09 Қаңтар, 2014

Шоқан күнделігі шерткен сыр

10610 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Шоқан Уәлиханов бар-жоғы отыз жылдық өмірінде Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының өмірін, тарихын, тұрмысын зерттеу ісінде баға жетпес құнды еңбектер қалдырды. Олар бүгінде өзінің тарихи мәнін әлі жойған жоқ. Сондықтан да болар, Шоқанның қалдырған мұралары табылып, бізге жеткендері кейінгі елу жыл ішінде ғана екі рет бес томдық шығармалары орыс тілінде жарық көрді. Шоқантанудағы тағы бір аса елеулі жаңалық, бұл ғалымның бұдан екі жыл бұрын шығармаларының алты томдығы төл тілімізде шығарылғандығы болса керек.

Шоқан Уәлиханов бар-жоғы отыз жылдық өмірінде Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының өмірін, тарихын, тұрмысын зерттеу ісінде баға жетпес құнды еңбектер қалдырды. Олар бүгінде өзінің тарихи мәнін әлі жойған жоқ. Сондықтан да болар, Шоқанның қалдырған мұралары табылып, бізге жеткендері кейінгі елу жыл ішінде ғана екі рет бес томдық шығармалары орыс тілінде жарық көрді. Шоқантанудағы тағы бір аса елеулі жаңалық, бұл ғалымның бұдан екі жыл бұрын шығармаларының алты томдығы төл тілімізде шығарылғандығы болса керек.

Шоқанның жан-жақты өнер иесі екендігін оның кез келген еңбегінен оңай аңғаруға болады. Соның бірі – жинақы да шымыр шығармасы – «Ыстықкөл сапары күнделігі».

Шоқан бұл еңбегін жазғанда бар-жоғы 21 жаста екен. Егер Ш.Уәлихановтың ғылыми өмірбаянын жазып кеткен академик Әлкей Марғұлан дерегіне сүйенсек, бұл жаста Шоқан Омбыдағы Батыс Сібір генерал-губерна­­­торлығын басқаратын генерал Г.Х.Гасфордтың адъютанты, яғни жеке тапсырмаларын орындаушы болған.

Баршаға аян, Ұлы жүз қазақтары ХІХ ғасырдың ортасына таман Ресейге кешірек бағына бастады. Міне, осы мемлекеттік маңызы басым бұл істе патша үкіметі сақ саясат жүргізуі қажет болды. Өйткені, ол кезде бұл аймаққа Қоқан хандығының да ықпалы күшті болатын. Әсіресе, оңтүстікпен іргелес Іле сырты, Ыстықкөл маңында үлкен де күрделі істер өз шешімін күтіп тұрды.

Бұл жауапты жұмыстың басын ертелі-кеш қайыра беру мақсатымен Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х. Гасфорд 1856 жы­­­лы көктемде патша үкіметінің ұй­ға­рымына орай, Ыстықкөл ай­­ма­­ғына ғылы­ми-әске­ри экспеди­ция шы­­­ғаруға бұйрық бере­ді. Экс­­пе­­­диция жетекшілігіне Ұлы жүз қазақ­­тарының сол кездегі приставы және Алатау округінің бастығы, полковник М.М.Хо­­­мен­товский тағайындалды. Экспе­­­дицияның мақсаты – қырғыз халқымен жақынырақ болса да танысу және Ыстықкөл аймағын картаға түсіру еді. Құрамы жүзге тарта адамдардан тұратын экспедицияға Шоқан да енгізілді.

 Шоқанның бұл экспедицияға енгізілуінің де салмақты себебі бар. Жас офицер бұдан бір жыл бұрын ғана, яғни 1855 жылы сол генерал Гасфордпен бірге Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатай сапарына қатысып қайтқан еді. Осы сапар кезінде ол генерал Гасфордтың назарына ерекше ілініп, болашақ Ыстықкөл экспедициясы үшін жергілікті адамдардың ішінен оңайшылықпен табылмас маман деген тұжырым қалыптасқан еді.

Шынында осылай болды да. Сібірдің сол кездегі ең жоғарғы әскери оқу орны деп аталатын Сібір кадет корпусын сегіз жылдық оқу бағдарламасы бойынша үздік бітірген Шоқан білімімен, зеректігімен маңайындағылардың назарын өзіне аудара білді. Сондықтан да болар, Гасфордтың жеке жарлығы бойынша Омбыдан Семейге, одан әрі Аягөз арқылы 1856 жылдың сәуірінде Шоқан сол заманның ең жүрдек көлігі – тарантас арқылы үш апта ішінде Верный бекінісіне жедел жеткізіліп, экспедицияға қосылды.

