Аймақтар • 15 Шілде, 2021

Атырау облысында мал қырылып жатқаны рас па?

1439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов «Су іздеген мал өліп жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысында мал қырылып жатқаны рас па?

Әкімнің айтуынша, әлеуметтік желіде бірнеше ауылда канал суы тартылып, жылқы мен ірі қара өліп жатқаны туралы суреттер жарияланған.

«Біз сол жазба авторынан әлеуметтік желідегі суреттерді кім жібергенін, мал өлімі нақты қай жерде орын алғанын сұрадық. Ешқандай жауап болмады. Аудан әкімінің орынбасары мамандармен бірге Нарын каналын, Манаштағы қазандықты тексерді. Рас, асып-тасып жатқан су болмағанымен, бірақ, мал суаруға жетерлік. Ал, жаппай қырылып жатқан мал дерегі тіркелген жоқ. Тек каналдың батпағына батып, не ауырып өлген малдың өлексесін кездестіруге болады. Өйткені, су қазандығынан көптеген мал су ішеді», дейді Полымбет Хасанов.

Оның мәлім етуінше, ауданда шешімін күткен мәселелер бар.

«Ауданның аумағы – шөлейтті, жері құнарсыз, сортаң. Соңғы жылдары қар мен жауын-шашын аз мөлшерде түсті. Бірақ, биылғы көктемде жаңбыр мол жауып, жайылымдық жерге ылғал түсті. Құм өңірінен басқа елдімекендер малы Каспий теңізінің жағалауы мен Жайықтан бастау алатын каналдардан су ішеді. Ондағы су деңгейі бірқалыпты. Әйтсе де, Манаш қазандығындағы су деңгейі төмен. Каналдарға ұзақ уақыт күрделі жөндеу жүргізілмеген. Соның бірі – «ҚазСушар» мекемесінің теңгеріміндегі Нарын каналы. Аталған канал Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылынан басталып, Исатай ауданындағы төрт ауылдық округ арқылы Нарын ауылдық округіне дейін созылады. Сондықтан, «бірнеше ауылдың малы қырылып жатыр» деген дәйексіз әңгіме», дейді ол.