30 Сәуір, 2010

ЕЛ БІРЛІГІН ЕГЖЕЙ-ТЕГЖЕЙ ОЙЛАСТЫРҒАН ҚҰЖАТ

823 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстанның Ел бірлігі доктринасының қорытынды нұсқасының тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Доктрина жобасын 2009 жылғы 26 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жалпыхалықтық талқылауға ұсынған болатын. Жұмыс барысында қоғамдық, саяси, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтар тарапынан 500-ден астам ұсыныстар, сондай-ақ жеке жобалар түсті. Құжат қоғамдық комиссияның отырысында, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесінде талқыланып, Президент тарапынан мақұлданған еді. Қоғамдық комиссияның құ­рамын­да Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі, ко­мис­сиясының төрағасы – Е.Тоғ­жанов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Б.Әбдірайымов, Байла­ныс және ақ­парат вице-министрі Н.Оразов, “Ұлт тағдыры” қоғам­дық бі­рлес­тігінің төрағасы Д.Кө­шім, Қа­зақстан кәрістері қауым­дас­ты­ғының вице-прези­денті, тарих ғылымдарының докторы, про­фес­сор Г.Кан, А.Сәрсенбаев атындағы қоғамдық қордың басшысы А.Са­рым, Л.Н.Гумилев атындағы Еур­азия ұлттық университетінің про­фессоры, заң ғылымдарының док­торы Е.Нұр­ғалиева, қоғам қай­рат­кері, жазушы Д.Нұр-Ахмет, Қазақ экономика, қаржы және халықара­лық сауда университетінің про­фессоры, философия ғылым­дары­ның докторы Г.Коченов жұмыс істеді. Баспасөз мәслихаты барысын­да қоғамдық комиссия мүшелері Док­тринаның мәні мен мазмұны ту­ра­лы әңгімелеп, бұл үрдіске азамат­тардың мүдделілігі мен ерекше қызығушылығын атап өтті. Және де азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының көптеген ұсы­ныс­тары ескерілген қорытын­ды құжаттың негізгі ережелерінің тұ­саукесері ұйымдастырылды. Шара­ға қатысушылардың айтуын­ша, Доктрина осы деңгейдегі құжат­тар­дан талап етілетін стандарттарға сәйкес келеді, ол жалпы ережелер, үш бөлім және қорытындыдан тұрады. Доктринада Елбасы Жол­дауын­дағы халықтың басты құн­дылығы ретінде Тәуелсіздік идея­сын ту ету негізі қаланған және онда біздің мемлекет­тілі­гіміздің мәртебесіне сай Доктринаны қабылдау қажет­тілігі атап айтыл­ған. Бұл ретте “...басты мақсат ел дамуының жаңа кезеңінде, стра­тегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азамат­та­ры мойындаған ортақ құнды­лық­тар мен қағидаттар жүйесіне не­гіз­делген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады” деп нақты көрсетілген. Осыған орай, Доктринада Қа­зақ­станның ел бірлігінің төмендегі қағидаттары ұсынылады: Біріншіден, “Бір ел – бір тағ­дыр” ұстанымы аясында ұлт бір­лігін негіздейтін бірінші қағидат – әр азаматтың өзінің ортақ тағдыры мен Отанының – Қазақ­стан Рес­публикасының ортақ екенін ұғыну. “Қандай да бір елдің азаматы болу – әр адамның тағдыры. Алай­да, адамдар әрқашан таңдау құқы­ғына ие – ал біз өз таң­дауымызды жасадық. Біздің таң­дауымыз терең дара сипатта, осы таңдау – біздің барлығы­мызды отандастар етеді. Себебі, біздің ортақ еліміз, ортақ ота­нымыз бар, ол – Тәуелсіз Қа­зақстан” делінеді онда. “Жаңа тарихи кезеңде мем­лекетіміз Қазақстанға өзінің асқақ есімін берген қазақ халқының алдында ұлтты ұйыстырудың алтын діңгегіне айналу жөнінде жаңа тарихи миссия тұр. Жаңа тарихи жағдайда қазақ халқының алдында жаңа тарихи парыз тұр” деп ерекше атап көрсетіледі құжатта. Екіншіден, “Тегі басқа – тең­дігі бір” ұстанымы шеңберінде біз­дің ұлттық бірлігімізге негізделген екінші басты қағидат – этностық, болмаса басқа да шыққан тегіне, діни ұстанымына және әлеуметтік жағдайына қарамай, барлық аза­мат­тарға тең мүмкіндік беру. “Бұл қағидат әрбір Қазақстан азаматы өзінің жеке артықшылығы мен шығу тегіне қарамай, қабілетіне қарай барлық мүмкіндігін жүзеге асырып, жетістіктерге жете ала­ты­нын аңғартады. Отан мен қоғамға қызмет етуге бағытталған қабілет пен дарын еркін дамуы тиіс, оған ешқандай кедергі болмайды” деп көрсетілген. Үшіншіден, “Ұлт рухының да­муы” ұстанымына сәйкес, ұлт бірлігінің үшінші негізгі қағидаты ретінде Ұлт рухын нығайту және дамыту қажеттігі аталады. Біздің Ұлттық рухымызды көтеру үшін негізгі басымдықтар мыналар: дәстүр мен отан­сүйгіш­тік рухы, жаңару рухы, жарыс пен жеңіс рухы, делінеді Доктринада. Қорыта айтқанда, құжатта атап көрсетілгеніндей, тәуелсіздікті сақ­тау және мемлекеттілікті нығайту, мүмкіндіктер теңдігін және азамат­тар құқығы мен бостандығын қор­ғау, интел­лектуалды ұлт құру және ұлттық рухты дамыту – біздің ұлт­тық бірлігіміздің басты ұстанымы әрі әрбіріміздің өмірлік қағидат­тарымыз болуы шарт”. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.