Қазақстан • 15 Шілде, 2021

Жалғандық жарға жығады

478 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» демекші, нарық заманының заңы осы екен деп жалған вакциналау паспортын саудаға салуды да шығардық. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жыл басынан бері ПТР тестілеу нәтижелері мен вакциналау паспорттарын қолдан жасаудың 30 жағдайын тіркеген еді. Енді, міне, күні кеше Алматыдағы үш медициналық мекеменің қызметкерлері жалған вакциналау паспорты мен ПТР тестілеу нәтижелерін қолдан жасағаны анықталды.

Жалғандық жарға жығады

Әлдебір жылы «Әліппені» «Сауат ашу» алмастырғанда «көзіміз – ашық, көкірегіміз – ояу, бұл оқулық жұртты сауатсызға те­ңейді», деп өре түрегелген едік. Сол ашық көз, ояу көкірегіміз жаһанды жаппай індет жайлап, одан құтылудың жалғыз жо­лы – вакцина салдыру екенін біл­ген кезде «көрмес түйені де көрмес» сыңай танытқанымыз не осы? Вакциналау былай тұрсын, алғашында ажал аңдыған аждаһа шыққанын естісе де, «өтірік, мұндай кесел мүлдем жоқ» дегендер де табылып еді. «Тас түс­кен жеріне ауыр» екен. Вирус ел іргесіне батпандап кіргенде барып самарқау көңіл сабасына түсіп, бетперде таға бастадық. Сол кеселің кеңістікке үстемдік құ­рып тұрғанына да міне, жылдан асты. Ел ар­дақ­тыларынан, ағайын-туыстан айырылдық. Тұтқиылдан тиген «тұмау» туралы бәрін білеміз. Өкініштісі сол, біле тұра білместік танытуды жал­ғастырып жатырмыз.

Коронавируспен күресудің бір­ден-бір әрі сенімді жолы вак­цина салу екені айтудай-ақ айтылып жатыр. Тек, соны көре­тін көз, еститін құлақ болмай тұр. Сәті келсе сан соқтырып, жал­­ған ПТР тестілеу немесе вак­ци­налау паспортын алуға асы­ғамыз. Бұл туралы Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында екпе салуға қатысты жалған құжаттар туралы деректер пайда болып жатыр. Бұл – қоғам үшін өте қауіпті жағдай. Өйткені халық көп жиналатын жерлерде дерт жұқтырған адам да жүруі мүмкін деген сөз. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Біз пандемиямен күрес­тің негізгі жолы вакцинация екенін түсінуіміз қажет», деп ойын ашық айтты.

Иә, жалған паспорт – жарға жық­пай қоймайды. Өз денсау­лығымызға бас қатырмасақ, қа­тырмай-ақ қояйық. Алайда айна­ламыздағы өзге адамдарды, жасы егде жақындарымызды неге ойламаймыз? Жалған паспорт жүрген жерде індет жұқтырған адам да қатар жүреді. «Түптеп келгенде, азамат­тарымыз өзде­рінің және жақын туыстарының ден­сау­­­лығын ойлап, саналы түр­де шешім қабылдауы керек. Анти­ваксерлердің қауесет, даң­ғаза әңгімелеріне сенудің қа­жеті жоқ», дегенді Президент өзге айтар сөзі жоқтан айтып отырмағаны анық.

Әлем әбігерге түсіп жатқан жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажеттілігі туындайтыны бесенеден белгілі. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, бұған заңнамалық та, конс­титуциялық та негіз бар. Әрі-беріден соң, бұл – Отан ал­дындағы міндет. Соған қара­мастан, Президент екпе салу ке­зін­де асыра сілтеуге жол беруге болмайтынын да айтып отыр. Мәселен, денсаулығына және бел­гілі бір жағдайларға байланыс­ты вакцина салдыра алмайтын отандастарымыз бар. Сондықтан Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар мен мониторинг жүр­гізетін топтар осы мәселені ес­керуі тиіс екенін алға тартады. Яғни Қасым-Жомарт Тоқаев қай жағдайда болсын түсіністік, адам­гершілік ұғымдары бәрінен биік тұруы керек екенін меңзейді.

Мемлекет отандастарымызға тү­сіністікпен қарауын қарап-ақ келеді. Алайда «Халық үні­не құ­лақ асатын мемлекет» бол­ғаны­мен, мемлекет үніне құлақ асатын ха­лық болмай тұр. Ебін тапқандар екі жеп, вакциналау паспортын сатумен қоймай, ПТР тестінің теріс нәтижесі туралы жалған анықтама жасап беруге дайын. Бұл дегеніңіз алдымен Ата Заңнан, одан қалды адамгершіліктен аттау деген сөз. «Осыған дейін де айттым, вак­циналау туралы жалған серти­фи­кат­тар жасау нарығы пайда болды. Мұндай деректерді тұ­тас қоғамның денсаулығы мен қауіп­сіздігіне төнген тікелей қауіп деп түсіну қажет. Демек, жазаға тарту шарасы да қатаң болуға тиіс. Бұл Әкімшілік кодекс­ке сәйкес заң бұзушылық екені айдан анық», деді Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңей­тілген отырысында.

