– Бір аптадан соң жалауы желбірейтін Олимпиадаға шырайлы Шығыстан он атлет қатысады, – деді бізбен тілдескен Шығыс Қазақстан облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Досжан Уәлханов. – Олар: Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Надежда Дубовицкая (биіктікке секіру), Ерлан Серікжанов (дзюдо), Александр Куликов (ескек есу), Руслан Курбанов (семсерлесу), Жанна Мамажанова (5 мың және 10 мың метрге жүгіру), Нұрсұлтан Тұрсынов, Данияр Қайсанов (грек-рим күресі, еркін күрес), Маргарита Торлопова (байдарка және қайық есу), Екатерина Смирнова (ескек есу). Аманшылық болса, тағы бір талантты суға жүзуші Александр Варакиннің әне-міне жолдамаға ие болатын түрі бар. Ал Паралимпия ойындарына Нұралы Советханов аттанады. Ол қазір Қырғызстанда жаттығуда, Токиоға сол жақтан бірден барады.
– Кімдерден үміт күтесіз?
– Олимпия ойындарының үш дүркін жүлдегері, алтын қызымыз Ольга Рыпакова бабында. Ольганы жұбайы, бапкері Денис Рыпаков бастап барады. Бағы жанса тәжірибелі қызымыз бір медальға ие болар деген үміттеміз. Еліміздің Көк байрағын ұстап шығатын Ольгадан төртінші медаль күтелік. Биіктікке секіруші Надежда Дубовицкая Азия рекордын жаңартқан. Оның көрсеткішімен Олимпиадада топ жарған спортшылар бар. Демек, Надежда да жерге қаратпас. Ал балуандарға келсек, жеребе сәтімен түссе, медаль бұйырып қалуы ғажап емес. Дзюдошы Ерлан Серікжанов – талантты балуан. Семсерлесуші Руслан Курбановтан да үміттенеміз. Екатерина Смирнова (Лукичева) сонау Бейжің Олимпиадасына қатысқан тәжірибелі спортшы. Бағы жанса, жақсы нәтиже көрсетер деген ойдамыз. Қорыта айтқанда, Шығыстың шымыр ұл-қыздары бұл жолы да намысты жанып, Күншығыс елінен абыроймен оралар деген үміт бар. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына лайықты тарту жасасақ дейміз, – деп ағынан жарылды Досжан Нұрбайұлы.
Дәйім айтқаны келсін!
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның құрметті
спорт қызметкері
ӨСКЕМЕН