Қазақстан • 12 Шілде, 2021

«Жусан» операциясының айтылмаған тұстары

912 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Жусан» арнайы операциясы бастау алғалы 2 жыл уақыт өтті. Бастапқы кезде елден тысқары жүрген азаматтарымызға қоғамда үрке қарағандар басым болғанымен, құзыретті мемлекеттік органдар бірлесе атқарған іс-әрекеттердің нәтижесінде бұл күдіктің сейілгені байқалады.

«Жусан» операциясының айтылмаған тұстары

Ерлан Қарин,

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі,
сая­саткер:

«Бұл мә­селеде қарсы шық­қандар да, жақ­таушылар да болды. Бірақ мәселе оң шешілді. Басты ерекшелігі – гуманитарлық жағынан ауқым­дылығы, балалар тағдыры, олар әке-шешесінің қатесі үшін жауап бер­мейді. Біз қайтармасақ, бұл балаларды ертең өз елімізге қарсы шы­ғаруы да мүмкін еді. Балалар – біздің болашағымыз, алдымен солардың жағдайын ойладық. Бұл өте маңызды, қауіпсіздік тұр­ғысынан жасалған операция болды. Біздің бұл әрекетімізді шетелдер де бағалап жатыр. Уақытында жүзеге асырылған операция болды. Меніңше, жұрттың басым көпшілігі түсінеді, қолдайды. Ел аралап жүргенде осы опе­ра­цияға байланысты көп сұ­рақ қойылады. Қауіптенетіндер де, күмән­да­натын адамдар да бар. Дұрыс па, дұрыс емес пе деген сұрақ туындауы орын­ды. Кейбіреулер олар­ды қай­тарсақ, қаупі жоғары деп ойлайды. Оларды сол жақта басым күштер пайдаланып отыр. Олар – біреудің қолындағы қару. Қайтармасақ, оларды болашақта өзімізге қарсы қару ретінде пайдаланбайтынына кім кепіл? Сондықтан оларды қай­тару ар­қылы біз үлкен қауіптің ал­дын алдық. Бұл гуманитарлық жа­ғынан да, қауіпсіздік жағынан да өте дұрыс қадам болды».

Бірінші кезеңде 47 адам (6 ер адам, 11 әйел, 30 бала), екінші кезеңде 231 адам (16 ер адам, 59 әйел, 156 бала, оның ішінде 18 жетім), үшінші кезеңде 246 адам (8 ер адам, 67 әйел, 171 бала, оның 9 жетім), төртінші кезеңде 71 адам (3 ер адам, 19 әйел, 49 бала, оның 5 жетім), бесінші кезеңде 12 адам (4 ер адам, 1 әйел, 7 бала, оның 2 жетім), жалпы жиыны 607 адам (37 ер адам, 157 әйел, 413 бала, оның 34 жетім) елге қайтарылды. 

Операцияның бастапқы кезеңі 2019 жылғы қаңтарда өткізілді, ал соңғы бесінші кезеңі коронавирус індетіне қатысты шектеу­лерге байланысты бірнеше рет шегеріліп, 2021 жылғы ақпан айын­да іске асырылды.

Кезең-кезеңімен өткізілген опе­рацияны іске асыруға теріс пиғыл­ды күштер де, әлемді жай­лаған індет те кедергі бола алма­ды. Себебі Ұлттық қауіпсіздік ор­гандарының қызметкерлері алдында өз азаматтарымызды елге қайтару міндеті тұрды. Олар өз өмірлерін қатерге тіге оты­рып, елімізден жырақта жүр­ген қорғансыз жесірлер мен қам­қорсыз жетімдерді аман-есен туған жерге жеткізді.

Осы уақыт ішінде бөгде ел­де қиын жағдайға тап болған қан­шама отандасымыз елге қайта­рылды. Қайтарылып қана қойған жоқ, оларды қалыпты өмірге оралту үшін кешенді түрде оңалту іс-шаралары да жүйелі түрде жүзеге асы­рылды. Осындай ұйымдасқан игі істің арқасында қақтығыстар оша­ғынан қайтарылған азаматтарымыз бейбіт өмірге оңай бейім­деліп, өз жолдарын таба білді.

Ерлан Қарин: «Бұл шынында да күрделілігі жағынан өте ауқымды операциялардың бірі бол­ды. Әрине, тәуелсіздік жылдары Қазақстан өзінің ұлттық қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бағытында әр кезеңде қиын да күрделі іс-шараларды қабылдады. Дәл қазіргі таңда «Жусан» опе­­­рациясы – қауіпсіздік қыз­меттерінің тарихындағы ең күр­делі, ауқымды іс-шаралардың бірі болып қалатыны сөзсіз. Біздің елдің қауіпсіздігі тарихында ғана емес, халықаралық деңгейде де. Қазіргі уақытта Си­рия­да ахуалдың, ондағы күш­тердің ара-қатынасының өзгеруіне бай­ланысты мұндай операциялардың ен­ді орындалуы екіталай. Бұл операцияның күрделілігі, ең алдымен, ауқы­мында. Ерекшелігі – түрлі ел­дердің мүдделерінің араласып кетуінде, әртүрлі геосаяси топ­тар да араласып, қақтығыс жағ­дайын туғызып жатқанында.

Біріншіден, Қазақстан жағы Сирия­мен жауласушы жақтармен келісімге келді, екіншіден, Си­риядағы процеске араласып отыр­ған басқа да түрлі күштермен ке­лісімге келе алды. Қазақстан басшы­лығының, Ұлттық қауіп­сіздік қызметтерінің саяси беде­лінің әсері болды. Осы операция арқылы өзімізді Ресей, Америка, Таяу Шығыс елдеріне сенімді әріп­тес ретінде көрсеттік».

Ержан Ашықбаев,

Сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары,
Қазақ­стан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

«Әрине, «Жусан» операциясы – Қазақстан тарихында да, жалпы, жаңа қалыптасып отыр­ған жағдайда да бірегей операциялардың бірі деп толық­тай айтуға болады.

Терроризм феноменімен ха­лық­аралық қоғамдастық ғасыр­лар бойы таныс болғанымен, біз тек осы ғасырлар тоғысында, XXI ғасырдан бастап қана жиі кездесетін болдық. Сондықтан Қазақстан дүниежүзілік қоғам­дастықтың жауапты мү­шесі ре­тінде өз үлесін қосып отырды. Біз, айталық, Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіндегі екі жыл­дық мерзіміміз кезінде де терроризмге қарсы бағытталған іс-әрекет­терді үйлес­тіруге, ұйымдас­тыруға қатысып отырдық. Бұл мәселелер, әрине, Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүниежүзілік қоғам­дастықтың назарында бол­ды. Сондықтан біз де осы мәселелерге толықтай атсалыстық.

Ал «Жусан» операциясына келетін болсақ, бұл үшін прак­тикалық тұрғыдан, әрине, Қазақ­станның бір ғана елмен емес, көптеген елдермен, көптеген халық­аралық ұйымдармен әре­кет­тесуіне тура келді. Айта кетер­лік жайт, осы операция кезінде Сирия мен Ирак мем­лекеттерінің территориясында құрылған ИГИЛ, ДАИШ тобының қарамағында болған жерлерінен азат етілген жерлерден біздің Қазақстан аза­мат­тарын алып келуге бағыт­талғандығы мәлім. Сонда біз, әрине, аталған мемлекеттермен, Америка Құрама Штаттарымен өте тығыз ынтымақтастықта жұ­мыс істедік. Сондай-ақ халық­ара­лық ұйымдармен, сонымен қатар сол аймақтарда гуманитарлық миссиямен жүрген бейресми мемлекеттік емес ұйым­дармен де жұмыс істедік. Әрине, кейбір мемлекеттер, кейбір ұйымдар қауіпсіздік тұрғысынан әлі күнге дейін өз рөлдерін ал­дың­­ғы қатарға шығармауға ты­­рысуда. Біз бұл ұстанымға толықтай құрметпен қараймыз, қабылдаймыз. Сондықтан бұл операцияға бізге көмектескен, тіпті өз аумағы арқылы ұшақ­тары­мызға ұшу құқықтарын бер­ген кем дегенде 20-дан астам мемлекет пен халықаралық ұйым қатысты десем, артық болмас. Әрқайсысымен жеке-жеке келіссөздер жүргізіп, олардың тарапынан қол ұшын созған жақсы қатынастармен ғана кездесіп отырдық. Барлық әріптесімізге ризамыз. Әрине, бұл терроризмді жеңу – бір мемлекеттің қо­лын­да емес. Тек бір мемлекет терроризмді ешқашан жеңе ал­­­майды. Тек ұжымдық ын­тымақ­тастық арқылы, осындай бірлес­кен іс-әрекеттер арқылы ғана бұл мәсе­ленің шешімін табуға болды.