«Жел соқпаса, шөптің басы қи­мылдамайды». Мемлекет басшысы жалған құжаттар туралы деректер барын ойдан құрап отырған жоқ. Вакциналау мен тестілеуге қатысты жалған құжат әзірлеу мәселесінің бар екенін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биыл 5 мамырда Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мойындаған. Дәл сол кезде жалған құжат жасауға қатысты алғашқы «өрттің ошағы» Алматыда тұта­нып, қылмыстық іс тергелген еді. Өкінішке қарай, бұл ақыр­ғы қыл­мыс болмай шықты. Әлеу­меттік желілерде «вакциналау пас­портын 5-15 мың теңге ара­лығында сатып алуға болады» де­ген гу-гу әңгіме тарай бастады.

«Жалған вакциналау паспорты­на қатысты жағымсыз жағдай орын алғанын жасырмаймын. Мұ­ндай мәлімет келіп түскен бетте бір­­ден Ал­­маты қаласының әкім­­дігі­мен же­ке бай­ланысқа шықтым. Жағ­дай­ды ба­қылауға алдық. Күштік құры­лым­дармен жүйелі жұмыс істеп, ізін суытпай қылмыскерді анық­та­дық. Бүгінде барлық әлеу­меттік же­лілер қадағалауға алынған. Мұн­дай жағдайлар туралы мәлімет­­теріңіз болатын болса, оны назар­ға алуға біз әрқашан да­йын­быз. Осын­­дай әрекеттерге қылмыстық жауап­кершілік қа­рас­тырылған. Кез келген азамат, мейлі ол дәрігер немесе өзге адам болсын, заң кешірім бермейтінін түсінуі тиіс. Бәрін та­бамыз және бәрі жазаланады. Мұндай қылмысты дәлелдеу қиын емес. Себебі ақпа­раттық жүйедегі әрбір доза көрінеді. Егер мұндай жағдай орын алса, қыл­мыс­тық жаза қолданылады. Біз бұл мәселеге үнемі мониторинг жасап, бақылауда ұстайтын боламыз», деп еді министр.

Өкінішке қарай, министр жал­ған құжат мәселесін бақы­лауда ұстап қала алмады. Мәсе­лен, өткен аптада Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Марат Ахмет­жанов ведомствоның бірінші жар­тыжылдықтағы жұмысын қоры­тындылай отырып, нақ осы жал­ған құжат әзірлеу мәселесіне тоқ­талған еді. «Күні кеше еліміз­дің 3 аймағында жалған вакци­налау пас­портын саудалау­мен айна­лыс­қан медицина қызметкерлері ұстал­ды. Ақ халаттылар екпе алмаған адамдарға жалған құ­жат әзірлеп келіпті. Ал оларға егі­луге тиіс вакциналардың кө­зін жойып отырған. Өздеріңіз көріп отырғандай, халықтың денсаулығы пайда табудың кө­зіне айналды. Ал бюджеттен бөлі­нетін қаражат желге ұшып жатыр. Осындай жалған құжат алған адам­дар арамызда жүруі мүмкін. Бұл жерде мәселе тек сы­байлас жем­қорлықта ғана емес, бұл ең алдымен біз өмір сүріп отырған ортаға, халыққа төн­ген қауіп. Сондықтан мұндай қыл­мыс­­­тардың алдын алу жұмыс­тары жал­ғаса береді», деді ведомство басшысы.

Сонымен қарапайым меди­цина қызметкерінен бастап, Мем­лекет басшысына дейінгі ауқым­ды назар ауып отырған вакциналау паспорты деген не өзі? Вакциналау паспорты – бұл әрбір қазақстандық коронавирустан толық иммундау курсынан өткеннен кейін ала алатын құжат. Оны мемлекеттік eGovMobile қосым­шасынан табуға болады. Паспортта үш тілде пациенттің қандай препарат алғаны, қандай ме­дициналық мекемеде екпе егілгені, қандай дәрігер екпе сал­ғаны, қандай дозада және қашан салынғаны көрсетіледі. Жуыр­да жекелеген салаларда мін­детті түр­де вакцина салдыру қажет­тілігі туын­дап, онсыз еңбек етуге шектеу қойыл­ған болатын. Жал­ған құжаттың сұранысқа ие бола бас­тауының бір себебі – осы.

Міне, осындай жайттар адам­дар­ды ағат басуға итермелеп жүр. Мәселен, Алматыдағы үш ме­дициналық меке­менің қызмет­керлері жалған вакциналау пас­порты мен ПТР тестілеу нәти­желерін қолдан жасағаны белгілі болды. Қалалық криминалдық полиция басқармасының хабарлауынша, «Достар Мед» және «Сұңқар» сынды екі жеке медициналық орта­лықтың қызметкерлері жал­ған құжат­тар жасаған екен. Сон­дай-ақ №4 ем­ханадағы медицина қызметкерлері вакциналау паспорттарын сатқаны және вак­циналарды заңсыз жойып жібер­гені анықталды.

