Астанада еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан жастар Конгресінің, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен “Жастар – Қазақстан халқы бірлігі үшін” атты жалпыұлттық форум аяқталды. Бірнеше күнге созылған форум аясында жастар мен ел болашағы арасындағы байланыс пен сабақтастық мәселелері жан-жақты талқыға түсті.
Ал форумның соңғы күні Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов және Қазақстан ардагерлерінің Орталық кеңесі өкілдері өз баяндамаларын оқып, мемлекеттің қалыптасуында жастардың үлкен рөл атқаратындығы, бұл ретте олардың еншісіне үлкен аманат жүктелетіндігі жөнінде ой толғады.
Мәселен, Жансейіт Түймебаев ұрпақтар сабақтастығын қозғаған кезде оның тәуелсіздік, шекара тұтастығы, татулық, ауызбіршілік секілді мәселелермен тікелей байланысты болатындығын атап өтті. Ол өз сөзінде елдің елдік тінін шайқалту үшін сырттан да, іштен де көз алартушылардың кездесетінін, мұны көрші елдердегі оқиғалардан анық көруге болатынын, ал мұндай кедергілерге қасқая қарсы тұруда, мемлекеттің тұтастығын сақтауда кейінгі ұрпақ – жастардың үлкен рөл атқаратынын атап өтті. “Қазіргі таңда 610 мыңға тарта жас жоғары оқу орындарында, 600 мыңға тарта жас түрлі кәсіптік білім беру орындарында білім алуда. Білім ұяларында оқитын жасөспірімдердің саны 2,5 млн.-ға жетеді. Бұл – үлкен күш. Сондықтан еліміздің ендігі болашағы осы жастармен тікелей байланысты”, – деді Ж.Түймебаев. Ол сондай-ақ, жастарды және барлық жастар ұйымдарын 2011-2020 жылдар аралығын қамтитын білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы мен 2011 жылы “Мемлекеттік жастар саясаты туралы” заң жобаларын әзірлеуге белсене қатысуға шақырды. Жансейіт Түймебаев, сонымен қатар, мемлекет тарапынан халықаралық деңгейдегі бәсекеге төтеп беретін терең білім алуға барлық жағдай жасалып отырғанын баса айтты.
Ал Мәулен Әшімбаев жастар саясаты, олардың азаматтық позициясы төңірегіндегі ой-пайымын жан-жақты жеткізді. “Қазіргі таңда елімізді ілгері дамыту бағытында ұстанып отырған басым бағыттардың бірі – жастар саясаты. Сол себепті де, бүгінде жастар саясатына айрықша көңіл бөлінуде. Ал жалпы алғанда, Қазақстанда жастар мәселесі – мемлекет назар аударып отырған бірден-бір маңызды мәселе. Соның айқын дәлелі – елордада негізі қаланған Мемлекет басшысы атындағы университет болашақта үлкен бір ғылыми орталық болары сөзсіз”, – деді М. Әшімбаев. Сондай-ақ, ол әр жас – өз-өзін біліммен байыту арқылы өз мемлекетін байытатынын ұмытпау қажеттігін, ол үшін елімізде білімді де білікті жастар көптеп шоғырлануы маңызды екенін атап өтті.
Ералы Тоғжанов қазақ жерінде сан түрлі этностардың бейбітшілік пен татулықта тіршілік кешіп жатқандығына, осы құндылықты сақтауда жастардың айрықша рөл атқаратынына тоқталды.
Бұл күнгі отырыс барысында “Жастардың өңірлердегі жетістіктерінің картасы” көрме-таныстырылымы ұйымдастырылды.
Форумның соңында оған қатысушылар ел жастарына үндеу жариялады. Үндеуде жастардың өз қабілеттерін шыңдауға, арман-мақсаттарын іске асыруға барлық жағдай жасалғаны, мемлекет тарапынан жасалып отырған бұл игіліктер – ертеңгі күнгі бастамаларға негіз қалайтыны айтылған.
Сондай-ақ, үндеуде “Елімізде жаңа интеллектуалды әлеует қалыптастыру бағытында жаңа ғасырдың озық технологияларын жедел игеруге ұмтылуымыз керек. Біз қоғам дамуының берік іргетасына айналған еліміздегі этносаралық келісімді, татулық пен бірлікті нығайта береміз”, – делінген.
Форумға қатысушылар, сонымен бірге, өз үндеулері арқылы қазақ жастарын сапалы білім алып, ғылыммен, кәсіпкерлікпен айналысуға, еліміздің индустриялық-инновациялық салаларында қызмет етуге шақырып отыр.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.