Өз сөзінде министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су саласын дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлетінін атап өтті. Бірқатар маңызды стратегиялық міндеттер қойылғанын еске салды. Мәселен, Президент суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін қазіргі 1,6 млн гектардан 3 млн гектарға дейін ұлғайту жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ апатты су қоймаларын қалпына келтіру, каналдарды цифрландыру, топтық су құбырларын салу қарастырылған.
– Сіздер су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғаудың қазіргі заманғы технологияларын қолдана отырып, оны болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асырып келесіздер. Өткен жылы 813 шақырым канал қайта жаңартылды. Бұл 53,5 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуге, 26 мың жұмыс орнын құруға және ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 30 млрд теңгеден астам сомаға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Биыл 78 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу үшін 1 050 шақырым ирригациялық желіні қалпына келтіру жоспарланған. Бұл жыл сайын 66 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және 16 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр суды сапалы және тиімді пайдалану мақсатында 2020 жылы Түркістан облысында ұзындығы 12 шақырым магистральдық арнаны цифрландыру бойынша қанатқақты жоба іске асырылғанын еске салды. Бұл суармалы судың артық шығынын анықтауға мүмкіндік берді. Алдағы 5 жыл ішінде ұзындығы 2,8 мың шақырымнан асатын 119 арнаны цифрландыру жоспарланып отыр.
Салтанатты жиында су шаруашылығының қызметкерлері «Су шаруашылығының ардагері», «Су шаруашылығының үздігі» сынды төсбелгілерге ие болып, Құрмет грамотасымен марапатталды.