Осы жылы 6 шілдеде «Ер Төстік» қиял-ғажайып ертегісінің желісінде белгілі ақын Қасымхан Бегманов жазған 1 бөлімді 3 көріністі поэтикалық драманың Алматы қалалық Мемлекеттік қуыршақ театрында көрсетілуі жасөспірім көрермен үшін тәрбиелік мазмұны басым болды деп айта аламыз.
Негізінен ертегінің түпнұсқасында жұт кезінде сегіз ұлынан ажырап қалған Ерназар мен оның кемпірінің шаңырағында нәрестенің дүниеге келуінен басталған шытырман оқиғалар бірінен-бірі туындап отырады. Ер Төстіктің жылдам ер жетуі, оның жоғалған ағаларын іздеп ұзақ сапарға аттануы, сол жолда көрген қиыншылықтары мен батырлық әрекеттері, ағаларын тауып әкеліп, олардың жеке-жеке отау құруы, келіндерін алып келе жатқан жолда Ерназардың мыстан кемпірмен жолығуы, т.б. Негізінен Төстіктің бойындағы батырлық қасиеттің, оның ақылдылығы мен айлалығының, қаһармандық-ерлік істерінің көрінуі осы мыстан кемпірмен тікелей байланысты. Бұдан әрі ертегінің оқиғасы күрделене береді.
Ал автор мұндай көріністерді біршама қысқартып, пьесаға Төстіктің ағаларын табу желісін ғана алып, оқиғаны қызықты өрбіткен. Драмада әкесі Ерназардан өзінің сегіз ағасы бар екендігі туралы шындықты біліп алған Төстік Шалқұйрық атқа отырып, оларды іздеп кетеді. Кеще ханның қолында құлдықта жүрген ағаларын құтқаруға шыққанын естіген Саққұлақ, Желаяқ, Шапшаң, Қырағы, Таусоғар, Көлтаусар Төстікпен достасып, жыландар патшасының мекенін іздеуге бірге аттанады. Әрі қарай жолда тіл бітіп, батырдың сенімді серігіне айналған тұлпарының айтуымен басты қаһарман Мыстан кемпірді алдап соғып, жер астына түседі. Сөйтіп, Кеще хан мен Мыстан ойластырған барлық өнер сайыстарынан озып шыққан Ер Төстік пен оның достары жауларын жеңіп шығады. Осындай желіге негізделген пьесаның басты идеясы батырлықты, досқа адалдықты, қайсарлықты, ептілікті бүгінгі жас бүлдіршіндердің санасына сіңіру, сол арқылы ұлттық кодымызды жастардың бойына дарыту болып табылады.
Режиссер Еркебұлан Қабдыл пьесаның осы идеясын дөп басып, қойылымның құрылымын балалардың қабылдауына қарай бағыттаған. Спектакль прологінде сазгерлер А.Жолдасхан мен Б.Байшығаш шығарған күйдің әуені мен жаршының даусы сахна сыртынан естіледі. Сахна түкпіріндегі кермеден (ширма) тізбектеліп өтіп жатқан керуендер де ерте замандағы бабалардың өмір салтынан хабар беріп, спектакль оқиғасына бірден қызықтырып әкетеді.
Планшетті қуыршаққа тән әрекет етудің басты талаптарын қатаң сақтаған режиссер кейіпкерлердің өзіндік тәртіппен орналасуына бағынатын қызықты мизансценалар таба білген. Айталық, Ер Төстіктің ағаларын іздеп шыққан алғашқы сахналарының біріндегі жаршылардың сөзі, сахна төріндегі кермеден көрінетін батырдың атпен шабуы және «Hassak-Құрманғазы» күйінің дүбірлі үні драманың құрылымдық мазмұнына сай келген. Бұл көрініс алдағы жойқын оқиғаның боларын байқатады. Спектакльде әрбір қазақтың делебесін қоздыратын ұлттық ойынның бірі бәйге кезіндегі Шалқұйрықтың қарқынды шабысына екпін берілген. Текті жануардың өзге жылқы атаулыны шаңына ілестірмеуі, осы көріністің күмбірлеген күйдің көркем үнімен астасуы спектакльдегі халықтық болмысты айқын көрсеткен сахна болды.
