Қазақстан • 12 Шілде, 2021

7 мыңнан астам студент несиеге білім алатын болды

527 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

7 287 қазақстандық студент ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ көмегімен білім несиесін алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

7 мыңнан астам студент несиеге білім алатын болды

Ұйым несиелер бойынша кепілдік береді. Нәтижесінде талапкерлер мен студенттер негізгі қарыз сомасын төлеу мерзімін 10 жылға дейін ұзартып, несие ала алады.

Бағдарлама мемлекеттік білім грантын ұтып алмаған талапкерлер мен студенттерді қолдауға арналған.

Естеріңізге сала кетейік, биыл грант саны 5 мыңға артып, бакалавриатқа – 56 мың, магистратураға – 13 мыңнан астам және докторантураға түсу үшін 1800-ден асты.

Мемлекеттік білім грантын ұтып алмаған талапкерлер мемлекет кепілдігімен несие рәсімдеу арқылы оқу ақысын төлей алады. Білім алу үшін қаражатты қазақстандық жоғары оқу орындарының кез келгеніне жіберуге болады.

«Білім несиесін алған студент оқуын аяқтағаннан кейін 6 айдан соң негізгі қарыз сомасын өтей бастайды. Несие сомасы шектелмеген, ең бастысы, ол оқу құнынан аспауы тиіс. Сондай-ақ түлек айыппұл санкциясынсыз қарызды мерзімінен бұрын төлей алады», деп хабарлады Білім және ғылым министрлігі.

Несиені екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімдеуге болады. Талапкер білім несиесін алу үшін серіктес қарыз алушыны ұсынуы қажет.

Ол банкке жұмыс орнынан соңғы 6 айдағы кірісі мен зейнетақы аударымы туралы анықтама тапсыруы тиіс. Сонымен қатар серіктес банктердің әрқайсысы қарыз алушыға қойылатын талаптар мен оқу ақысын төлеуге несие беру шарттары көрсетілген жеке бағдарлама әзірлеген.

Банктің оң шешімінен кейін банк қарыз шартын жасап, кредит сомасы оқу орнының шотына аударылады.