Әрине, бүгінгі біздер үшін ұлы ғалым күнделігіндегі сол кездердегі деректер аса қымбат. Бұл орайда, ескерер бір жай, Шоқан Омбыдан Семейге дейінгі жол жүрісін қағазға түсірмеген. Ол Семейден шыққан сәттен бастап күнделік жазуды қолға алған. Күнделіктегі Семей мен Аягөз аралығындағы жолдың суреттелуі тым қысқа болса да барынша нұсқа.

Шоқан 20 сәуір күні түнде Аягөзге жетеді. «Аягөз шағын станса, онда найман руларын басқаратын округтік пристав бар». Саяхатшының үш ай бойы жүргізген күнде­лігінің желі тартып, өрлеуі де дәл осы сөйлемдерден кейін басталады. Шоқан сипаттаған Аягөз ол кезде қазіргі Аягөз қаласынан сегіз шақырым жердегі қазіргі Мамырсу ауылының орнында болған. Іргесінен Аягөз өзені ағып жатқан осы жерде 1831 жылы кішкентай қыстақтың орны қаланып, жаңадан құрылған округтің орталығы болды.

Аягөз 1860 жылы Сергиополь деп өзгертіл­­­ді де, содан Кеңес өкіметі тұсында ғана Түр­­­­к­­­сіб темір жолының бойында ірге тепкен жаңа қаланың атауы болып өмірге қайта орал­ды. Сергиополь кезінде сауда керуен жолда­рының өтінде тұрғандықтан біраз өсіп ұлғая­ды. Теріскейінде Семей, түстігінде Орталық Азия шаһарлары, шығысында Шәуешек, Құлжа қалалары, батысында атақты Қоянды жәрмең­­­кесінен тартылған сауда жолдарының нағыз түйіскен тұсында орналасқан оған сан бұйым­дар артқан керуендер келіп-кетіп жататын.

Семейден бері қарай сусыз, жалаңаш даламен жүріп келген Шоқан Аягөз аймағында табиғат көрінісінің бірден өзгер­­­генін байқайды. «Шынында да маңайдағы шөлейтті сусыз дала­­­мен салыстырғанда Аягөз жерұйық секілді», деп тегін жазбаса керек. Әділінде Шоқан бұл жерден табиғаттың дүр сілкініп, жаңғырар шағы көктемде өткен-ді. Ол бүкіл жол бойы масаты көкке қымтанған далаға, енді ғана жапырақ жарған тал, тобылғы, қарағандарға сүйсіне көз салумен болған.

Шоқан Аягөзден Верныйға қарай қайта жолға шыққаннан-ақ, одан 90 шақырымдай жерде осы аттас өзеннің ар жағында орналас­­­қан халқымыздың тамаша махаббат дастаны­­­ның кейіпкерлері Қозы Көрпеш пен Баян сұлу­­дың зиратын көруге мықтап бекінген екен. Сондықтан Шоқан күнделігінің алғашқы беттерін­де-ақ: «Мен Аягөзді мейлінше сүйіп, оған таңданамын. Мүмкін, бұл жайында осы өзен жағасында дүниеге келген сұлу Баянның ал­тын айдарлы Қозы Көрпешке ғашық болуы жа­­­йындағы поэтикалық ғажап аңыздың да себе­бі бар шығар. Біз бұл дастанмен жақсы таны­сып, зерттеген едік. Ендігі ойымыз – ол жерге таң алдында, ертеңгі таң шапағы теректер мен суды нұрға малындырып, бозторғайлар әнде­­­ріне басқанда, зират қасында тәтті ойларға бері­­­ле отырып шай ішу еді», деп жазуы тегін емес.

Бірақ, атбасын әдейі бұрғызғанымен көктемгі өзен суының қатты тасуынан Шоқан зират басына жете алмағандығы да белгілі. Оны да Шоқан күнделігінің өзі баяндайды. Ендеше, тағы да күнделікке көз жүгіртелік.