Жалпы спектакльдегі шытырман оқиғалар сахналық параллельдікте ойналып отырады. Яғни сахнаның күңгірт тартқан төріндегі кермеде Ер Төстіктің сар далада Шалқұйрықпен шауып келе жатқан көрінісі, сондай-ақ Мыстанның батырды қууы сияқты басқа да әрекеттер берілсе, өзінің межелі жеріне жеткендегі қимыл-қозғалыстар авансценадағы тау-жоталардың үстінде (немесе қасында) орындалады. Негізінен шығарманы балаларға арналған қойылымдарда аса байқала бермейтін тосын шешімдерімен және өзгеше формамен өрнектеген режиссердің тұжырымы бойынша Ер Төстік пен оның жүйрік аты Шалқұйрықтың екі қуыршақ бейнесі бар. Бірі – сол керменің үстіндегі алыстан кішкентай қалыпта көрінетін түр-сипаты, ал екіншісі – көрерменнің көз алдында, яғни авансценаға жақын орналасқан тау-жотаның үстінде әрекет ететін үлкен бейнесі. Мұны да режиссердің тапқыр шешімі дейміз. Жалпы аталған керме ұлы дала төсінде болып жатқан оқиғаларды алыстан көрсету үшін қолданылған.
Поэтикалық драмадағы Саққұлақ, Таусоғар, Көлтауысар, Шапшаң, Желаяқ, Қырағы сынды кейіпкерлер біріншіден – адамдар арасындағы достықты меңзесе, екіншіден – басты қаһарманның жетістікке, жеңіске жету жолындағы көмекші кейіпкерлер ретінде алынған. Ал зұлымдық иелері Кеще хан мен Мыстан кемпірдің, жыландар мен айдаһарлардың кескінінен, айтқан сөздері мен іс-әрекеттерінен қатыгездікті, жауыздықты байқаймыз. Осындай екі жақты мінездегі бейнелердің арасындағы тартыс оқиға желісі дамыған сайын күрделене түседі.
Сахнаның артқы және алдыңғы планында, авансценада өнер көрсетіп жүрген актерлер мен қуыршақтар іс-қимылдары өте қисынды, әрекет пен эмоцияға толы. Бұл жерден біз жансыз қуыршаққа жан бітіріп, Төстіктің батырлығы арқылы халықтың мұң-мұқтажын баяндаған рөл орындаушылардың шығармашылық жарқын ізденісіне куә болдық. Мәселен, бірде жаршының, енді бірде Шалқұйрықтың рөлін орындап, сахналық әрекетін сол кейіпкерлерінің шығармадағы әлеуметтік орнына, мінез-келбетіне қарай бағыттай білген Арайлым Байырбекова даусы мен іс-қимылын болып жатқан әрбір оқиғаның мәні мен мағынасына қарай құбылтып, өзгертіп отырады. Шалқұйрықтың достыққа адалдығы мен мейірімділігін актрисаның үнінен байқаймыз.
Сол сияқты бір орында тағат тауып тұра алмайтын Желаяқты кескіндеген Бақытжан Қаюовтың ойыны да аса нанымдылығымен есте қалды. Режиссер Е.Қабдыл мен суретші А.Жүсіпәлі үнемі көңілді жүретін комедиялық кейіпкердің мінезіне және әлеуметтік орнына сай аяғына қызыл етік кигізіпті. Кей сәттерде қолдары мен аяқтары екі орындаушының көмегімен қозғалатын Желаяқ көрерменін пантомималық әрекеттерімен баурап алады. Режиссер трактовкасын тура ұққан актер бұл кейіпкердің аяғына көп мағына сиғыза алған. Яғни Желаяқтың қас пен көздің арасында оқтай зуылдай жөнелетін қасиеті осы аяқтарының арқасы екенін бейнелі бедерлеген.
