30 Сәуір, 2010

ӨЗІҢДІ БІЛІММЕН БАЙЫТУ – ЕЛІҢДІ БАЙЫТУ

630 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астанада еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан жастар Конгресінің, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен “Жастар – Қазақстан халқы бірлігі үшін” атты жалпыұлттық форум аяқталды. Бірнеше күнге созылған форум аясында жастар мен ел болашағы арасындағы байланыс пен сабақтастық мәселелері жан-жақты талқыға түсті. Ал форумның соңғы күні Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Білім және ғылым министрі Жан­сейіт Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орын­ба­сары Ералы Тоғжанов және Қа­зақстан ардагерлерінің Орталық кеңесі өкілдері өз баяндамаларын оқып, мемлекеттің қалыптасуында жастардың үлкен рөл атқаратын­дығы, бұл ретте олардың еншісіне үлкен аманат жүктелетіндігі жө­нінде ой толғады. Мәселен, Жансейіт Түймебаев ұрпақтар сабақтастығын қозғаған кезде оның тәуелсіздік, шекара тұтас­тығы, татулық, ауызбіршілік секілді мәселелермен тікелей бай­ланысты болатындығын атап өтті. Ол өз сөзінде елдің елдік тінін шай­қалту үшін сырттан да, іштен де көз алартушылардың кездесеті­нін, мұны көрші елдердегі оқиға­лар­дан анық көруге болатынын, ал мұндай кедергілерге қасқая қарсы тұруда, мемлекеттің тұтастығын сақ­тауда кейінгі ұрпақ – жастар­дың үлкен рөл атқаратынын атап өтті. “Қазіргі таңда 610 мыңға тарта жас жоғары оқу орында­рын­да, 600 мыңға тарта жас түрлі кә­сіптік бі­лім беру орындарында бі­лім алуда. Білім ұяларында оқитын жасөс­пі­рім­дердің саны 2,5 млн.-ға жетеді. Бұл – үлкен күш. Сондық­тан елі­міз­дің ендігі болашағы осы жастар­мен тікелей байланысты”, – деді Ж.Түймебаев. Ол сондай-ақ, жас­тарды және барлық жастар ұйым­дарын 2011-2020 жылдар аралығын қамтитын білімді да­мы­тудың мемлекеттік бағдарламасы мен 2011 жылы “Мемлекеттік жас­тар сая­са­ты туралы” заң жоба­ла­рын әзір­леуге белсене қатысуға шақырды. Жансейіт Түймебаев, сонымен қатар, мемлекет тарапы­нан халық­аралық деңгейдегі бәсекеге төтеп беретін терең білім алуға барлық жағдай жасалып отырғанын баса айтты. Ал Мәулен Әшімбаев жастар саясаты, олардың азаматтық пози­циясы төңірегіндегі ой-пайымын жан-жақты жеткізді. “Қазіргі таңда елімізді ілгері дамыту бағытында ұс­танып отырған басым бағыт­тар­дың бірі – жастар саясаты. Сол себепті де, бүгінде жастар саяса­тына айрықша көңіл бөлінуде. Ал жалпы алғанда, Қазақстанда жас­тар мәселесі – мемлекет назар ауда­рып отырған бірден-бір ма­ңыз­ды мә­селе. Соның айқын дә­лелі – елор­дада негізі қаланған Мем­лекет бас­шысы атындағы уни­верситет бола­шақта үлкен бір ғылыми орталық болары сөзсіз”, – деді М. Әшім­баев. Сондай-ақ, ол әр жас – өз-өзін біліммен байы­ту арқылы өз мемлекетін байы­татынын ұмытпау қажеттігін, ол үшін елімізде білімді де білікті жастар көптеп шоғыр­лануы маңызды екенін атап өтті. Ералы Тоғжанов қазақ жерінде сан түрлі этностардың бейбітшілік пен татулықта тіршілік кешіп жат­қандығына, осы құндылықты сақ­тауда жастардың айрықша рөл атқаратынына тоқталды. Бұл күнгі отырыс барысында “Жастардың өңірлердегі жетістік­тері­нің картасы” көрме-танысты­рылымы ұйымдастырылды. Форумның соңында оған қаты­сушылар ел жастарына үндеу жа­риялады. Үндеуде жастардың өз қа­білеттерін шыңдауға, арман-мақ­сат­тарын іске асыруға барлық жағ­дай жасалғаны, мемлекет тарапы­нан жасалып отырған бұл игіліктер – ертеңгі күнгі бастама­ларға негіз қалайтыны айтылған. Сондай-ақ, үндеуде “Елімізде жаңа интеллектуалды әлеует қа­лып­тастыру бағытында жаңа ғасыр­дың озық технологияларын жедел игеруге ұмтылуымыз керек. Біз қоғам дамуының берік іргетасына айналған еліміздегі этносаралық келісімді, татулық пен бірлікті ны­ғайта береміз”, – делінген. Форумға қатысушылар, соны­мен бірге, өз үндеулері арқылы қа­зақ жастарын сапалы білім алып, ғылыммен, кәсіпкерлікпен айна­лы­суға, еліміздің индустриялық-инновациялық салаларында қызмет етуге шақырып отыр. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.