Ал нәтиже жағы қалай болмақ? Қазірдің өзінде жанкүйерлер бокс, күрес, ауыр атлетика, дзюдо, каратэ, сияқты спорт түрлерін серік еткен саңлақтарға ерекше назар аударатыны анық. Өйткені әр Олимпиада сайын егеменді еліміздің Көк туын биік ұстайтын осы спорт түріндегі қыз-жігіттеріміз екені жасырын емес.
Біз бүгін грек-рим күресінен ел намысын қорғайтын балуандарымыздың мүмкіндігін саралаймыз. Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов сияқты даңқты балуандардың жетістігін қайталауға Жапонияға бара жатқан үш балуанның мүмкіндігі жете ме?
Тарихымызды тарқатсақ...
Еліміз егемендігін алып, жеке мемлекет болғалы балуандарымыз Олимпия ойындарында ала-құла өнер көрсетіп жүргені баршамызға аян. 1996 жылғы ойындарда Юрий Мельниченко Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқылардың бірі болып Олимпиада алтынын жеңіп алды. Өкінішке қарай, Мельниченконың ізбасарлары бұдан кейін жеңіс тұғырына көтеріле алмады. 2004 жылы Афина Олимпиадасында Георгий Цурцумия қолда тұрған алтыннан айырылып, күмісті қанағат тұтса, Мхитар Манукян қола жүлде алды. 2008 жылы Нұрбақыт Теңізбаев Бейжің Олимпиадасынан қола медальмен оралып, кейіннен допинг дауына байланысты онысы күміске айналды. 2012 жылы Даниал Гаджиевті үздік үштіктен көрдік. Әзірге ауыз толтырып айтатындай нәтижеміз осы ғана. Өкініштісі, осыдан бес жыл бұрын Рио-де-Жанейрода өткен Олимпия ойындарында бірде-бір балуанымыз жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Ең жоғары жетістігіміз Алмат Кебісбаевтың жетінші орны болды.
Бапкер таңдауы
Ұлттық құраманың бас бапкері Бақтияр Байсейітов жақында Олимпиадаға қатысатын балуандардың тізімін жариялағанда жанкүйерлердің пікірі екіге жарылды. Әсіресе, 60 кило салмақта күресетін балуандарымыздың арасынан Мейрамбек Айнағұловтың таңдалғаны көптеген күрес жанкүйерінің таңданысын тудырды. Өйткені бұл салмақта Мейрамбектен басқа Айдос Сұлтанғали да бар-тұғын және ол соңғы жылдары Айнағұловқа қарағанда біраз белестерді бағындырып үлгерген-тін. Азия чемпионы атанды. Оның алдында халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті. Бірақ Бақтияр бапкердің таңдауы Мейрамбекке түсті.
Күресте басқа спорт түрлеріне қарағанда жолдама балуанның өзіне емес, салмақ дәрежесіне беріледі. Яғни Олимпиадаға кімнің баратынын көбінесе бапкерлер шешеді. Сондықтан жанкүйерлер арасында мұндай түсініспеушіліктің болуы үйреншікті жағдай.
Айнағұлов – айлакер балуан
Мейрамбек Айнағұлов – осал балуан емес. 2017 және 2019 жылдарғы әлем чемпионаттарында жүлдегер атанған ол көптеген халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғап жүр. 2018 жылы жазғы Азия ойындарында қоржынымызға қола жүлде салды. Азия чемпионатында үш рет үздіктер қатарынан көрінді. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында Олимпиада жолдамасын жеңіп алған да осы Айнағұлов еді.
Ал енді Мейрамбектің Олимпия ойындарындағы мүмкіндігі қандай дегенге тоқталсақ, әлемде 60 килода кілең «сен тұр, мен атайын» деген балуандар көп. Әсіресе, жарыс қожайыны саналатын жапониялық Кэнъитиро Фумита Олимпиаданың басты жүлдесінен бірден-бір үміткер. Ол 2017 және 2019 жылдарғы әлем чемпионаттарында қарсыластарын бұйым құрлы көрмеді. Сонымен қатар 2018 жылғы дүниежүзілік жарыста бас жүлде алған ресейлік Сергей Емелин де Токиода топ жарсам деп отыр. Бұл жігіттен Мейрамбек Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында күресіп, жеңіліп қалған.
Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, өзбекстандық қазақ жігіті Елмұрат Тасмұратовты да Мейрамбектің басты қарсыластарының тізіміне қосуға болады. Өзбекстан туы астында өнер көрсеткелі бері Елмұрат Қазақстан балуандарынан да зор жетістікке жетіп үлгерді. Бразилиядағы Олимпиадада қола жүлде алды. Әлемдік жарыстарда үш рет үздік үштіктен көрінді. Азия чемпионатының финалына жеті рет шығып, соның бесеуінде бас жүлде алды.
Жалпы, басқа салмақ дәрежелерімен салыстырғанда, 60 килода не көп, әлем чемпионатының жүлдегерлері көп. Өзі Олимпиадаға қатысатын он алты балуан болса, соның сегізі, яғни тең жартысы әлем чемпионатында атой салған саңлақтар. Десек те, біз Мейрамбектен жүлде күтеміз. Оған оның мүмкіндігі жетеді. Екі бірдей әлем чемпионатында күресіп, екеуінде де жүлде алған балуанымыздың тәжірибесі толысқан шақ. Бұрынғыдай шалт қимылға бармай, әр әдіс-тәсілін әбден ойланып жасайтынына сенімдіміз. Ең бастысы, Айнағұлов – айлакер балуан. Қулығына құрық бойламайтын, айла-шарғысы мол, кез келген сәтте қарсыласының қақпанынан оңай құтылып кететін қасиеті бар.
Жанкешті Жадыраев
Осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында Асқат Ділмұхамедов 77 кило салмақта жолдама алған еді. Алайда арада екі жыл өткенде бұл салмақта Демеу Жадыраев көшбасшыға айналды.
Демеу Жапонияға барар жолда көп тер төкті. Бұған дейін 72 кило салмақта бағын сынап келген балуан Олимпия ойындарына бола салмағын өсіріп, көптеген халықаралық жарыста 77 килода күресті. Бірде жолы болды, енді бірде өз мүмкіндігін іске асыра алмай, мүлт кетіп жатты. Алайда мақсат тауына шығар жолда Жадыраев аянып қалмады, жанкештілік танытты. Ақыры дегеніне жетті.
Демеудің салмағында да мықтылар жетіп артылады. Әсіресе, бұл салмақтың қожайындары – еуропалықтар. Швеция, Мажарстан, Ресей секілді елдердің балуандары әлемдік жарыстардың бас жүлдесін кезекпен алып жүр. Олимпиада чемпионы деген атаққа талас жүргізетін де солар. Демеуге бас жүлде алу қиынға соғады. Бірақ кемінде қола медаль үшін күресуге қауқары жеткілікті.
Депутатпен күресуі мүмкін
2016 жылғы Рио Олимпиадасының қарсаңында «мелдоний» деген бәлеге ұшыраған Нұрсұлтан Тұрсыновтың төрт жылға бозкілемнен шеттетілгені есімізде. Төрт жылын текке өткізген балуанымыз былтыр көктемде үлкен спортқа қайта оралды. Бас-аяғы бір жылдың ішінде ол екі бірдей жауапты жарыста жеңіске жетті. Алдымен Қазақстан чемпионатында өзіне тең келер қарсылас таппады. Одан кейін биылғы сәуір айында Алматыда өткен Олимпиаданың іріктеу турнирінде 87 килоның жолдамасын жеңіп алды.
Әлемде бұл салмақта Нұрсұлтанның басты қарсыласы ретінде төрт балуанды атап өтуге болады. Мәселен, украиналық Жан Беленюк – Олимпия ойындарының күміс жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпионы әрі Украина Жоғарғы Радасының депутаты. Мажарстанның мақтанышы Виктор Леринц – Еуропа чемпионы, әлемнің үш дүркін жүлдегері. Өзбекстан балуаны Рустам Ассақалов – жазғы Азия ойындарының жеңімпазы. Әлем чемпионатында екі мәрте жүлде алған. Грузин балуаны Лаша Гобадзе 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында 82 кило салмақта чемпион атанып, биыл Еуропа елдері арасында өткен іріктеу турнирінде 87 килоның мықтысы атанды.