Қоғам • 13 Шілде, 2021

Үй алуға ниетті үлескерлер рұқсаты жоқ құрылыстан сақ болғаны жөн

470 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз бойынша құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан қала Нұр-Сұлтан болғандықтан, алданған үлескерлердің көбі де осында екен. Сондықтан қала әкімдігі бой көтеріп жатқан тұрғын үйлерді тексеріп, рұқсаты жоқ құрылыс нысандарының тізімін жасады. Соның ішінде қай нысанға ақша салуға болатынын да тізбектеп шығарды.

Үй алуға ниетті үлескерлер рұқсаты жоқ құрылыстан сақ болғаны жөн

Елордадағы басты мәселе баспана екені түсінікті. Мұнда құрылысы аяқталып, құжаты дайын болған жаңа үйге ақша салғаннан гөрі, қаңқасы енді көтерілген нысанға ақша салған әлдеқайда арзан. Мысалы, іргетасы жаңадан қаланған тұрғын үйден бір бөлмелі үй алғыңыз келсе, оның бағасы 10-12 млн теңге аралығын құрауы мүмкін. Ал бұл үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген кезде оның құны бірден 14-16 млн-ға шарықтайды. Сондықтан да халық жаңадан салынып жатқан тұрғын үйге ақша салғанды дұрыс көреді. Бірақ үйге «ерте» қаржы құюдың қиындығы сол, әртүрлі жағдайға байланысты құрылыс уақтылы аяқталмай немесе орта жолдан тоқтап қалуы мүмкін. Сосын жүресіз жылдар бойы үйіңізді сарыла күтіп.

Кезінде құрылыс жаппай жүргізілген сәтте жұрт алды-артына қарамай, елордадағы нысандарға қаржы құйды. Кейін көптеген құрылыс нысаны тоқтап қалып, не ақшасы, не үйі жоқ қалған үлескерлерге мемлекет қол ұшын берді. Бұл жағдай мемлекетке де жақсы сабақ болып, заңға өзгертулер енгізді. Енді тек арнайы рұқсаты бар, үйдің қаңқасын көтерген құрылыс салушылар ғана үлескерлердің ақшасын тарта алады. Заң тілімен айтсақ, «Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасында үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз тартуға тыйым салынады, бұл ретте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделген».

Бірақ заңды қонышынан басып, еш рұқсаты болмаса да халықтың ақшасын құрылысқа пайдаланып отырған компаниялар да бар. Жақында елорда әкімдігі солардың тізімін шығарып, елге қырағы болуды ескертті. Қалалық ішкі саясат басқармасының журналистерге таратқан мәліметі бойынша бас қаладағы рұқсатсыз құрылыс салушылардың ұзын-ырғасы 50-ге жуықтайды. Оның бәрін жіктеп жазу мүмкін де емес. Бірақ соның ішінде халық арасында танымал бірқатар тұрғын үй кешені мен оны салып жатқан компанияларды атап өтейік: «ЭКСПО-2017» көрмесі аумағындағы «Expo new life» көп функционалды кешені, 2-кезек (салушы – «Шанг Хи Групп» ЖШС), Есіл ауданы, Ш.Айт­матов көшесі, Е10 көшесінің солтүстігіндегі «Айсафи» ТК («КазКуатСервис 2050» ЖШС), Е 344 көшесі №5 учаскедегі «Gold Land» ТК («Transcapital» ЖШС), Алматы ауданы А көшесіндегі «Sancy» ТК (Құрылыс Салушы Салимов С.С.), «Лея station city», «Лея Север», «Лея за рекой» («Лея» ЖШС құрылыс компаниялары тобы) және «Эмир», «Qazanat river», «Каспий-1,2 кезек», «Бұхар Жырау De Luxe», «Отан-2», «Дәулеткерей», т.б тұрғын үй кешендерін салып жатқандар рұқсаты жоқ компаниялар қатарынан. «Қолданыстағы заңнаманы аттап өтіп жасалған барлық мәміле, оның ішінде алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын басқаға беру шарты – бұл көппәтерлі тұрғын үй кешендеріне жарамсыз болып саналады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тұрғындардың өз ақшасына сақ болуын және рұқсат құжаттары болмаған жағдайда тұрғын үй сатып алудан бас тарту керектігін ескертеді. Егер құрылыс нысандарына қатысты мәселелер туындаса, мына байланыс телефондарына хабарласуға болады: 8 (7172) 55-04-28, 55-04-30, 8-701-300-50-39» делінген әкімдіктің ресми сайтындағы мәліметте.

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында тек бес құрылыс компаниясына үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат берілген екен. Олар: «Ару Қала-1» және Хусейн бен Талал көшесінің 7-учаскесіндегі үйдің 7-кезегі («Ми­лан-Астана» ЖШС); «Crocus 3» ТК («BI EXPO City» ЖШС), «Гранд Тұран» («Kaz industrial group» ЖШС) және «Турго-4» ТК («Милан» ЖШС).

Әлбетте, елордада үй алушылар да, үй салушылар да көп. Әсіресе баспана іздегендерге таңдау көп. Бірақ жаңадан салынып жатқан үйлерге қаржы саларда сол компания туралы ақпаратты жан-жақты саралап, жергілікті мемлекеттік мекеменің тиісті мамандарынан алдын ала кеңес алған артықтық етпейді. Болашақ пәтеріңізге кедергісіз, әбігерсіз қол жеткізу үшін мамандар мынадай кеңес береді: ең алдымен келешек пәтеріңізді салатын құрылыс салушы мен жобалаушының заңды атауын, мекенжайын нақты біліп алғаныңыз жөн. Компанияның мемлекеттік тіркеуден өткен-өтпегенін анықтаңыз; компания құрылтайшылары туралы ақпарат жинақтаңыз; компанияның құзыретті органдардан берілген лицензиясы мен құрылыс салуға және үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты бар ма, жоқ па, тексеріп алғаныңыз абзал; құрылыс бой көтеретін жерге рұқсаты бар ма, оны да анықтау қажет; жергілікті әкімдіктің құрылыс нысанына беретін рұқсаты барынан және құрылыс кезеңдері мен оның қашан аяқталатынынан да хабардар болыңыз. Ең бастысы, үйді салушы компания «қара тізімде» бар-жоғын міндетті түрде анықтап алыңыз. Бұл туралы ақпаратты оған жауапты мемлекеттік мекемелер мен қалалық әкімдіктің ресми сайтынан табуға болатынын естеріңізге саламыз.