Руханият • 14 Шілде, 2021

Қастеев музейінен неге шу шықты?

758 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бейнелеу және қолданбалы өнердің ең озық туындылары мен ұлттық байлықтың керемет үлгілері сақталған Ә.Қастеев му­зейіне «шабуыл» бұрын да оқ­та-текте жасалып тұратын, бірақ бұл жолғысы қоғам назарын жылдам аударды.

Қастеев музейінен неге шу шықты?

Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азияда теңдесі жоқ ғажайып музейдің ішіндегі құнды қазынаны былай қойғанда, тамаша архитектура туындысы ретінде көңіл тоғайтатын ғимараттың дәл іргесінен Central Esentai Residence атты биік тұрғын үй кешені бой көтергеніне көп бола қойған жоқ еді. 1976 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан музейдің дәл іргесінен  қырық жыл өткен соң тұрғын үй кешенінің салынуы сырт қарағанда қалыпты кө­рінгенімен, бірқатар техни­калық талаптың сақталмай салынуы салдарынан тұрғындар тарапынан шу шықты. Музеймен қатар қоныс тепкен элиталық жаңа үйден баспана алғандар ақжарылқап қуаныштың орнына, «Қастеевтен» қорлық көріп отырғандарын айтып, құзырлы орындарға шағымдана бас­тады.

Баға жетпес өнер туын­дыларының алтын қорын жа­сақтап, ұлттың рухани игілігін бауырына басып отырған Қастеев музейіндегі картиналарды қалыпты температурада ұстап, сақтау үшін 2008 жылы Қытайдан мұздатқыш қондырғы әкеліп қояды. Далаға орналастырылған, екі адам қатар тұрып сөйлессе, бірін-бірі естімейтін қондырғының дауысынан оның аса қуатты режімде жұмыс істейтінін байқауға болады. Жанында жарты минут жан баласы шыдап тұра алмайды. Таңғы жетіден оталып, күні бойы егіс даласында жер жыртып жүрген трактордың дауысындай тынымсыз дырылдап-гүрілдеп, ақшам жамырағанда барып әрең солығын басатын кондиционердің дауысы тұрғындарды қолын төбесіне қойып, безіп кететіндей жағдайға жеткізіп отыр.

Шілденің шіліңгір ыстығында қондырғының гүріл­деген даусы­нан не терезесін аша алмай, не таза ауа жұта алмай, не дұрыстап демала алмай шаршаған тұр­ғындардың шағымданғаннан басқа амалы қал­маған. Құлақты жарған қат­ты гүріл­ден жүйкесі сыр берген тұр­ғындар мен музей арасы салқын­дағалы бері бұл дау әлеуметтік желі­нің бетіне көшіп, қолынан келсе бірін-бірі көшіріп жібергісі келетін көршілер бұл ушық­қан мәселенің тезірек шешімі табылғанын сұрап, әр тарапқа арыздануын тоқтатар емес.

Өкпе-реніші ұлғайған тұрғын­дардың тиісті орындарға боратып жатқан арыз-шағымдары аяқас­ты қалған жоқ. Тексерушілер сурет­шілердің өнерін дәріптеп, көрмесін өткізіп, өзімен-өзі тек жатқан «Қастеевке» келіп тиісіп, Санитария-эпиде­миологиялық бақылау департа­ментінің қорытындысына сәйкес, музейдің салқындату және ауа айналу жүйесінен шығатын дыбыс рұқсат етілген нормадан асатыны анықталып, музейге 230 АЕК (670 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды. Ал бұл олқылықтың орнын толтыруға 30 күн уақыт берілген. Бүгінде музей басшылығы айып­пұлдың 50%-ын төлеген. Музей енді ірі көлемдегі осы айыппұлды өтеуге міндетті. Қондырғының дауысы қатты шығатынын музейдің өзі де мойындайды. Бірақ бұл мұздатқышты бір ай емес, бір күн өшірсе, тірнектеп жи­наған бүкіл байлық тұтас бүлінгелі тұр. Сонда музейдің кінәсі не, ол не үшін айыппұл төлеуі тиіс? Айыппұл арақашықтықты сақтамай үй салған кәсіпкерлерге, олардың құрылыс жүргізуіне рұқсат берген қала әкім­дігіне неге салынбағанын кім, қашан, қалай түсіндіреді? 

