға анықталған кемшіліктерді жоюға уақыт берілді. Алайда жоғары оқу орындары олармен жұмыс жүргізбей, 8 ай Комитеттің лицензияны тоқтата тұру туралы шешіміне шағымданған. Соңында сот Комитеттің шешімін өз күшінде қалдыру туралы шешім қабылдады. Ал университеттің көптеген шағымы қанағаттандырылмады.

Енді Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 шілдедегі шешімімен аталған екі жоғары оқу орны бас лицензиясынан айырылды.

«Осы жылдың мамыр айында қайта тексеру қорытындысы бойынша қателіктермен жұмыс жүргізілмегені анықталды. Ең басты мәселе кадрларды даярлау сапасында болды. Мысалы, «Орда» Университетінде оқитындардың 97%-ы шекті балдан өте алмады және оқу процесінде алынған білім мен құзыреттердің жеткілікті деңгейін растай алмады. Екі ЖОО-да кестеге сәйкес жаппай сабақ өткізбеу фактілері анықталды. Ағымдағы бағалар қойылмаған, бекітілген кестеге сәйкес емтихандар өткізілмеген, пәндер толық көлемде оқытылмаған. Тиісті 5 кредиттің орнына тек 3 кредит игерілген. Барлық пән оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілмеген. Оқытушылардың бекітілген педагогикалық жүктемесі мен оның нақты орындалуы арасында үлкен айырмашылық бар, яғни оқытушыда жүктемеде белгілі бір пән бойынша дәріс оқу жоспарлануы мүмкін, ал іс жүзінде ол оны оқымайды», деп атап өтті ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитетінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы бақылау басқармасының басшысы Эльвира Сапарбекова.

Бұған дейін Тәуелсіз білім беру сапасын қамтамасыз ету агенттігі де осы жоғары оқу орындарын аккредиттеуді тоқтатты. Сондықтан бұл университеттер түлектерге диплом бере алмайды. Диплом алу және оқуды аяқтау үшін студенттер басқа университеттерге ауысуы керек. Бұл жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларында көзделген.

ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айырылған немесе білім беру ұйымы таратылған кезде құрылтайшы білім алушыларды басқа білім беру ұйымдарына ауыстыру үшін шаралар қабылдайды.