Экономика • 13 Шілде, 2021

Жеңіл өнеркәсіпке жеңіл қарамайық

491 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Коронадағдарыс отандық жеңіл өнеркәсіп саласына да оңай тиген жоқ. Онсыз да қалт-құлт етіп, шығынын жабуға шамасы әрең жетіп отырған секторда еңбек ететін жұмысшылар саны 25 мыңнан 13 мыңға дейін қысқарып кеткен. Қазір еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласында мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істесе, соның 60 пайызы киім тігумен айналысады.

Жеңіл өнеркәсіпке жеңіл қарамайық

«Мемлекет қолдамай, серпіліс болмайды»

Қазақстан жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының басшысы Любовь Худованың айтуынша, елімізде киім бағасы өсуі мүмкін. Қымбатшылыққа себеп – шикізат тапшылығы. Жалпы, жеңіл өнеркәсіптің ел экономикасында әлі күнге өз орнын таба алмай келе жатқаны жасырын емес. Бұл секторға бөлінген көңіл де кемшін. Сол себепті бәсеке де тым солғын. Мемлекет бастамасымен ашылған кәсіпорындар мемлекеттік тапсырысқа сүйеніп күн көреді. Сөйтіп негізінен елдің әскери, қорғаныс, ішкі істер, медицина салаларына арнап киім тігумен айналысады. Жақында Астана экономикалық аймағында орналасқан Astana Ютария ltd тігін фабрикасына барғанымызда кәсіпорын басшылығы мемлекеттік тапсырыс азайса, табыстың да төмендеп сала беретінін айтып еді. Ал нарықтың қыж-қыж қайнаған базарында өзбек пен қырғыз кәсіпкерлері асыр салып жүр.

«Бірнеше жылдан бері отандық өндірушілер үшін қолайлы экономикалық жағдай жасау туралы айтып келеміз. Әзірге еш нәтиже жоқ. Саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын жасап едік. Алайда бұл еңбегіміз Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері тарапынан қолдау таппады. Сала даму үшін бірінші кезекте шикізатты қайта өңдеу мен халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуіміз керек», дейді ол.

Худованың ойынша, мемлекеттік қолдау жасалмай, салада серпіліс болмайды. Бұл ретте ол Қытай елін мысалға келтіреді. «Ол жақта әрбір кәсіпорынға карт-бланш беріледі. Жеңіл өнеркәсіпке мемлекет тарапынан субсидия беріліп, өнімдері әлем бойынша сатылатынына қарамастан, үш жылға дейін салықтан босатылады. Жақында Парламент Палаталарының бірлескен отырысында баяндама жасаған Үкімет басшысы Асқар Мамин 2021 жылдың бес айының нәтижесі бойынша ел экономикасы қалпына келе бастады деді.

Қағазда – ғажап, өндірісте – ...өкінішке қарай

«Бес айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 1,6 пайызды құрады. Барлық салада оң өсім байқалады. Өңдеуші өнеркәсіп экономиканың басты драйверіне айналды. Оның ішінде әсіресе машина құрастыру, химиялық өнеркәсіп, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп ерекше өсім көрсетті», деді Премьер-министр.

Жақсы. Солай-ақ делік. Алайда жыл басында Мәжіліс депутаты Дания Еспаева жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау керегін айтып, Үкімет жеңіл өнеркәсіп шығындарын өтеуі қажет деді.

«Соңғы бес жылда саладағы кәсіпорындардың 40 пайыздан астамы өз жұмысын тоқтатты. Жұмысшылар саны 25-тен 13 мыңға азайды. Біздің нарықты Түркия, Белорусия, Ресей, Қытай тауарлары толтырып тұр. Түркия үкіметі өз тауарын саудалау үшін дүкен арендасы мен франчайзинг желілерін құруды субсидиялайды, инвестиция мен құрылғыларға кеткен шығындарды өтеп береді, елде өндірілмейтін шикізаттарға деген импорттық баж салығын алып тастады. Мұндай шаралар Ресей мен Белоруссияда да жиі қолданылады», деді Еспаева.

Оның айтуынша, отандық тауарлар қымбат сауда үйлерінің сөресіне түспейді. Өйткені «А» класты сауда үйлерінің жалдау құны тым қымбат. Аумағы 50 шаршы метр болатын бутиктердің бағасы айына – 2 млн теңге, ал үш реттік алдын ала төлемдер өнімнің түпкілікті құнын 30-50 пайызға көтереді екен. Мұның соңы біздің тауардың бәсекеге қабілетсіз болып қалуына апарып соқтырады.