«Адам жобаласа да, құдай шешеді. Түні бойы жаңбырдың ірі тамшылары тарантастың шатырына тарсылдаудан тынбады. Батпаққа толарсақтаған аттар аяңға әрең жарап келеді. Бір дауыспен сорғалаған жауынның дыбысын тек шыбыртқының ысылы мен қалжыраған аттардың пысқырынуы, көшірдің жеки шыққан дауысы ғана бөледі.

Түн тіптен нашар болды, жүріс те оңбады. Ойлаған жоспарымыз жүзеге аспай қала ма деп қауіптенемін. Көшірден әлденеше рет:  «Күн ашылар түрі бар ма?» – деп сұрадым. Қара бақайына дейін малшынған көшір мұндайда «жоқ» деп қоңқ ете қалады да етегіне жинал­ған суды сілкіп тастап: «Құдайдың күні-ай», – деп тағдырына наразы болғандай үн қатады. Егерде жылдам жүргенде бекеттің пешіне шығып, әлдеқашан ұйықтап жататын көшірді аяймын. Бірақ, сұлу Баянның да аруағын қия алмаймын.

Осылайша біз бір сағаттай жүрдік.

– Мәртебелім, – деді көшір, – мола әне тұр! Мен басымды тарантастан шығардым. Күн түнеріңкі бұлттың аржағынан әзер байқалады. Аспанды түгелдей былғаныш бұлттар қаптап алыпты. Жаңбыр бұрынғыша төгіп тұр. Ақ көбік болған аттар сортаң лаймен әзер жылжиды, ол жақтағы өзеннің арғы бетіндегі теректердің бастарынан асып бейіттің сүйір мұнарасы көрінеді, жырақтан ол қызыл қыштан қаланғандай байқалады. Мұндай ауа райында шай ішу, қазақтың көне ескерткішін мұқияттап қарау жайлы ойлаудың қажеті жоқ еді.

– Шамасы, өзен тасып жатқан секілді, мәртебелім, өткел бере қоймас, – деді көшір менің ойымды жорамалдағандай.

– Ілгері тарта бер, қайтар жолда қараймыз, – дедім де мен тонымды қымтанып, қалғып алу мақсатымен оң жағыма қисая кеттім...».

Шоқан күнделігінен бұл ұзақ үзіндіні әдейі беріп отыруымыздың да өз сыры бар. Оның қаламынан орысша шыққан осы жолдарды оқып отырғанда, бізге нақ бір ХІХ ғасырдағы орыс прозасының үздік үлгілері көлденең тартылғандай әсер беретіні анық. Бұл салиқалы суреттерді жазған кезде ол небәрі жиырмадан жаңа ғана асқан жігіт болатын. Және бұған сіз осыдан тоғыз жыл бұрын ғана оның бір ауыз орысша білмегендігін қосыңыз.

Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бейітін бұл жолы жақыннан көре алмағанымен, Шоқан шамасы оған сол жылы күзде Құлжаға барған сапарынан қайтар жолда соққан болуы керек. Мұны 1856 жылы бейіт жанында тұрған төрт тас мүсінді бейнелеген суреті дәлелдейді.

Бүгінгі күндері ғалымдарымыздың Қазақстандағы ислам дәуіріне дейінгі V-Х ғасырларында сәулет өнерінің бір үлгісі ретінде атап жүрген Қозы Көрпеш – Баян сұлу бейіті ғылым әлемінде талайдан бері белгілі болып келеді. Бұл ретте генерал В.Б.Броневский жазған мәлімет аса құнды. Бейітті 1825 жылы көрген Броневский ол туралы: «Балқаш көліне құятын Аягөз өзенінің жағасында қазірдің өзінде жақпар тастардан қаланған пирамида аман тұр. Онда тастан қашалған бір еркек, үш әйел мүсіні бар», дегенді айтқан.

Ал 1858 жылы Қапалға бара жатқан жолында осы бейітке соққан, Қозы мен Баян жай­лы дастанды ел аузынан жазып алған Сібір генерал-губернаторлығының чиновнигі Н.Абра­мов оны: «Мазардың биіктігі алты саржын, төрт бұрышты, есігі түстіктен, терезесі бар, өзі тастан қаланған. Қасында ақ тастан қашал­­­ған төрт бейне-мүсін жатыр. Бірі – Баян, бірі – Қозы, бірі – Айғыз, енді бірі – қыз жеңгесі», деп жазған.

