Әлем • 13 Шілде, 2021

Ұлыбритания елдегі шектеулерді толығымен алып тастамақ

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлыбритания 19 шілдеде коронавирусқа байланысты барлық шектеуді алып тастаудың соңғы кезеңіне көшеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлыбритания елдегі шектеулерді толығымен алып тастамақ

Ұлыбритания билігі міндетті маска тағу режимін және әлеуметтік арақашықтықты сақтау ережесін алып тастауға шешім қабылдады. Сонымен қатар үкімет үйден жұмыс істеуді тоқтатып, қызметкерлерге кеңседе жұмыс істеуге рұқсат берді.

Алайда премьер-министр Борис Джонсон пандемия әлі аяқталмағанын, соған байланысты абайлап әрекет ету керек екенін ескертті. Ол қоғамдық көліктерде, адам жаппай жиналатын орындарда маска тағуға шақырды. Сондай-ақ үкімет басшысы ойын-сауық орындарының иелерінен келушілердің коронавирусқа қарсы вакцинация сертификатын тексеруді сұрады.

«Біз дүйсенбі, 19 шілдеден бастап, COVID-19 болмаған өмірге бірден орала алмаймыз», деп түсіндірді Джонсон.

Ұлыбританиялық ғалымдардың айтуынша, елде коронавирус толқынының шыңы тамыздың ортасына дейін күтілмейді және тәулігіне 1-ден 2 мыңға дейін адам ауруханаға түсуі мүмкін. Сонымен қатар мамандар күніне 100-200 өлім жағдайы болады деп болжайды. Тәулігіне жаңа науқастардың саны 100 мыңға жеткен жағдайда да билік ауруханалар мен дәрігерлер оны жеңе алатынына сенімді.

«Вакцинация «қорғанысты» құрды – бұл жазғы толқынға төтеп бере алатынымызды білдіреді», деді Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі Саджид Джавид.