Өнер мекемесін тексеріп, үкім шығарған шенеуніктер ешкімді де, ешнәрсені де тыңдамаған. Ең құры­ғанда, музейдің тұрғын үй кешенінен қырық жыл бұрын салынғаны, респуб­ликалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш екені есеп­ке алынбаған. Заң бойынша, мем­лекет қорғауындағы мұндай меке­менің жанынан салынатын басқа құры­лыс нысаны 44 метр аулаққа салынуы тиіс болатын. Ал музей мен Central Esentai Residence тұрғын үй кешенінің арасы – 38 метр. Сонда шенеуніктер заң талабын бұзып тұрып құрылыс жұмысын бастағандарға рұқсат береді де, 13 жылдан бері осы гүрілдеген жаман айғайымен-ақ ұлт­тың байлығын, жәдігерін сақтап отырған тарихи мекемені жауапқа тартып, айыппұлмен тұқыртады. Ең бастысы, бұл қондырғының сурет өнерінің ең озық туындыларының дұрыс температурада сақталуы үшін жұмыс істеп тұрғаны бір шенеунікті толғандырсашы, шіркін.

Талай жыл Қазақстан Суретшілер одағын басқарған, 13 жыл Қастеев музейінде қызмет етіп, музейсіз бола­шағын елестете алмайтын, Еуропаның бір­қатар елінде келісімшартпен жұмыс істеп, мол тәжірибе жи­нақ­таған өнер­танушы Байтұрсын Өмірбектің бұл тұрғыдағы толымды пікірі көкейге қонады. Музейдің не екенін бір адамдай білетін Б.Өмірбек:  «Музей технологиясы, музейдің жұмыс істеу тәртібі деген болады. Қазір музейге көзқарас қандай төмен болса, оның тағдыры да ешкімді алаң­дат­пайтын жағдайға жетті. «Музей керек пе, жоқ па, ол өзі ұлтқа не береді?» деген сұрақ төңірегінде тол­ғанатындар жоқтың қасы-ау, осы. Бұл орын алған жағдай – осындай сұрақ­тың жауапсыз қалуының салдары. Музей маманы ретінде айтарым, ең алдымен, музейдің айналасында экологиялық тазалық болуы керек. Таза ауа жан-жағынан кедер­гісіз келуі керек. Музейдің ішіне от жа­ғыл­майды. Оған тек жылы ауа ғана үрлейді. Сол секілді онда су да бол­мауы керек. Себебі кез келген уақытта су құбыры жарылып кетуі мүм­кін, аққан су экспонаттарды бүл­діреді. Тіпті өрт сөндірудің өзі де бірнеше тәсілден тұрады. Музейдің әр залының жеке өрттен қорғайтын есіктері болуы керек. Егер бір залдан өрт шыққан болса, екінші залдың қабырғасы заматта жабылып, басқа залдарға өтпейтіндей болуы керек. Әрине Еуропа музейлеріндегі бұл техни­калық мүмкіндіктер Ә.Қастеев музейінде жоқ. Бірақ жылу, ылғалды сақтайтын жағдайы бар. Осының өзін ұстап тұра алса, осы талапты орындаса да, музейдің бола­шаққа баратын қауқары бар деп толық сеніммен айтуға болады. Тұрғындардың «ойбай, дырылдап кетті, бұл дыбысты тоқтату керек» деген байбаламы еш ақылға сыймайды. Себебі оның бәрі тоқтайтын болса, музейдің температуралық режімі бұзылады да, ішінде тұрған қағазға, кенепке салынған картиналар, теріден жасалған бұйымдар бүлінеді. Кебеді, жарылады. Сондықтан кондиционер қалай да жұмыс істеп тұруы керек. Бұл қондырғы болмаса, музей музей бола алмайды. Музейдің айналасында кемі 100 метрге дейін құрылыс нысаны болмауы керек. Сырттан ішке ауа алынатын болғандықтан, ол таза болуы тиіс. Ол тазалықты, ең алдымен, осы кондиционер қамтамасыз етеді. Қастеев музейі – Кеңес Одағы кезінде қолданбалы-көркемөнер туындыларын сақтау үшін барлық техника талаптары сақтала  отырып арнайы салынған төртінші, ал Қазақстан аумағындағы жалғыз музей. Қазір, әрине төртінші болмауы мүмкін, бірақ мұндай музей Қазақ­станның өзге бірде-бір қала­сында, облыс орталығында да жоқ. Ал бұл технология бұзылатын болса, ертең ол қайтадан қалпына кел­мейді, жәдігердің бәрінен айырыламыз. Әлемдік өнер шедеврлерінің құны қандай болса, қазақ үшін бұл шедевр­лер де сондай құнды».