Осы жазбадағы мүсіндер жайлы сөздің шын­дыққа жақындығы бар. Оны біз Шоқан сал­ған суреттен де анық байқаймыз. Суретте үш әйел­­­­дің және бір еркектің (басы жоқ) бейнесі бар.

Ал енді, осы тас мүсіндердің кейінгі тағдыры қалай? Кезінде көптеген ғалымдар олардың көне қазақ рулары өнерінің мұрасы екенін ұғып, оны орталық қалалардағы мұражайларға жеткізуге ықыластанады. Әйтсе де, бұл ой жүзеге аса алмай жатқан. Мәселен, оларды ХІХ ғасырдың ортасында Москваның тарихи мұражайына жеткізуге талпынған граф А.С.Уваров өкімет тарапынан көмек алмаған көрінеді. 1898 жылы бейітті зерттеген Түркістан өлкесі археологтар үйірмесінің мүшесі Н.Пантусов ол мүсіндердің тек біреуі ғана сынбай бүтін тұрғанын айтады. Шоқанның төлқұрдасы Г.Н.Потаниннің тапсыруымен оларды соңғы рет зерттеген А.Н.Белослюдов: «Қозы Көрпеш ескерткішінің қасында екі рет болдым. Бірақ мен ешқандай тас мүсіндерді көре алмадым... олардың екеуін Германияға алып кетіпті», деп жазады. Осы сөз шынында да рас болуы керек. Бір деректе оларды сол ХІХ ғасырдың соңғы кезінде Африкадағы герман губернаторы Виссаман әкеткен деген де әңгіме бар.

Ал Шоқан күнделігіндегі: «Біз дастанмен жақсы таныс едік», – дейтіннің де өзіндік себебі бар. Халқымыздың жәуһар жәдігері болып табылатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырымен Шоқан сонау кадет корпусында оқып жүргенде-ақ танысса керек. 1851 жылы (бұл кезде Шоқан 16 жаста) өз әкесі Шыңғыспен Құсмұрында осы жырдың өздері естіген нұсқасын тұңғыш рет қағазға түсірген. Ал бұдан кейін де Шоқан белгілі жыршы Жанақтан осы жырдың екінші нұсқасын жазып алған. Сондай-ақ, 1864 жылы Шоқан Черняевтің экспедициясына аттанар алдында бұл аңыздың тағы бір үшінші нұсқасын ақын Шөженің айтуы бойынша жазып алуға мүмкіндік тапқан.

Шоқан Ыстықкөл сапарында үш жарым ай болды. Осы қысқа мерзім ішінде ол Ыстықкөл мен Жетісу табиғатын, жерінің ойы-қырын, өсімдіктері мен хайуанаттарын әдемі суреттеп жазып қалдырды.

Орайы келгенде айта кеткен жөн, Шоқан Аягөзде өзінің қысқа өмірінде бір емес, үш рет болған. Мұның біріншісі жоғарыда толық баян­далды. Ал Шоқанның бұдан кейінде Аягөзде екі рет болуын біреу білсе, енді біреулер біле бермейді. Екінші рет Шоқан Аягөзден 1858 жылы Батыс Қытай аймағындағы Қашқарияны зерттеу жасырын жүргізілетіндіктен сол жаққа баратын сауда керуенінде Әлімбай деген атпен өткен. Соңғы рет Шоқан Аягөзде 1864 жылы болған. Дәл осы жылдың көктемінде Шоқан Қазақстанның оңтүстік аймағын Ресейге түбегейлі қосу үшін әскери қимылдар жасап жатқан генерал Черняевтың экспедициясындағы тілмаштық мәмілегер тобын басқару үшін тағы да Омбы – Семей – Аягөз – Верный арқылы Әулиеатаға жеткізілген. Бұл туралы дерек Шоқанның 1864 жылы 23 наурызда өзінің досы К.К.Гутковскийге жолдаған хатында анық баяндалған. (Қараңыз: Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. Том 5. А-Ата,  «Наука», 1985, стр.161).

Ашып айтарымыз, бүгінгі Аягөз ауданы­­­­ның орталығы Аягөз қаласында Шоқан Уәли­ха­новтың осы өңірде болуын әрқашан хабардар етер бір белгі – ескерткіш тұғыр орнатылса деген ұсы­нысты көпшіліктің есіне салу.

Ғабит Зұлхаров,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз қаласы.

Соңғы жаңалықтар