Спорт • 15 Шілде, 2021

Келесі кезеңге шықты

252 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан Чемпиондар лигасының 2021/22 жылғы маусымының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан Алматының «Қайраты» келесі айналымға жолдама алды. Турнирдің бірінші іріктеу кезеңінде Израильдің «Маккаби» (Хайфа) клубымен кездескен «Қайрат» екі ойын қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңіске жетіп, жарысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды.

Келесі кезеңге шықты

Сырт алаңдағы ойында алма­тылықтар 1:1 есебімен тең түсіп, елге жақсы көңіл күймен оралған-ды. Араға апта салып Алматыдағы Орталық стадионда өткен қарым­та кездесуде былтырғы ел чем­пион­дары Израильден келген қарсыластарының қақпасына жауапсыз екі гол салып, «Мак­кабиді» ақыры тізе бүктірді. Сөй­тіп алма­тылық ұжым Хайфа коман­дасынан былтырғы есесін қайтарды. Есте­ріңізде болса, «Қайрат» Еуропа лигасының былтырғы маусымында дәл осы «Маккабимен» кездесіп, 2:1 есебімен жеңіліп қалған болатын. Жалпы, «Қайраттың» Израиль командаларымен кездессе, жеңіле беретін сәтсіз статис­тикасы бар еді. Мәселен, бұған дейінгі Еурокубок бәсекелерінде аталған елдің командасымен үш мәрте жолығып, үшеуінде де қарсыластарына жол берген еді. Осылайша «Қайраттың» Еу­ропа лигасындағы сәтсіздігі Чем­­пиондар лигасына келгенде тоқтады.

Алматының Орталық стадио­нындағы қарымта кездесудің алғашқы минуттарында Хайфадан келген қонақтар белсенділік танытып, ойын тізгінін өз қолдарына алуға тырысты. Өйткені жарыс ережесі бойынша келесі кезеңге тек жеңімпаз команда ғана өтеді. Сондықтан «Маккаби» мейлінше ойын тағдырын негізгі уақытта шешіп тастауды көздеген еді. Ойындағы алғашқы қауіпті шабуылды да Израильден келген футболшылар жасады. 8-минутта Омер Ацили әріптесінің әуелете асырған пасына бірінші жетіп, Стас Покатилов қорғаған қақпаға баспен жойқын соққы жасады. Абырой болғанда доп қақпа бағанынан сәл жоғары ұшып, есеп өзгеріссіз қалды. Арада екі минут өткен соң алаң қожайындары қауіпті шабуылдың қарымтасын қайтарып қана қомай, гол соғуға мүмкіндік алды. Кездесудің 10-минутында алаң ортасынан шабуыл ұйымдастырған Небойша Косович айып алаңында тұрған Артур Шушеначевке дәл пас берді. Ұзын бойлы шабуылшы допты кеудесімен тосып, Ваг­нер Лавқа гол соғатын тамаша мүм­кіндік жасап берді. 37 жас­тағы тәжірибелі шабуылшы өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Есеп – 1:0. Бірінші таймның соңына таман Вагнерде есепті еселей түсетін тағы бір оңтайлы сәт болған. Бірақ бразилиялық футболшының соққысын «Маккаби» қақпашысы Джош Коэн қайтара білді.

Екінші таймды екі клубтың ойыншылары да белсенді бас­тады. «Маккаби» үшін ертерек есепті теңестіріп алу ма­ңызды бол­са, «Қайратқа» тағы бір гол соғып, келесі кезеңнің мә­селесін мерзімінен бұрын ше­шу маңызды еді. 65-минутта қонақтар сапынан Годсвэй Доньох таразы басын теңестіретін мүмкіндігін пайдалана алмады. Стас Покатилов тамаша сэйв жа­сап, қақпасын голдан аман сақ­тап қалды. Арада бір минут өткенде қарсы шабуылға шыққан «Қайрат» ақыры өз дегеніне жетті. Вагнер Лавтың пасын қарсылас команданың қорғаушылары қай­тарамын деп абайсызда допты дәл Айбол Әбікеннің аяғына салып берді. Айбол әуедегі допты жерге түсірмей теуіп, қақпа торында тулатты. Матч соңына дейін екі клуб­та да гол соғатын бірнеше мүм­кіндік болған. Алайда қақпа­шылардың қырағылығының арқасында таблодағы есеп өзге­ріссіз қалды.

Осылайша «Қайрат» өз тарихында Израиль командасын бірінші рет жеңіп, Еуродода жа­­рысының келесі кезеңіне шық­­ты. Енді алматылық ұжым Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Сербия чемпионы «Црвена Звезда» командасымен кездеседі. Алғашқы ойын 20 шілдеде Алматыда өтсе, жауапты кездесу 27 шілде күні Белградта ойналады. «Қайрат» бұған дейін Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде сербиялық командамен 4 рет кездесіп, оның үшеуінде жеңіске жеткен. Соңғы рет екі клуб жасыл алаңда 2015 жылы жолыққан. Сырт алаңдағы бірінші ойында «Қайрат» 2:0, Алматыдағы бәсекеде 2:1 есебі­мен басым түскен.

«Қайрат» бірінші айналымдағы жеңісінің арқасында 331 000 АҚШ доллары көлемінде табыс тапты. Ал екінші кезеңге өткені үшін алматылық клуб тағы 450 000 доллар қаржы алады.

Айта кетейік, Конференция ли­гасында өнер көрсететін Қазақ­станның үш клубы жарыс­тарын 22 шілдеде бастайды. Ал­ғаш елорданың «Астанасы» Гре­кияның «Арисімен» кездессе, кейіннен Қарағандының «Шах­тері» Румынияның «Стяуа­сы­мен» ойнайды. Ал Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері «Тобыл» хорватиялық «Хайдук» клубымен бақ сынайды.

Конференция лигасының ережесі бойынша, екі ойын қоры­тындысы бойынша жеңілген команда жарысты сол жерден аяқтап, Еурокубок жарыстарынан шығып қалады.