Сонымен қатар екі елдің мәдениет саласына жауапты министрдің жүздесуіне Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ТМД Жарғылық органдары жанындағы Тұрақты Өкіл қызметін қоса атқарушы Асқар Бейсенбаев пен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы қатысты. Ақтоты Райымқұлова бүгінде екі ел арасындағы тату көршілік қарым-қатынас тұрақты дамып, мәдени-гуманитарлық байланыс екі халық арасын байланыстырушы көпірге айналып келе жатқанын атап өтті.
«Ынтымақтастық аясында бірқатар ауқымды мәдени жоба жүзеге асып жатыр. Мәселен, еліміздің өкілдері «Беларусь кітаптары» халықаралық жәрмеңкесіне, «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестиваліне, «Лістапад» халықаралық кинофестивалі сынды мамандандырылған мәдени іс-шараларға тұрақты түрде қатысады. Беларусь халқының мәдени мұрасын елімізде таныту шеңберінде Беларусь пен Қазақстанның мемлекеттік мұрағаттары мен мұражайлары арасында әріптестік орнатылды. Сонымен қатар әдебиет пен өнер, кинематография қайраткерлері арасында серіктестік жанданып келеді.
Осы орайда биыл 17 мамыр мен 24 маусым аралығында Беларусь Республикасында режиссер Бекболат Шекеровтың «1941 жылдың жазы» атты көркем фильмнің түсірілімі өткенін атап өткім келеді. Бұл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына және екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, ғалым, жазушы және қоғам қайраткері Әди Шәріповтың жауынгерлік жолы жайлы тарихи туынды.
Жыл сайын Витебскіде өтетін «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі ТМД көлемінде ғана емес, құрлық аралық деңгейде танылған жобаға айналып үлгерді. Біздің өнерпаздар ұзақ жылдан бері «Славян базарына» тұрақты қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Осы ретте танымал әнші Димаш Құдайберген өнер жолында осы фестивальге қатысып, өнер көрсеткенін айта аламыз. Ал биыл Қазақстан атынан эстрада орындаушылары байқауында Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті Рухия Байдүкенова бақ сынайды. Ал ХІХ халықаралық балалар музыкалық байқауына «Бозторғай-2019» халықаралық балалар шығармашылығы байқауының жеңімпазы 10 жастағы Амина Асгатова қатысады. Сөз арасында айтқан Димаш Құдайберген биыл халықаралық байқаудың қазылар алқасының мүшесі», деді министр.
Осыдан кейін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі екі мемлекеттің мәдениет күндерін өткізу мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуда маңызды қадам екенін жеткізді.
«2018 жылы Беларусь Республикасында Қазақстанның Мәдениет күндері ұйымдастырылды. Биыл 30 қыркүйектен бастап 3 қазанға дейін елімізде Беларусь Республикасының Мәдениет күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Мәдениет күндері аясында Беларусь Республикасының үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Осы мәдениет күндері аясында Беларусь киносының күндерін өткізу жоспарда бар», деді.
Сондай-ақ Ақтоты Райымқұлова Қазақстан мен Беларусь мемлекетінің шығармашылық ұйымдары арасында тұрақты түрде тәжірибе алмасу жүзеге асып жатқаны қуантатынын айтты.
«Біздің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы Беларусь мемлекеттік филармониясымен Меморандумға қол қою мәселесін талқылауға дайын. Өз кезегінде Беларусь Республикасының жеке орындаушылары мен шығармашылық ұжымдарын 2022 жылы өтетін «Опералия» халықаралық фестивалі, Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер байқауы (2023 жылы), музыка аспаптарында орындаушылардың халықаралық телевизиялық балалар байқауы (биыл қазан айының соңы – қараша айының басы) сынды іс-шараларға қатысуға шақырамыз. Сонымен қатар екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту мақсатында өнер ұжымдарының гастролін өткізуді ұсынамыз», дей келе, екі тараптың осы іс-шараларға қатысуы өзара іс-қимылға жаңа серпін беретініне, мәдениет пен өнер саласында байланыс орнатуға және тәжірибе алмасуға ықпал ететініне сенімді екенін айтты.
Өз кезегінде Анатолий Маркевич екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты Беларусь тарабы жандандыруға ниетті екенін айтты.
«Екі елдің өнер, әдебиет, спорт және өзге саладағы қайраткерлерінің байланысы ұзақ жылдан бері жалғасып келеді. Сіздердің осы кездесу барысында айтқан ұсыныстарыңызды қарастырып, пандемияға қарамастан әріптестіктің өрісін кеңейтуге дайын екенімізді жеткіземін», деп айтты Беларусь Республикасының Мәдениет министрі.