Аймақтар • 12 Шілде, 2021

Ақшоқыдағы музейді жел шайқады

296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Неге екенін қайдам, Шығыс Қазақстанда жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасы сын көтермейді. Жаңа тұрғын үйлердің қабырғалары қақырап, төбелерінен су сорғалайтынын жаза-жаза жалықтық. Жоқ, жалыққандық емес, мәселенің мән-жайына үңіліп, оң нәтиже шығара қоятындай басшы жоқ. Ендігі жағдай мынау, Ақшоқыдағы Құнанбай әулеті жерленген жердің ойраны шықты.

Ақшоқыдағы музейді жел шайқады

Былтыр Абайдың 175 жыл­дығына орай қоршалған Құнан­бай әулетінің қорымы жауған жаңбырға, соққан желге төтеп бере алмады. Ұлы Абайдың ас­­қар таудай әкесі Құнанбайдың

тақ­та­тасы құлаған, қираған. Тізе бү­гіп, кө­лең­келеп отыратын шатырды соққан дауыл қоршаудың сыртына қарай ұшыр­ған. Бәлкім, дауыл тым қат­ты бол­ды ма? Әлде, әдеттегідей құры­лыс жұ­мыс­тарының сапасына назар аударған ешкім болмады ма?! Олай дей­тініміз, Абайдың 125 жыл­дығына орай салынған ғи­мараттар жауын-ша­шынға, ұйыт­қыған дауылға былқ етпей сақталып келеді. Әрине, ұсақ-түйек жөн­деуді қажет етеді. Бірақ кейін бой кө­терген ғи­мараттардай бүлініп жатқан жоқ.

Айтты-айтпадық, көктемде тақта­тастары көтеріліп кеткені болмаса, той тарқағанша тұрды. Оған да шүкір. Содан бір жылға жетпей, міне, соққан жел қиратып жатыр.

Әрине, табиғаттың тосын міне­зіне жаба салу оңай. Дей тұрғанмен, құрылысшы мамандар жауын-ша­шынға, желдің күшіне байланысты есеп-қисап жүргізбеген бе? Жо­ба­лық-сметалық құжатқа қыруар қар­жы жұмсап жататыны тағы бар емес пе?! Білуімізше, аталған мәдени ны­санға 20 млн теңгенің үстінде қар­жы бөлінген. 

Абай ауданы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, қорым аумағына келтірілген шығынды арнайы комиссия есептеп жатыр. Ал Қасқабұлақ ауылының ішімен аққан жаңбыр суы ешқандай шығын әкелген жоқ. 

Орын алған оқиға туралы Абай ауданының тұрғыны Мәлік­аждар Жүніс­­жанов әлеу­меттік же­ліде дабыл қағып, нақ­ты мысал келтіре отырып, «Абай­дың 125 жылдығында салынған бірде-бір нысан нөсерден құлаған жоқ. Өйткені, әрбір құрылысты ауданның сол кездегі бірінші басшысы Хафиз Матаев тікелей бақылайтын, өзі үл­гермей жатса, ауатком басшыларына тапсыратын. 50 жыл өтсе де, сол құрылыстар әлі тұр. Ба­қыламаған соң мердігерлерге бәрібір» деп жазды. Иә, жазған уәжі орынды секілді.

Ал бұл мәдени маңызы бар нысан Семей қаласындағы облыс­тық өлкетану музейінің қарамағында екен. Музей басшысы Қайрат Сабырбайдың айтуын­ша, акт жасалады.

– Музей тарапынан ауданға хабар­ладық. Дүйсенбі күні акт жасатамыз. Негізі, тапсырыс беруші – біз емес. Абай ауданының Мәдениет үйі мекемесінен қа­был­дап алғанбыз. Осы нысан құ­рылысын жасаған мердігердің кепілдігі бар болса, қайтадан жасап береді. Ол енді акт жасалған соң барып, белгілі болады. Қа­былдап алғанымызға бір апта ғана болған еді, – дейді музей басшысы Қайрат Сабырбай.

Мердігер компанияның бер­ген ке­пілдік уақыты болса, өтіп кет­кен. Қай­та қалпына кел­тіру-келтір­меу мә­селесі ал­дағы күндері қарас­ты­рылады. Айта ке­тер­­лігі, Қас­қа­бұлақтың маңын­да мұн­дай дауыл бірінші рет болған екен. Зар­дабы музей аумағы­на ғана тимей, жергілікті шаруа қожалықтарына тиесілі ғимарат­тардың шатырын да ұшырып кетіпті.