Парламент • 11 Шілде, 2021

Депутаттық сауалға – «сырғытпа» жауап...

1265 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенатқа депутат болып келгеніме  10 айдың жүзі болыпты. Осы уақыт ішінде 119 заң жобасын қарауға қатыстым. Олардың мақсаты – қоғамды демократияландыру, жергілікті өзін өзі басқаруды күшейту, экономиканы дамыту, пандемия жағдайында халықты әлеуметтік қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, экологияны қорғау және басқалар.

Депутаттық сауалға – «сырғытпа» жауап...

Осы заңдардың көпшілігі Пре­зиденттің тапсырмасы бойынша және тікелей Парламент депутат­тары­­ның ұсынысымен әзірленгенін, яғни мәжі­лісмендер мен сенаторлар бір­лесіп дайындағанын айта кеткен жөн.

Заңды қабылдау жауапты іс және мұнда қателесуге болмайды. Себебі заң қабылдауда бір осалдық болса, соңы елдегі күрделі проблемаға ай­налуы мүмкін. Сондықтан заң жоба­лары­ның «тазалығына» жауап беретін Сенатқа әр уақытта үлкен жауап­кер­шілік жүктеледі.

10 ай ішінде толықтырулар мен өзгерістер енгізілген 15 заң жобасы Сенаттан Мәжіліске қайта қарауға жіберілді. Олардың екеуін нақтылауға тікелей өзім бастамашы болдым.

Мен еліміздің ірі қалаларында су қор­ғау белдеулерінің көлемін қысқар­туға қарсы болдым, өйтке­ні бұл елдің су ресурстарын сақтау­да елеулі мәселелерге әкеп соқ­ты­рар еді. Сондай-ақ қоғамда алаң­даушы­лық тудырған орман өсіру үшін шетел­діктерге жер учаскелерін 25 жылға жалға беру туралы Жер заңнамасының нормаларына қарсы пікір білдірдім.

Әрине, Мәжіліс қабылдаған және Үкіметпен келісілген заң жобасына қарсы шығу оңай емес. Егер өз ұсыны­сыңның себеп-салдарын дәлел­дей алмасаң, «ақ қарға» атануың ғажап емес. Бұл үшін, әрине, соқырға таяқ ұстатқандай нақты дәлелдер қажет.

Депутаттардың келесі маңызды миссиясы – атқарушы билік жұ­мы­сының тиімділігін бақылау. Пар­ламенттің бірнеше отырысы аясында Премьер-Министрге және оның орынбасарларына, Есеп комитетінің төрағасына 7 депутаттық сауал жолдап, онда билік тарапынан шешіл­меген ауыл тұрғындарының жеке­мен­шік малдарын жайылыммен қам­тамасыз етуге, азық-түлік баға­сын тұрақтандыруға, мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемші­ліктер мен сыбайлас жемқорлық әре­кет­теріне, АӨК-ті статистикалық есеп­­­­тілікке тіркеуге, жоғары оқу орын­­­дарын басқаруды демократиялан­ды­ру қажеттігіне, ветеринариядағы дағ­­дарысқа, аграрлық ғылымды қар­­­­жыландырудағы іркілістерге, шетел­­­дік тұқымдарды субсидиялауға мем­­ле­кеттік қаражаттың тиімсіз жұм­­салуына қатысты мәселелерді көтердім.

Бұл сауалдарды жазбаша жолдап қана қоймай, Премьер-Министрдің, оның орынбасарының, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министр­лерінің жеке қабылдауында болып, оларға өз ұсыныстарымның мәнін түсіндіріп бердім.

Сонымен қатар Сенат отырыстарында, Парламенттік тыңдауларда ЕАЭО, инфляция, азық-түлік қауіп­сіздігі, су ресурстарын басқару, экологияны қорғау, ғылымды дамыту және басқа мәселелер туралы 11 рет өз ұстанымдарымды алға тартып, сөз сөйледім.

Көтерілген мәселелерге назар аударту үшін, басты газеттерде 12 мақала жариялап, экономика, білім беру, аграрлық ғылым, жер және су ресурстары мен мемлекеттік басқару жүйесінің проблемалары бойынша телеарналарға 21 рет сұхбат бердім (бұлар веб-сайттарда, әлеуметтік желілерде жарияланған көптеген материалымды есептемегенде). Осы мүм­кіндікті пайдаланып, журналис­терге қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтқым келеді.

Енді осы жұмыстардың нәтижесі туралы айтып өтейін. Өкінішке қарай, менің көптеген ұсынысым «қағаз күйін­де» қалды, көптеген депутаттық сауа­лыма үйреншікті «сырғытпа» жауаптар алдым. Әрине, бюджетте проблема көп екенін, уақытты қажет ететін шешімдер де барлығын түсінемін. Бірақ тіпті депутаттар ұсынған заңға тәуелді актілерге (министр­дің бұйрығына) өзгерістер енгізу бірнеше ай бойы қажет етіледі екен... Дамыған елдерде Парламент де­пута­т­тарының ұсынысына осындай селқос көзқарасты көру екіталай шы­ғар.

Президент бастамашылық еткен заңдармен жұмыс істей отырып, Мемлекет басшысының халық­аралық тәжірибесі мол көш­басшы ретінде мемлекетімізді заң­намалық негізде дамытудың жаңа моделін қалыптастыруға бағыт­тап келе жат­қанын, қоғамды демокра­тия­ландыруға, экономиканы дамытуға арнал­ған жаңаша басымдықтарды көрдім.

Енді осы стратегияны жүзеге асыру маңызды. «Заң әлсіз болса да, жақсы шенеуніктер арқылы елді басқаруға болады, ал шенеуніктер әлсіз болса, ең жақсы заңдар да көмектеспейді» дегендей, бізде қазір жұмысты сапалы, жақсы орындаушылар жетіспейді. Ал мұндай басқару жүйесін қалыптастыру үшін Елбасы мен Мемлекет басшысы айтқандай, ықпалды Парламент пен есеп беретін Үкіметтің  болуы өте маңызды.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы