Оқиға • 12 Шілде, 2021

Сарыағашта сейф ұрланды

144 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сарыағашта жеке үйге түскен ұрылар ақша мен алтын заттар салынған сейфті ұрлап кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Сарыағашта сейф ұрланды

ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында хабарланғандай, Сарыағаш аудандық ПД кезекші бөліміне жергілікті тұрғын белгісіз біреулер үйіне кіріп, алтын заттар мен 11 мың АҚШ доллары салынған сейфті ұрлап кеткенін айтып, арызданған.

– Полиция бұл фактіні ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, «Ұрлық» бойынша бірыңғай тізілімге тіркеді. Жәбірленушіге келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 10 миллион теңгені құрады, – делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында учаскелік полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындар – күдікті екі ағайынды азаматты ұстады. Олардың біреуі бұрын сотталған болып шықты.

– Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер үйде адамдар болмаған күнді күткен, содан кейін қоршаудан секіріп, терезе арқылы үйдің ішіне түседі. Ұрылар жатын бөлмедегі сейфті ұрлап, оқиға орнынан қашып кеткен. Содан кейін ауылдың шетінде сейфті бұзған. Ішіндегі алтын бұйымдар мен ақшаны алып, сейфті лақтырып жібереді. Олар ұрланған мүлікті сатып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда, – делінген хабарламада.