Спорт • 14 Шілде, 2021

Ақ жол, олимпиадашылар!

505 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Санаулы күндерден кейін Жапонияның бас шаһары – Токиода XXXII жазғы Олимпия ойындарының жалау­ы желбірейді. Екі аптаға созылатын төртжылдықтың басты додасында Қазақстанның 95 спортшысы (96 жолдама) спорттың 27 түрі бойынша ел намысын қорғайды. Алдыңғы Олимпиадалармен салыстырар болсақ, әрине, биылғы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Токиодағы жарыс – Қазақстанның Олимпия ойындары тарихында ең аз спортшы қатысқан бәсеке болмақ. Бұған дейінгі ең төменгі көрсеткіш – Атланта Олимпиадасы болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұңғыш Жазғы Олимпиадада біздің елдің 96 саңлағы бақ сынаған еді.

Ақ жол, олимпиадашылар!

Токио Олимпиадасына іріктеу бәсекелері енді басталып жатқанда Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру іс­тері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Токио Олимпиадасына 100-ден аса жолдама аламыз деп болжаған болатын. Бірақ коро­навирус салдарынан саңлақ­тарымыз дәстүрлі межеге қол жет­кізе алмады. Кей спорт түр­лерінен жерлестеріміздің байрақ­ты бәсекелерде пандемияға бай­ланысты тиісті деңгейде жаттығу жұмысынан өтпегендіктен бапта­рына ене алмай, қажетті нәтижені көрсете алмады. Сонымен қатар до­пинг дауына байланысты ең көп жолдама алатын ауыр атлетика спортынан Қазақстан құрамасына биыл небәрі екі лицензия берілді.

Өткенге зер салсақ...

Бұған дейінгі Олимпиадалар тарихына көз жүгіртер болсақ, жо­ға­рыда айтып өткеніміздей Қа­зақстан дербес мемлекет ретінде бірінші мəрте қатысқан 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында 96 спортшымыз спорттың 14 түрі бойынша бақ сынады. Ал одан кейінгі бірде-бір Олимпиадада спортшы саны 100-ден кем болған емес. Айталық, 2000 жылы Сиднейде спорттың 17 түрінен 130 спортшымыз ел намысын қорғады. 2004 жылы Афинада тап осынша спорт түрінен 119 өкіліміз Олимпиада жүлдесі үшін күресті. Содан кейінгі, 2008 жылғы Бейжің Ойындарында 132 спортшы спорттың 22 түрі бо­йынша жан алып, жан берісті. 2012 жылы Лондонда 20 спорт түрі­нен 115 спорт­шы сынға түсті. Ал кейінгі Рио Олимпиа­дасына 17 спорт тү­рінен 104 олим­пиадашыларымыз қатысты.

Осы алты Олимпиаданың алтауы да Қазақстан үшін табыссыз болған жоқ. Ең бастысы, барлығында да жерлестеріміз алтын медальға қол жеткізе алды. Мысалы, Атлантада 3 алтын, 4 күміс, 1 қола, барлығы 11 медаль олжаласақ, Сиднейде 3 алтын, 4 күміс, барлығы 7 медаль қоржынға салдық. Афинадағы көрсеткішіміз 1 алтын, 4 күміс, 3 қола, барлығы – 8 медаль. Бейжіңде 2 алтын, 2 күміс, 4 қола, барлығы 8 медальмен табысты аяқтадық. Лондондағы додада 11 медаль (3 алтын, 1 күміс, 7 қола) жеңіп алдық. Риодағы аламанда жерлестеріміз жалпы саны 18 медальмен жүлде бойынша Олимпиадалардың рекордын орнатты. Қазақстандық саңлақтар Бразилияда 3 алтын, 5 күміс және 10 қола медальді қоржынға салды.

Жаңа есімдер жарқылы

Қазақстандық спортшылар Олимпиаданың дәстүрлі спорттық жарыстарынан бөлек, биылдан бастап Олимпия ойындарының бағдарламасына енген спорттық шыңға өрмелеу мен каратэ бойын­ша да бақ сынауға мүмкіндік алды. Каратэ бойынша бірден бес спортшы, ерлерден Дархан Аса­ділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев пен әйелдерден Мөл­дір Жаңбырбай мен Софья Беруль­цева, ал құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин жүлде үшін таласады.

Сондай-ақ жеңіл атлет Ольга Рыпакова Қазақстанның биылғы олимпиадалық құраманың көш­басшысы болатыны сөзсіз. Бұл дода Ольганың спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Бүгінде оның қоржынында Олим­пиада медальдарының толық жи­ынтығы бар. Осыған дейінгі қатыс­қан барлық Олимпия ойын­дарында ол елге абыройлы оралған болатын.

Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы – командалық ойын түр­лерінен жарысқа қатысатын елдегі жалғыз құрама. Олар Олимпия ойын­дарына сегіз жылдық үзіліс­тен соң қайта оралды. Дәстүр бо­йынша Қамшыбек Қоңқабаев бас­таған бокстан ерлер командасы Олимпиадаға толық құраммен, яғни сегіз салмақ бойынша қаты­сады. Қыздар құрамасы бір ғана жолдаманы қанағат тұтты.