Әжептәуір уақыттан бері әлеу­мет­тік желідегі әңгіменің көрігін қыздырып жатқан мәселе турасында Ә.Қастеев музейінің өз көзқарасы қандай? 2013 жылы сатып алынған қондырғы осылай дырылдап, жұрт­тың дегбірін қашырып тұра бере ме? «Шағымданып жатқандар құр даурығып, сөз қуалап жүрген адамдар емес. Адам ретінде біз оларды жақсы түсінеміз. Олар да еріксіз келеңсіз жағдайдың тұтқыны болып отыр. Бұл үйден пәтер сатып алған адамдар – қорғау аймағы дегеннің болатынын, оның жанына үй салуға, құ­рылыс жүргізуге болмайтынын білуге тиіс заңгер немесе заң жағынан сауатты қандай да бір саланың кәсіби маманы емес, өзіміз секілді әр салада еңбек етіп жүрген отандас­тарымыз. Бұл тұрғын үй кешенінің жарнамасы жасалған кезде, болашақ тұрғындар «элиталық
аудан, жанында тарихи музей бар, өзен жағасында орналасқан» деген сөзіне бола ұнатып, сатып ал­ғаны анық. Біз олардың азабын, шағымын, бәрін түсініп отырмыз. Бұл мәселе дұрыс шешімін табу үшін Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, тиімді жолдарын іздестіріп жатырмыз. Қазір тұрғын үй кешенін салған компанияның өкілі хабарласып, шудан оқшаулайтын құрылғы жайын ақылдасты. Біз әлі де болса мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатқандықтан, нақты жа­уабын айта алмай тұрмын. Егер шынын айтар болсам, мәселені түбегейлі шешу үшін, шудан оқшаулайтын құрылғыдан бұрын бізге кондиционердің өзін жаңалап, ауыс­тыру керек. Ауаны салқындататын бұл аппарат өз саламызда «чиллер» деп аталады. 13 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан агрегат уақыт өте келе бәрібір ескіреді, тозады. Бірақ оны жаңалау өте  қымбат тұрады. Біз «бұл мәселенің бізге қатысы жоқ, бұл құрылыс компаниясына қатысты шаруа, солар шешсін» деп есік-тереземізді жауып алып, тұмшаланып отыра алмаймыз. Бұл мәселенің барлық тарап үшін дұрыс шешімі табылуы тиіс. Қалай болғанда да, қол қусырып қарап отырмай, тиімді жолын іздестіріп, табамыз», дейді музей директоры Гүлмира Шалабаева.

