Әйел әлемі • 14 Шілде, 2021

Кішкентай әйелдің үлкен ауыртпалығы

440 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шығарманың тағдырын оқырманның талғамы анықтап береді. Қазіргі заманғы бестселлер кітаптардың қай-қайсысына қарата да осыны айтуға болады. Оқырман дегеніміз орта статистикалық индивид дейтін болсақ, талғам туралы әңгімені де осы орта белден асырмау керек. Яғни танымалдылығы зор, белгілі бір көркем заңдылыққа бағынған шығармалардың көркемдік деңгейі туралы әңгімеден гөрі әсері, ықпалы жайлы үн қосу дұрысырақ.

Кішкентай әйелдің үлкен ауыртпалығы

Мысалы, ТМД кеңістігінде танымал шығармалардың арасында Гузел Яхинаның «Зулейха открывает глаза» романының шоқтығы биік. Былтыр «ЛитРес» компа­ниясы құрамына кіретін My Book кітап сервисі Ресейде 1992 жылдан бергі уақытта жарық көрген ең танымал көркем туындылардың көшін дәл осы шығарма бастап тұрғанын анықтады. 2015 жылы жарық көрген роман осы кезге дейін әлемнің отыздан аса тіліне аударылды. Оның ішінде қазақ тіліне «Зулейханың оянуы» деген атпен тәржімаланды. (Тәржімашы М.Дүйісмағамбет). Ресейдің өзінде «Үлкен кітап», «Жыл кітабы», «Ясная поляна», «Оқырман жүлдесі» атты беделді сыйлықтарға ие болғаны өз алдына, белгілі режиссер Егор Анашкин бұл туынды бойынша сегіз сериялы сериалды жарыққа шығарды. Басты рөлді Ресей Федерациясының халық әртісі, танымал актриса Чулпан Хаматова сомдады.

Роман Ресейде үлкен резо­­нанс туғызды. Өмірдің бар­лық ауыртпалығын асқан төзімді­лікпен көтеріп алып, қыңқ етпеген басты кейіпкердің нәзік жынысты әйел екені, жазушының да жынысының нәзіктігі, оған қоса түп-тамыры мұсылман (татар ұлтының өкілі) бола тұра өз қауымының қабылдауы қиын жағдайларды жазуы бұған белгілі бір дәрежеде әсер еткен болуы мүмкін. Бұл – таза өз пайымым. Бұны психологиялық тұрғыда талдап та беруге болады. Өзегінде әйелдің бостандығы мен теңдігі туралы ойлар өріліп жататын шығармалар ешқашан өзектілі­гін жоймақ емес. Екіншіден, шы­ғарманың саяси, тарихи маңызы да үлкен рөл атқарды. Жаңа қоғам орнату мақсатымен ең ал­дымен құдайсыздықты дә­ріп­теген, қарапайым адамдар­ды дөрекілікпен езіп-жаныш­та­ған, барды жоқ қылған, бере­ке­сіздік пен ысырапқа жол бер­ген сталиндік кезеңнің қол­шоқпарлары мен қоғамның сол кез­дегі шынайы келбеті көр­кем тәсілмен баяндалған. Бұл орай­да осы кітап туралы пікір­лерді қыстыра кетсек те артық емес. Орыстілді сайттарда оқыр­мандардың бірқатары жазушыны «шынайы өмірді білмей­ді, мистикаға жақын, логикасы таяз» деп сынапты. Ал көпшілік оқырманның пікірі «романға қы­­зық оқиға арқау болған» дегенге саяды. Сондай-ақ Кирилл Анкудинов есімді сыншының «Яхинаның суреттеулері шын өмірден өте алыс, тарихи оқи­ға­лары да, қарапайым сценалары да шындықпен қабыспайды» деген мағынадағы пікірін оқы­дық. «Ол өзінің білімімен, қабілеті­мен ғажайып мистикалық детектив ­жазуына болар еді. Ол сонда көп аудитория жинар еді, бай болар еді. Бірақ танымал емес. Дұрысы, танымал болар еді, бірақ биік әдеби ортада емес» дейді Анкудинов. Әри­не, түрлі-түрлі адам болған соң, алуан түрлі пікірлердің болатыны да заңдылық. Бастысы, ең маңыздысы, осы романды сайттан оқыған оқырмандардың көпшілігінің қарап қалмай, «ға­жап кітап» не «мазақ кітап» десе де пікір білдіруінде. Бұл ро­ман­ның қалай да өзгешелігін, адам­дарға ерекше әсер еткенін байқатады.