Сондай-ақ Мыстан рөліндегі тәжірибелі актриса Толқын Тлеулиеваның ойынын ерекше атап өткен абзал. Барлық ертегілерде зұлымдығына найза бойламайтын бұл кейіпкер даусының жағымсыз болатыны белгілі. Актриса оның қатыгездігіне, залымдығына сай дауысын қырылдатып, тісін ақситып, ертегілерде жауыз, қатыгез деп саналатын кейіпкердің болмысын тура мағынасында ашып берді. Орындаушы тұрса отыра алмайтын, отырса тұра алмайтын Мыстанның кейіпсіз ұсқынына қоса кемпірдің айласына құрық бойламайтын қулығын да шынайылықпен көрсетті. Бұл қуыршақ Мыстанның басын қалт-құлт еткен қозғалысынан, дірілдеген үзік-үзік сөздерінен аңғарылып тұрады. Актрисаның қуыршақты қимылдатуы, оны көз ілеспес жылдамдықпен ойнатуы Мыстан бейнесін әр қырынан ашып отырды. Осы тұста айта кетерлігі, Ер Төстіктің Шалқұйрықтың ақылымен Мыстанды алдап, оның мойнына іліп алған жерасты қақпасының кілтін алып қашу көрінісінде сенімсіздік бар. Яғни батырдың мыстаннан сол кілтті жұлып әкететін сәті түсініксіз болып қалған. Ер Төстіктің нені алғаны, қалай алғаны байқалмайды. Демек, бұл көріністі алдағы уақытта қайта қарап, нақтылай түсу қажет.
Жалпы рөл орындаушылардың барлығы да өз кейіпкерлерінің өмір-тағдырынан сыр шерткендей күйді поэтикалық драмадағы әрбір сөздің поэзиялық мәнінен, әрбір сөздің айтылу мәнерінен таба білген. Ерназар рөліндегі Алтай Тәуекеловтің дауыс құбылуынан көпшілік елге төнген қатерден хабардар болса, Төстікті бейнелеген Шоқан Құлназаровтың үнінен кек алу жолына түскен жас батырдың аңғалдығы, өкініші мен қайтпас қайсарлығы қатар байқалып тұрады.
Әрине, осындай ерлікті насихаттайтын шығармадағы Е.Қабдылдың режиссерлік шешімінде бүгінгі қазақ қоғамының әлеуметтік мәселесін көрсету де жоқ емес. Қойылымның соңындағы Ер Төстіктің айдаһарға айналған Кеще ханды жеңуінен ел мен жерді қорғау мәселесі байқалады. Бүлдіршіндер қазақ ұғымында биіктікті, асқақтықты білдіретін, ынтымақты насихаттайтын Самұрық құстың да достығына, барлық жағымды кейіпкерлерді жердің бетіне алып шыққан оның адалдығына куә болады. Сол сияқты жер астын мекен еткен жыландардың бейнесі олардың ирелеңдеп қимылдауына ыңғайлы, жұмсақ матадан жасалыпты. Олардың Төстіктің жан-жағынан ысылдап шығуы, батырдың денесіне оралуы, шағатындай айбаттануы нағыз зұлымдық мекен еткен орданың атмосферасын береді. Актерлердің сол жер бауырлаушыларды сыммен қимылдатқан қозғалыстары спектакльдегі тартысты тереңдетуге мүмкіндік туғызған.
Режиссер мен суретші шығармадағы аталған кейіпкерлердің қуыршақ бейнесін, түр-сипатын олардың мінездеріне, ертегідегі атқаратын қызметіне қарай келісті жасаған. Мысалы, бірнеше шақырым жердегіні жылдам естіп қоятын Саққұлақтың қалқан құлақтары көзге бірден түседі. Ал қос ұрты томпайып тұратын Көлтауысардың қарнына теңіздер мен көлдер суы сиып кететіндей үлкен. Сол сияқты Шапшаңның қолдары, ал Желаяқтың аяқтары ұзын, олар қандай қиын істі болса да тез орындайтын қасиетке ие. Ал жер астындағы жыландар патшалығының ханы Кещенің денесі адам болғанымен аяғы жылан күйінде беріледі. Бұл қуыршақ та оның шығармадағы орнына сай жасалыпты. Мұндай қуыршақтар әрине балалардың көзкөрім (визуалды) түрде қабылдауына жеңіл әрі олардың тапқырлығын, достыққа адалдығын есте сақтауына жеңілдік тудырады. Авансценаға жақын орналасқан тау-жоталардың ұлттық ою-өрнектермен бедерленуі де қисынды. Қуыршақ-Төстік сәби кезінде жеңіл жейде, қамзол, шалбар киіп, басына орамал байласа, кейіннен жігіт болып ер жетіп, батыр атанған соң қазақ батырларына тән басына дулыға, үстіне сауыт киіп, беліне қылыш асынған. Мұның да режиссер ұстанған ұлттық нақыш пен халықтық бояуды насихаттап тұрғаны анық.
Зухра ИСЛАМБАЕВА,
өнертану кандидаты, доцент