Гүлмира Кенжеболатқызының айтуынша, мәселені шешу үшін кейбір жанашырлар кондиционерді музейдің басқа бұрышына, шығыс жағына қарай ауыстырып қоюды ұсынған екен. Ал мамандар бұған табанды түрде қарсылық танытып отыр. Себебі кондиционер электронды жүйемен жұмыс істейтін,  компьютермен басқарылатын қондырғы болғандықтан, оны орнынан қозғауға болмайды. Оны тек өшіріп барып жөндеуге болады. Ал басыбүтін өшіріп тастап жөндеуді шілденің ші­ліңгір ыстығы көтермейді. Жаз бойы таңнан кешке дейін тоқтаусыз жұ­мыс істейтін «чиллер» тек қазан айын­да ғана өшіріліп, көктемге дейін қосыл­майды. Сондықтан бұл мәселені бір демде шешіп тастау мүмкін емес.

Қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге байланысты кеше Мәдениет және спорт министрлігі ресми түсінік­теме берді. Министрліктің сайтында жария­ланған түсініктемеде:

«Еліміздің «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес, ескерткіш­терді қорғауды қамтамасыз ету мақса­тында:

1) қорғау аймақтары;

2) құрылыс салуды реттеу ай­мақтары;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіп­пен қорғалатын табиғат ландшафт аймақтары болып бөлінеді.

Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамада көрсетілгендей,  дәл осындай тарихи-мәдени ескерткіш аумағында құрылыс жұмысын жүргізуге шектеу бар.

Заңда қалалар мен басқа да елді мекендерді жоспарлау, салу және реконструкциялау жобасы, тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан жер­ді пайдалану картасы уәкілетті органмен келісілуі керек екені көрсетіл­ген.

Алайда музейдің аумағына осы көпқабатты тұрғын үй кешенін салу­ға министрлік келісім берген жоқ.

Музейдің салқындату және кондиционерлеу жүйесі ол өзі құрылған сәтте, яғни 1976 жылы жүргізілгенін атап өткен жөн. Бұл ғимараттың тір­шілігін қамтамасыз ету жүйесі, ал ғимараттың сыртында тұрған қазіргі тоңазытқыштар 2008 жылы орнатылды. Олар штаттық режімде жұмыс істейді. Жыл сайын профилактикалық қызмет көрсетуден өтеді және өндірушінің сипаттамаларына сай келеді.

Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылы 7 желтоқсандағы №372 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Респуб­ликасы музей қорының музей зат­тарын есепке алу, сақтау, пайда­лану және есептен шығару нұсқау­лығына сәйкес, әртүрлі музей заттарын кешенді сақтау кезінде ауа темпе­ратурасы +18° ± 1° Цельсий болуы керек.

Яғни музейдің салқындату және кондиционерлеу жүйесі ұлттық мә­дени мұраны сақтаудың кепілі және кез келген музейдің сапалы жұмысын қамтамасыз етудің міндетті бөлігі.

Дер кезінде әрекет етудің арқасын­да музей мен Central Esentai Resedence тұрғын үй кешенінің құры­лысын жүргізген тарап келіссөз жүр­гізді. Оның нәтижесі бойынша құрылыс жүргіз­ген тарап бұл жағ­дайды рет­тей­ті­нін жеткізіп, уағда­ластыққа қол жет­кізді. Бұл мәселе министр­лік­тің тұрақты бақылауында болады делін­ген.

Мәдениет және спорт министр­лігінің ресми жауабы – осы. Атың жаман болса сатып құтыласың, көршің жаман болса, қайтіп құтыласың? Бір-біріне кедергі келтіріп отырған беймаза көршіліктің арасындағы даудың басы құрылысқа жер бөлу кезінде ескерілуі тиіс талаптардың сақталмауынан емес пе? Мұндай заңсыздықтарға бүгін тоқтау болмаса, келешекте Қастеев музейінің өзін күреп тастайтын күнді де жақындатып аламыз-ау, сірә, біз.

 

АЛМАТЫ