28 сәуірде “Нұр Отан” партиясында партияаралық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға қатысушылар ең өзекті тақырыптардың бірі – көршілес Қырғызстандағы жағдайды талқылады, деп хабарлады осы партияның баспасөз қызметі.
“Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин атап өткендей, “Президентіміз, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық жоғары беделінің, азаматтық батыл қимылының арқасында Қырғызстанда азамат соғысы қаупі жойылды. Елде қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Үкіметтік деңгейде келіссөздер жүргізілуде”.
Отырыс нәтижесінде Қырғызстандағы қайғылы оқиғалар және ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде Қазақстан тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы партияаралық кеңеске қатысушылардың үндеуі қабылданды.
Үндеуде көрші Қырғызстанда болған оқиғаларға қатысты алаңдаушылық, азамат соғысына жол бермеген Қазақстан басшылығының батыл қадамдары мен толықтай қолдау көрсетуі жөнінде айтылады. Партияаралық кеңеске қатысушылар барлық саяси күштерді Қырғызстандағы жағдайды қайталамауға шақырды. Әсіресе, Қазақстан халқының өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды орындауда халық бірлігіне ерекше көңіл бөлінді.