Ауқымына қарағанда дайын­дық жұмыстары жедел түрде, шұғыл түрде өткізілді. Оған қоса, соғыс қақтығыстары болып жатқан аймаққа барудың өзі қиын­ға соқты. Соған қара­мастан, өте аз уақыт ішінде біз өз азамат­тарымызды тауып, тиісті сәйкестендіру жұмыстарын жүр­гіздік. Қазақстан – жалпы осы соғыс аймақтарынан өз аза­маттарын алған алғашқы мем­­­лекеттердің бірі болды. Ал бір­неше айлар, жылдар бойы қақ­тығыс аймағында өмір кеш­­кен жандар, әсіресе, балалар мен аналар көмекке зәру еді. Оны операцияға тікелей қатысқан әріптестеріміз өз көзімен көр­ді. Сондықтан кейбір көршілес мемлекеттердің аза­маттары да «Біз – қазақстандықтармыз, бізді де ала кетіңіздер», деп жағдайларын айтуға тырысты, бірақ біз тек Қазақстан азаматтарын ғана алып келдік. Ол үшін тиісті жұмыстар жүргізілді. Тіпті әкесіз, анасыз қалған же­тім балаларға қатысты ДНК тесттеріне дейін жүргізіп, көзіміз жеткенде ғана, яғни бұл балалар Қазақстан азаматтарынан туған балалар, яғни Қазақстан Республикасының азаматтары екендігіне көзіміз жеткенде ғана алып келіп отырдық.

Бұл жұмысты біз барлық мем­лекеттік органдардың қаты­суы­мен жүргіздік. Қажет болғанда жергілікті полиция қызметкерлері өз деректерінен мәліметтер та­уып берді. Әрине, осы  жұмыста біз қазақстандық мемлекеттік емес ұйымдардың да көмегін көрдік. Қақтығыс аймағына ке­тіп қалған азаматтардың ата-ана­лары да өз балаларын іздеп, өз­дерінде бар ақпаратты бөлісіп оты­рды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей,  бұл жұмысқа көптеген мемлекеттік органдар мен азаматтарымыз  атсалысты. Дәрігерлеріміз, психиатрларымыз, дін өкілдері – бәрі де елге репа­триацияланған адамдарды сауық­тыруға жәрдемдерін аяған жоқ.

Қазақстан көптеген мемлекеттерге үлгі болып отыр. Қазақ елі – 30 жыл бойы түбегейлі түрде бейбіт мемлекет екендігін айғақ­тады. Бізде қарулы қақты­ғыстар болған жоқ. Біз ел ре­тінде ширек ғасырдан астам қан­дастарымызды елге шақырып, қолдан келген көмегімізді көр­сетіп келеміз. Бір миллионнан астам қандасымыз елге оралды. Сонша халқымызды  құшақ жая қарсы алған ел ретінде біз өмір­де бір рет сүрінген 500-600 кісіге де орын таппаймыз ба, мүмкіндігіміз келмей ме? Әрине, келеді. Бұл –  ағылшын тіліндегі identity – біз кімбіз деген сұраққа жауап беру. Бұл сұрақ үлкен философиялық тұрғыдан да, жеке тұлға ретінде де, ел ретінде де, халық ретінде де маңызды сұрақ деп ойлаймын. 

Біз – тек Сирия жөніндегі Астана процесі деген атпен таныл­ған саяси іс-шаралармен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі екі жыл­дық жұмысымызбен шектелмей, практикалық тұрғыдан  нақты істеріміз арқылы терроризм сияқты қауіпті жа­һандық феноменді жеңуге атсалысып отырған мемлекеттердің бірі­міз. Сол тұрғыдан, әрине, бұл біз­дің ғана қауіпсіздігімізге емес, көптеген көршілес, алыс, жақын мемлекеттердің қауіпсіздігіне қосқан үлесіміз деп білемін».

Аида Балаева,

Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

«Біз – жақынын жамандыққа қимаған, жауға бермеген халық­пыз ғой. Сондықтан «Жусан» операциясы сол тек қа­на соғыс болып жатқан жерден адам­дарды алып келу деген ғана мәселе емес, бұл – үлкен, жүйелі, тәжірибелі мамандардың, құзы­ретті органдардың бірлесе іске асырған жұмысының нәти­жесі. Ал осы «Жусан» операция­сы­ның шеңберінде елге алып кел­­гендердің басым бөлігі – балалар. Егер бұл операция сәтсіз өткен жағ­дайда сол балалардың өмірі басталмай жатып қиылды деген сөз емес пе?!

Біздің мемлекетіміздің ең бас­ты құндылығы – адам. Сондық­тан «Жусан» операциясының ең басты нәтижесі – адам өмірі, адамдар­дың болашағы. Ол әр қазақ­стандық азаматтың өмірі осы мем­лекеттің мүддесі екенін көрсетті.