«Сондықтан Үкімет маркетингтік көтеру мен аренда ақысы бойынша шығындарды өтеп, отандық өнімдердің сауда желілеріндегі үлесін 10 пайыздан кем бол­мауын қамтамасыз етіп, кейін оны 30 па­йызға дейін көтеруі керек. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін үш пайыз мөлшерінде қосымша құн салығының төмендетілген ставкасын енгізу өте маңызды», деді депутат.

Өзбек пен қырғыз бізге бәсекелес емес

Бәсекелес сөзінің бір синонимі – деңгейлес. Егер деңгейің жетпесе, онда бәсекелесу де ауыр. Қазір біз киім тігіп, шұлық тоқу тұрғысынан Қырғызстан және Өзбекстанмен бір деңгейде емеспіз. Тиісінше, бәсекеге де түсе алмаймыз. Кәсіпкерлік пен бизнес ортаны дамыту бойынша USAID жобасының жетекшісі Зәуре Әбдіраман бізге әуелі Қырғызстан мен Өзбекстан деңгейіне жетіп алу керек дейді. Бәлкім, содан кейін даму туралы ойлану керек шығар. Айтпақшы, қандай да бір нәтиже туралы да содан кейін айтқан абзал.

Оның зерттеуінше, Қырғызстанда 2019 жылмен салыстырғанда жеңіл өнеркәсіп өндірісі 22 пайызға қысқарған. Дайын өнім экспорты 38 пайызға азайған. Секторда дәл қазір 160 мың қырғыз жұмыс істейді. Осыншама жұмыс күші жыл сайын сырт елдерге 100 млн доллардың киімін сатуды іске асырып отыр.

«Қырғыз елі Еуроодақтың GSP+ (дамушы елдер тасымалданатын тауарларға арналған жеңілдетілген кедендік тарифтер жүйесі) атты арнайы жеңілдік жүйесіне қосылған. Мемлекетте саланы дамытудың үш жылдық бағдарламасы жасалған. Карантин шектеулері салдарынан зардап шеккен тігін өндірісіне баса назар аударылады. Сондай-ақ өнімдерді сынақтан өткізу үшін мамандандырылған лабораториялар құрылған. Алыс шетел және ЕАЭО елдерімен жергілікті тігіншілер арасында тәжірибе алмасу конференцияларын да өткізіп тұрады. Шетелдік инвестицияны да жақсы тартады. Бұл ретте әлемдік маңызы бар брендтерге мән береді. Қырғыз тігін бұйымдарының ассортиментін кеңейту және ірі сауда желілерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өнім көлемін ұлғайтумен белсенді айналысады», дейді Зәуре Әбдіраман.

Өңірлік бәсекелестікте бізді шаң қаптырып отырған тағы бір ел – Өзбекстан. Қазір бұл елден сыртқа сатылатын тоқыма бұйымдарының құны 1,86 млрд долларға жеткен. Бұл алтынды есепке алмағанда бүкіл экспорттың 20 пайызын құрайды. Өзбек өнімдерін негізінен Ресей, Қазақстан және Қырғызстан импорттайды екен. Тіпті қазақстандық нарыққа киім жеткізу тұрғысынан Ресейдің өзін басып озған. Ресей бір жылда 18,8 млн доллардың (10,1 мың тонна) киімін әкелсе, Өзбекстан 20,8 млн доллардың (13 мың тонна) киімін алып келген. Осы орайда Зәуре Әбдіраман жеңіл өнеркәсіпті дамыту жолында Өзбекстан қолға алған шаруаларды тізбелейді. Олар бірінші кезекте әйгілі брендтерге өндіріс ашу үшін жағдай жасауды жолға қойған. Қазірдің өзінде Nike, ADIDAS, INDITEX сияқты брендтер Өзбекстанда өндіріс орындарын ашып жатыр. Uzbekmart.com ұлттық цифрлы платформасы іске қосылып, жақын келешекте Amazon, TMall, Aliexpress секілді әлемдік сауда платформаларымен интеграцияланбақ. Ал Made in Uzbekistan дүкендер желісі 1 қыркүйекке дейін Испания, Венгрия және Германияда өз филиалдарын ашады. Онда елдің үздік экспорттық тауарлары сатылмақ. Қазірдің өзінде шетелдерде Made in Uzbekistan-ның 10 сауда үйі жұмыс істеп тұр. «Жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін мемлекеттік органдар халықаралық және өңірлік практиканы зерттеп, мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асырудың қыр-сырын меңгеруі өте маңызды» дейді сарапшы.

