30 Сәуір, 2010

БЕЛСЕНДІ КҮРЕС БӘСЕҢДЕМЕСІН

514 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
“Нұр Отан” халықтық-демо­кра­тиялық партиясы мен еліміздің Қаржы поли­циясы бірлесіп жем­қор­лыққа қарсы күрес ак­циясын бастады. “Сенің жемқорлыққа қар­сылығың өте маңызды” атты рес­пуб­­ликалық ақпараттық-на­си­хат­тық акцияның бастал­ғандығы туралы “Нұр Отан” ХДП-ның Орталық аппаратында пар­тия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығ­матулин мен Экономи­ка­лық қылмысқа және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес агент­ті­гінің төрағасы Қайрат Қожам­жаровтың өткізген баспасөз мәс­ли­хатында  мәлім болды. Биыл екінші рет өткізіле бас­таған шара еліміздің барлық аймақтары бойынша 2010 жылдың мамыр айы ауқы­мын қамтиды. Жем­қор­лық­пен күрес үдерісіне азаматтық қоғам институтта­рын кең кө­лем­де тарту, қазақстан­дық­тардың індетке қарсы көзқарасын қалып­тас­тыру көзделген. Осыған бай­ла­нысты “Нұр Отан” ХДП мен Эко­номикалық қылмысқа және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес агенттігі арасында бірлескен іс-шаралар жоспары бекі­тіліпті. Олар­дың қатарында “Өзіңнен баста” деп ата­латын жемқорлыққа қарсы аймақтық қоғамдық кеңес­тер­дің кеңейтілген отырыс­тары, кәсіпкер­лер­мен кез­десу, жастардың пікір­сай­ыстары, агенттік бас­шы­лары мен партия фили­алын­дағы аймақ­тық құры­лымдар жетекшілерінің азаматтарды қабылдауы, журналис­тік зерттеу, әлеу­меттік сауалдама­лар, ақпа­раттық үнқағаздарын тарату сияқты іс-шаралар бар. Баспасөз мәслихатында Ел­басы, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұр­сұл­тан Назар­баев бұл әлеуметтік кесел­мен белсенді күресу қажет­тігін ұдайы айтып, тап­сырма беріп келе жатқаны атап көрсетілді. “Сондық­тан жемқор­лықпен күрес пар­тия­мыздың негізгі бағыт­тарының бірі деп айтуға болады. Осы мақсатта “Нұр Отанның” бастамасымен көптеген шаралар ұйымдас­ты­ры­лып, бүгінгі күні олар өз нәтиже­лерін беріп отыр. Әрине,  жемқор­лықпен кү­рес бір адамның, бір ме­кеменің жұмысы емес. Бұл ін­детпен халық болып, қоғам болып күресуіміз керек”, деді Н.Нығматулин. Ел азаматтарының жем­қорлыққа қатысты ақпарат­тарды, кез келген фактілерді 8 800 080 3000, 144 теле­фон­дары арқылы тегін қо­ңырау шалып жеткізулеріне болады. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.