Бірінші жағдайда, клиника­дағы зертхана қызметкері орта­лықтағы екі мейірбикенің көмегі­мен ақшалай сыйақы үшін теріс нәтижемен биоматериалды сынамасыз ПТР тестін ұйымдастырды. Біраз уақыттан кейін «Сұңқар» медициналық орта­лығының дәрігер-эндоксисті ұстал­ды. Ол бұрын алаяқтық үшін жауап­қа тартылған екен. Жеке тінту ке­зін­де ақша мен ПТР тестілердің нәти­желері тәркіленді. Сонымен қатар №4 қалалық емхананың аға мейір­бикесі ұсталды. Ол 15 мың теңге көле­мінде ақшалай сыйақы алу үшін вак­цина алғандарды белгілеу журналына жалған тіркеумен айналысып келіпті. Күдікті қылмысын мо­йындады. Бұл фактілер Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Күн санап елімізде вирус жұқ­тыр­­ған­дардың саны мен «қызыл аймақ­тардың» қатары көбейіп барады. Сол жұқтырғандардың қатарында жалған вакциналау паспортын алған­дардың болмасына кім кепіл? Соның салдарынан «вакцина алған адам да індетке шалдығады» деп байбалам саламыз. Әрине, екпе алған адам жаман тұмаумен мүлдем ауыр­майды деуден аулақпыз. Алайда «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетінін» қаперден шығармаған жөн. Жалған вакциналау паспортын алып, жаманатты болған кімге абырой әпермек? Мемлекет басшысы айтып өткендей, азаматтарымыз өздерінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек.

 

Қайрат ТӨЛЕГЕНОВ,

Батыс Қазақстан облысындағы №1 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері:

– Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы вакцина ойлап табылмай тұрған кезде «барлық пациент ауырып болғаннан кейін қоғамдық иммунитет қалыптасады, тиісінше індеттің көзі жойылады» деген шешімге келген еді. Алайда бұл тұжырымның қате екенін уақыт өзі дәлелдеп отыр. Бүгінде аты атал­ған ұйым да, әлемдегі барлық мемлекет те осы екпеге күш жұмылдырып жатыр.

Вакцина жасауға қауқарсыз елдер қаншама қомақты қаржы бөліп, вакцина сатып алып жатыр. Себебі вакцина жасау үшін де орасан зор әлеует қажет. Өкінішке қарай, осындай үлкен күшпен қолға тиіп жатқан екпенің қадірін түсінбей, зая кетіріп жатқандар да анықталды. Егудің орнына төгіп тастап, витамин салып жүргендер бар екен. Бұл – үлкен қателік. Сананың саяздығы. Өз басым ондай жағымсыз жағдаймен бетпе-бет кездескен жоқпын. Кездеспей-ақ қояйын. Алайда көз көреді, құ­лақ естиді. «Бірінші байлық – ден­саулық» екенін бабаларымыз бостан-бос айтқан жоқ. Осы байлықты вирус­тан қорғаудың бүгінгі бірден-бір жолы – екпе алу. Екпе алу үшін де психологиялық дайындық керек. Әр адам жан мен тәнді дайындап барып, ерікті түрде, өз қалауымен алғаны жөн. Екпенің көмегі сонда барып тиеді деген ойдамын. Ал ПТР тестілеу мен вакциналау паспортын сатып алып жатқандарға ем қонсын ба? Қонбайды.

Мәселен, Еуропадағы бірнеше елдің, Араб мемлекеттері мен Израиль­дің халқы саналы түрде ке­зек­ке тұрып, екпені уақтылы алып, барлық сақтық шараларын ұста­нып жатыр. Ондай елдерде карантин шаралары алынып, аурудың көрсеткіші азайып, емханалардағы науқастардың саны азайып келеді. Бұл – халықтың саналы түрде екпе алуының нәтижесі деп түсінемін.

Жалған вакциналау паспортын алып, жалған екпе салдырып жат­қандар – ең алдымен қызмет ететін адамдар. Үйде отырған тұрғындар ондай қадамға бармайтыны анық. Қызметте жүрген отандастарымыздан жұмыс орнында екпе салдыру талап етіледі. Көп адам вакцинадан қорқып жүр. Вакцинадан қорықса да, жұмыс орнындағы әріптестеріне, үйдегі жүкті әйеліне, егде жастағы ата-анасына індет жұқтырамын деп қорықпайды. Санасыздық деген – осы. Біз, ең алдымен, адамдардың санасын өзгертуіміз керек. Адамдар жалған вакциналау құжатын алудың қаншалықты зиян екенін ұғынуы тиіс. Сонда ғана қоғамдық иммунитет қалыптасады.