Серпілу үшін сын керек

Біз ғой солай ойлайтын. Билікке салсаң, «өнеркәсіп өркендеуін тоқтатар емес». Әйтсе де кейбір өзекті пікірлерді көзіміз шалды. Оларға орын бермеу тағы обал. Бұрынғы шенеунік, қазіргі кәсіпкер Санжар Боқаев Үкімет жыл сайын мыншама жұмыс орны құрылды деп мәлімет айтады. Бірақ жыл сайын жұмыссыздар саны өсіп жатыр. Осы жерде қарама-қайшылық туындайды дейді.

«Үкімет жыл соңына дейін 1,2 млн жұмыс орны құрылады деді. Ойлаңыз, 1 млн жұмыс орнын салу үшін кем дегенде әрбірі 1000 орынға лайықталған 1000 өндіріс ошағын тұрғызу керек. Байкал-Амур магистралінің құрылысы қызып тұрған кездегі жұмысшылар саны 130 мыңға жуық еді. Транссібір магистралін салу кезінде 90 мыңдай адам жұмыс істеді. Қазақстан Үкіметінің биыл 1,2 млн жұмыс орнын қалай құратыны жұмбақ болып тұр. Қазақ ССР-і кезінде жеңіл өнеркәсіп ІЖӨ-нің 20 пайызын беріп отырды. Ал қазір 1 пайызға да жетпейді», дейді Боқаев.

Асхат Асылбеков есімді желі қолданушысы да осы мәндес пікір жазады. «Алматы мақта-мата комбинаты қазір жоқ, орнына сауда үйлерін салып тастаған. Зауыттар да соның күйін кешті. Ақылдың жоқтығы өнеркәсіптің күйреуіне алып келді. Үкімет үздік 30 елдің қатарына кіргісі келеді, алайда тіс жуатын щетка шығармайды. Жоғары технологиялар туралы айтпай-ақ қояйық. «Ревизордағы» қала бастығының «Сіз кімге күлесіз? Сіз өзіңізге күлесіз» деген сөзі еске түседі» деп жазады Фейсбук пайдаланушысы.

Гаухар Өтелбаеваның да пікірін құнды деп бағалап, мақаламызға қостық. «Қазақстандық жеңіл өнеркәсіпті табысты деп айтуға келмес. Бизнестің дамуына импортқа деген тәуелділік кедергі келтіріп тұр. Бүгінгі күні жеңіл өнеркәсіпті импорттың үлесі шекті 50 пайыздан асып түсетін «сезімтал» сала десек дұрыс болар. Кейбір деректер бойынша қазір біздің өнеркәсіп сатылатын тауардың тек 14 пайызын ғана өндіріп отыр, қалған 86 пайызы импортталады», дейді Гаухар.

«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар». Мәтел әу баста Арқа мен арқарға тікелей қатыстылығынан туындаса туындаған шығар. Бірақ дәл осы мысалды қозғап отырған тақырыбымызға байланысты да қолдана аламыз. Ресми органдардың есебіне назар салсақ, сала дамып жатыр. Нанбасаңыз қараңыз, «2020 жылы жеңіл өнеркәсіп саласы 128,7 млрд теңгенің өнімін өндірген. Әсіресе, тоқыма өнімдерінің үлесі басым (70,8 млрд теңге). Жеңіл өнеркәсіптің барлық саласында өсім байқалады», деп жазады Qazindustry компаниясы. Тіпті біздің өнімдердің Ресей, Түркия, Қытайға импортталып жатқанын да жазыпты. Олай болса неге депутаттар мәселе көтереді? Неліктен кәсіпкерлер байбалам салады? Неге желі қолданушылары ашына пікір жазады. Түсінгеніміз, енді жеңіл өнеркәсіпке жеңіл-желпі қарауға болмайды. Өнім өндіру бар да, оны дұрыс жылжыту, сауда нүктелеріне жеткізу бар. Сала шынымен шарықтап кеткен болса, ешкім де базына айтып бас ауыртпас еді ғой. Дәл қазір біз үшін аса сындарлы кезең: не нарықты сақтап қаламыз, не түбегейлі шетелдік өндірушілерге босатып береміз. Ел Үкіметінің екінші нұсқаға құлықты екенін де ішіміз сезетіндей...