Қазір осы операцияның тә­жіри­бесін басқа елдер де өте мұ­қият зетттеп, қарап отыр. Біздің елі­міздің Конституциясында ең басты құндылық адам ретінде бекітілгеннен кейін, адам қай жерде, әлемнің қай түкпірінде жүрсе де Оның өмірі біз үшін өте құнды. Ол адам қашан да мемлекеттің қорғауында болады. Сондықтан алып келу бір жұмыс болса, біз алып келген адамдар кезінде теріс діни ағымдардың жетегінде кеткен адамдар бол­ғандықтан, оларды радикалды діни көзқарасынан айы­ру үшін кешенді жұмыс жүргізу – біз үшін ең басты мақсат болды. Енді бүгін сол жұмыстың нәтижесінде қайтарылған азамат­тардың 95 пайызы радикалды сенімнен бас тартып отыр. Бұл – үлкен нәтиже, оның сыртында «Ақниет» оңалту орталығының, білікті тео­логтардың, психологтердің, жалпы мамандардың жұмысы жатыр. Бүгінгі күні Орталықтың Қазақстанның барлық аймағында өкілдігі бар. Радикалды діни сенім­нен бас тарту – үлкен жұ­мыстың басы ғана. Елге қайтарылған әйел­дердің көп­шілігінің белгілі бір білімі, ма­мандығы жоқ. Күйеулері сол жақта қаза болған. Жас балалары болуына байланысты жұмыс жасауға мүмкіндіктері жоқ. Осы мәселелер және оларды жаңа қоғам­ға қайта бейімдеу, маман­дық­қа даярлау жұмыстарын үнемі назарда ұстап отырмыз. Бүгінге дейін 45 әйел тұрақты жұмысқа орналастырылды. 70 әйел тігін тігу шеберлігі, бухгалтерия, шаштараз сияқты түрлі біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 5 әйел жоғары және арнайы оқу орындарына түсіп, зайырлы білім алып жатыр.

Кейбір әйелдер қайта даярлау, мамандыққа үйрету курс­тарына белсене қатысып, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында және Қарағанды облысында тігін шеберханаларын, кондитерлік цех және азық-түлік дүкендерін ашып, жұмыс істеуде. Нәтижесі де жоқ емес. Былтырғы пандемия кезінде олар ауруханаларға азық-түлік, дәрі апаруға, тегін маска тігу және оны тарату жұмыс­тарына белсене атсалысты. Түрлі әлеу­меттік желілер арқылы ұйымдас­тырылған бастамаларға, мәдени іс-шараларға қатысты. Мұның барлығы олардың қоғамнан бөлінгісі келмейтінін көрсетеді. Интернетті, зайырлы қоғамды жау көрмей, қайта оралуға деген ынталарын білдіреді.

Бірінші кезекте мектеп жа­сын­дағы балалармен жұ­мыс, кел­гендерді алғашқы ме­ди­­­ци­налық тексеру жүргізу, тиісті емдік іс-шараларын жасау мәселелері тұрды. Одан кейін жеке куәліктерін жоғалт­қандардың құжаттарын қал­пына келтіру, сол жақта ту­ған балалардың туыстығын анық­­тау үшін геномдық сараптама жүргізу де тыңғылықты жұ­мыс­ты талап еткені түсінікті. Осын­дай кең ауқымды мәселені ше­шуде біз еліміздің тиісті ми­нистр­ліктерімен, жергілікті әкім­діктермен өзара тығыз, қоян-қол­тық жұмыс істедік.

Әсіресе, соғыс жүріп жатқан елдерде туған балаларға жаңадан құжат рәсімдеу, қайтыс болған ата-аналардың мәртебесін анық­тау мәселелері әлі де қиындықтар ту­ғызуда. Қазір бұл проблемалар­ды шешу тиісті органдардың қатысуымен Үкі­меттік деңгейде пысықталып жатыр. Ол үшін осындай мәселелерді реттейтін тиісті нор­­­мативтік-құқықтық акті­лер қа­былдау қажет.

Ал жалпы біздің азаматтық заңдарымыз олар теріс діни идея­дан толық бас тартқан соң, қайтадан қоғамдық өмірге араласуларына, еңбек етулеріне, балаларының білім алуына және басқа да құқықтарына ешқандай шектеу қоймайды.

Ұлттық қауіпсіздік деген – ең бастысы, қоғамның да­муы, қоғамның өркендеуі, әр аза­маттың қауіпсіз өмір сүруі. Сондықтан осы үлкен сауа­бы мол қызметті атқарып жүр­ген азаматтардың  жауапты қыз­меттерінде әрқашанда нәтижелі болуына тілектеспін. Әр қызмет­керге денсаулық, отбасына аман­дық тілеймін!».