Даңқы мен дақпырты зор романды біз де оқып шықтық. Бір деммен оқылатын, сюжеттері шебер қиюластырылған, кей­бір кейіпкерлері жуық арада есің­нен шыға қоймайтын роман­ның басты ерекшелігі – ең үлкен құн­дылықтың өмір екенін көр­сетіп беруінде деген байламға келдік. Неге десеңіз, шығарма бас­тан аяқ қанқұйлы кезеңнің қиын­дықтарын, адамдардың өлі­мін, азапты тағдырын сипат­тағанымен, өмірден бездіріп не түңіл­діретіндей бір сөйлем жоқ. Ке­йіпкерлердің ешқайсысы өлім­ге асықпайды, түңіліп, өз-өзін тастап жібермейді. Қай-қайсысы да азапқа, өлімге қасқайып қарсы тұрады. Зулейханы ұнатпайтын енесі, күйеуі Мұртаза, Игнатов, Горелов, Настасья, Илона, Груня, тіпті ақылынан алжасқан профессор Лейбенің өзі өмірсүйгіш, өр мінезді адамдар. Міне, қа­ра­ңыз, тоқсанға келген адуын ене қалай-қалай құйқылжиды:
« – Үн­­демейсің, ә? – дейді кемпір та­­за ішкөйлегі мен кең шалбарын кигізіп жатқан бұған кінәлай қарап. – Қашан да осылай тіліңді жұтқандай үндемей қаласың. Меңіреу. Егер маған біреу осылай істесе, өлтіріп-ақ тастар едім. Ал сен олай істей алмайсың. Ұра да, өлтіре де, сүйе де алмайсың. Сен ешқашан нағыз өмірдің дәмін білмей кетесің. Нағыз өмір деп мына менің өмірімді айт. Көзім де көрмей қалды, құлағым да естімей қалды. Бірақ әлі өмір сүріп келем. Өмір сүру маған ұнайды...».

Ал романның басты кейіпкері, аясы үлкен жасыл көзді, аласа бойлы, нәп-нәзік Зулейха ше? Он бес жастан бастап отыз жас­қа дейінгі өмірі қаһарлы ене мен қатал күйеудің қабағына қараумен, солардың жағдайын жасаумен өткен ұяң келіншектің ары қарайғы тағдыры, жаңа өмі­рі неге қалың оқырманның қы­зығушылығын туғызды. Өйт­кені Зулейханың тек тағдыры не сыртқы әлеуметтік-саяси жағ­дайы, мекен жайы ғана өзгер­ген жоқ. Оның танымы да, мі­нез-құлқы да өзгерді. Ол түп-та­мырынан қопарылып кетті. Өмір жолындағы қиындықтары, азаптары, өліммен бетпе-бет келген сәт­тері оны мүлде басқа адамға айналдырды. Ол енді барлық дү­ниеге шектеулі көзқараспен қа­рап, тек ұяттың төңірегінде ғана баға бермейді. Романда тек Зулей­ханың ғана емес, басқа да ке­йіпкерлердің өзгергені, басқа адамға айналғаны байқалады. Мысалы, кеңес үкіметіне қызмет етуге аса ынталы, белсенді Игна­товтың өзі Сібірге айдалған бай-кулактар тиелген вагонда ко­мендант болғаннан соң кей жағ­дайларда оларға мейіріммен қарай бастайды. Ал дөрекі, бұрынғы қылмыскер, вагондағы тұтқындардың көзінше дәрет сындыруды ар көрмеген Горелов соғысқа қатысып келген соң жер­гілікті үкіметтің сенімді адамына айналып, билікті қолына алады. Кеңес үкіметі орнаған соңғы он жылда бөлмесінен шықпай, ақы­лынан алжаса бастаған профессор Лейбе Ангара аймағына ауып келген соң қоғамға ең пайдалы адамдардың қатарына кіреді. Дә­рігерлікпен шұғылданып, жүз­деген жанның алғысын алады. Қызметі көтеріліп, аудандық аурухананы басқаруға жөнелтіледі.

Өмір деген – қозғалыс, өзге­ріс, жаңалық. Қоғамың қатал бол­са, сен оған бейімдел. Уақыт­тың ырғағымен өмір сүр. Басың­нан қандай жағдай өтсе де, сынып кетуге хақың жоқ. Жалпы айтқанда, романның идеясы осы сарында. Логикаға сыймай­тын дүниелер де жоқ емес. Оқи­ға­лардың ылғи осы шақпен баяндалуы, бас кейіпкердің ауылда ер адамның жұмысын істеп жүруі, уақыттың жылдам өтуі, үстін-үстін баяндалған оқиғалар тым быжырқай картинаны елес­тететіні сияқты олқылықтар бір­ден байқалады. Дегенмен «Зу­лей­ханың оянуы» – біздіңше автордың толғанысы, өзекжарды ой-пікірлері көрінген, қоғамның келбетін, адамдардың психоло­гиясын, танымын, болмысын ашып көрсеткен, шын мәнінде, үлкен дүние. Ал үлкен дүниенің әділ сыншысы – уақыт.