Гимнаст Милад Карими жал­ғыз өзі жеті жолдаманы еншілеп, үлкен ерлік жасады. Енді одан тек жүлде күтеміз. Жүзу спортынан үш жолдама бар. Оның екеуі Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландинге тиесілі. Отан­дасымыз Руслан Құрбанов Халық­аралық семсерлесу федера­циясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған алты спортшының қатарына енді.

Афинадағы Олимпиададан кейін (2004) алғаш рет Қазақстанның үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге команда көшбасшысы Алексей Луценко үлкен үлес қосты. Ол Қазақстанға жалпы алғанда Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды жинады. Тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша үш лицензия жеңіп алды. Айта кетерлігі, спорттың бұл түрі бойынша жолдама Қазақстан үшін тарихи болып есептеледі. Себебі, осы уақытқа дейін қазақстандық спортшылар аталған бағдарлама бойынша Олим­пиадаға қатыспаған. Садақ ату­дан 20 жылдан кейін алғаш рет Қа­зақстаннан үш садақшы Олим­пиадада командалық жарысқа қа­тысады.

96 жолдаманың 11-і балуандарға тиесілі болса, жеңіл атлеттер де осы мөлшерде лицензия жеңіп алды. Теннисшілер жеті, ал байдарка мен каноэде ескек есуден алты жолдама қоржында. Рейтингтік жарыстар нәтижесі бойынша дзюдошылар алты жолдаманы иеленді. Токио төрінде белдесетін татами шебер­лерінің арасында тәжірибелі Елдос Сметов те бар. Үстел теннисінен Қа­зақ­стан құрамасының еншісінде қос жолдама, сондай-ақ таэквондо мен слаломды есу бойынша спортшылар екі лицензия алды.

Аймақтардың Олимпиадаға үлесі

Жолдамалардың үлес санын аймақтарға бөлер болсақ, респуб­ликалық маңызы бар үш қала мен 13 облыстың спортшылары То­кио төрінде ел намысын қорғай­тын болды. Өкінішке қарай, Ақмола облы­сының бірде-бір спортшысы Олим­пия ойындарына жолдама ала алмады.

13 спортшыны Олимпиадаға қосқалы отырған еліміздің бас қала­сы – Нұр-Сұлтан аймақтар арасында жеке-дара көш бастап тұр. Шымкент қаласы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары екінші орында. Бұл аймақтардан Токиоға 10 спортшыдан барады. Қарағанды облысы 7 спортшымен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Ал Ақтөбе және Солтүстік Қазақ­стан облыстарынан – 5, Алматы қаласы, Түркістан және Жам­был облысынан – 4, Павлодар және Қызылорда облыстарында үш-үштен спортшы бар. Ал Маң­ғыстау, Батыс Қазақстан, Қоста­най және Атырау облысының спорт­шыларының қарқыны баяу болып тұр. Яғни бұл облыстардан бір ғана спортшы Олимпия ойындарында бақ сынайды.

Инновациялық Олимпиада

Токио Олимпиадасын ұйымдас­тырушыларының айтуынша, алдағы Олимпиада бұрын-соңды болмаған ең инновациялық Олим­пиада бол­мақ. Жоспар бойынша жаһан­ның басты жарысын Токио­ның 13 ауда­нында орналасқан спорт кешендері қабылдайды. Онда əлемнің түкпір-түкпірінен жи­налатын спортшылар 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығын сарапқа салады. Сонымен қатар Токио­дағы Олимпия ойындарының бағдарламасына жаңадан бес спорт түрі қосылғаны баршаға белгілі. Атап айтар болсақ, бейсбол/софт­бол, каратэ, серфинг, спорттық шың­ға өрмелеу жəне скейтбординг. Биылғы додаға əлемнің 206 елінен 11 090 спортшы қатысады деп жоспар­ланған.

Спортшылардың 49%-ы əйелдер болмақ. Бұл гендерлік теңдікті біл­діреді. 2017 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің атқарушы комитеті кезектен тыс бас қо­сып, Токио Олимпиадасының бағдар­ламасына біршама өзгеріс енгізді. Басты мақсат – төрт жылдық дүбір­лі додаға қатысатын ерлер мен əйел­дердің санын теңестіру. Сөйтіп жеңіл атлетика, су спорты түрлері, нысана көздеу, ауыр атлетика, бокс жəне күрес түрлеріндегі ерлер жолда­маларының (лицензиялар) саны қысқарып, əйелдердің үлесіне берілді.

Жапония дүбірлі доданы осымен екінші рет қабылдамақ. Күншығыс елі ең алғаш жазғы Олимпия ойын­дарын 1940 жылы өткізуі керек еді. Алайда елдегі саяси жағдайға бай­ланысты ресми билік 1938 жылы Олимпиаданы өткізуден бас тарт­ты. Кейіннен Күншығыс елі тағы бір рет Олимпиаданы өткізуге мүмкіндік алды. 1964 жылғы додада əлемнің 93 елінің спортшылары бақ сынап, спорттың 19 түрінен жүлделерді сарапқа салған-ды.

Айта кетейік, ертең Қазақ­стан­ның Олимпиадалық құрамасы Токиоға аттанады. Осы орайда спорт­шыларға Токио сапары та­бысты болсын дегіміз келеді!