Қоғам • 18 Шілде, 2021

Төрткүндік жұмыс аптасы: Аңыз бен ақиқат

459 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Исландияның төрткүндік жұмыс аптасына көшкені туралы хабар сүйіншілеп барлық жерден таралып жатқанына қарап, бүкіл әлем «жалқау» ма деп қаласың. Көбіміз сол жаңалықты күтіп, жанайқайымызды шығара алмай жүргендейміз. «Пәленше аптасына төрт-ақ күн жұмыс істейді екен, ал біз ше?» деп Еңбекминнің жағасынан алдық. Бүкіл әлемді шулатқан төрткүндік жұмыс аптасының артында не жатыр? 

Төрткүндік жұмыс аптасы: Аңыз бен ақиқат

Әлемдегі беделді басылымдар жарыса жазған бұл жаңалықты біз де айналып өте алмадық. Ең ірі ақпараттық агенттіктер Исландия өткізген тәжірибенің нәтижелерін «таң­ғаларлық жетістік» деп бағалап отыр. Жұ­мыс уақытын қысқартып, тура сол бұ­рын­ғы жалақыны алуға кім келіспейді? Кез келген ересек адамның жасына, жыны­сы­на, ұлтына, дініне қарамастан, ортақ мақ­саты бір. Ол – жеке өмір мен жұмысты қатар алып жүріп, бақытты ғұмыр кешу. Одан бөлек, осы бір ғана себептен қоғамда қаншама әлеуметтік, экономикалық мәселе туындайтынын аңғара бермейміз. Оның ішінде демография, отбасы, жастар саясаты, денсаулық сақтау, білім беру саласында қордаланған мәселелердің біразы осыған келіп тіреледі. Тіпті Лондонда жүргізілген зерттеулердің бірі қысқа жұмыс аптасының экологияға, қоршаған ортаға пайдалы екенін анықтапты.

Жұмыс уақытын қысқарту – тек демалыс не жалқаулықпен байланысты емес екені белгілі, мәселенің тамыры тым тереңде. Бұл дегеніміз – ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық тәртіптің өзгеруі, ал оның салдары қандай болатыны  белгісіз. Бір жағынан, заман бір орнында тұрған жоқ. Кейбір мамандар технология мен ғылым дамып, адамның мүмкіндігі артып жатқан ортада жұмыс уақытының қысқаруы да қисынды деген пікірде. Бұл ойдың да жаны бар. Бұрын адам баласы атқарған қаншама жұмыс қазір автоматтандырылған, еңбек өнімділігі де бірнеше есе артты.

Әңгімені әріден бастағанымызбен, енді Исландия жүргізген тәжірибеге оралайық. Түсініктірек болуы үшін зерттеудің өзіне тоқталсақ. 2015-2019 жылдары Ислан­дия жалақыны төмендетпестен, 40 сағат­тық жұмыс аптасын 35-36 сағатқа дейін қыс­қартып, екі ауқымды тәжірибе жүргіз­ген. Жоба нәтижесін алғаш рет Ұлыбри­тания­ның Autonomy ғылыми орталығы мен Ис­ландиядағы тұрақты даму және демократия қауымдастығы (Alda) бірлесе талдап, баяндама жариялады. Зерттеушілер елдегі еңбекке жарамды халықтың  1 пайыздан астамы, яғни 2500 қызметкер қатысқан сынақтың нәтижесі мемлекеттік қызмет пен жеке секторға да пайдалы екенін алға тартады. Баяндамада көрсетілгендей, бұл тәжірибелердің сәтті болғаны соншалық, елдегі жұмыс күшінің 86 пайызы жұмыс уақыты қысқартылған һәм заңды түрде қысқартылып жатқан көрінеді.

Байқап отырсақ, басты назар жұмыс аптасын төрт күнге қысқартуда емес, жалпы бір аптадағы жұмыс уақытын 4-5 сағатқа азайтуды ұсынып отыр. Бұған көз жеткізу үшін желіде жарияланған 80 беттік «Going public: Iceland’s journey to a shorter working week», яғни Исландияның қысқа жұмыс аптасына өту жолына арналған баяндаманы шолып шығу жеткілікті.

Рейкьявик қаласының кеңесі жүргізген зерттеудің бірінші бөлігіне қаладағы қызмет көрсету орталығы, балаларды қорғау қызметі, кейіннен балабақшалар, қалалық жөндеу мекемелері, мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған интернат үйлерінің қызметкерлері қатысқан. Тіпті Рейкьявик қаласының мэриясы да қосылған. 2017 жылы тәжірибеге Исландия үкіметі қызығушылық танытқан. 17 мемлекеттік мекеменің ішінен елдің ішкі кірістер басқармасы, Исландияның көші-қон қызметі, ұлттық тіркеу орталығы мен Вестфьордтағы полиция бөлімінің қызметкерлері қысқарған жұмыс уақытының әсерін зерттеуге кірісті. Зерттеушілер тәжіри­бе соңында екі нәтижеге келді. Бірін­шіден, қызмет көрсету мен өнімділік деңгейі бірқалыпты сақталған және өскен, ал екіншіден, жұмысшылардың әл-ауқаты жақсарып, жұмыс пен жеке өмірді қатар алып жүрген екен.

Ал төрткүндік жұмыс аптасы деген тір­кесті 80 беттік баяндамада екі жерден ғана кез­дес­тіруге болады. Онда да кіріспеде қыс­қар­ған жұмыс аптасын Еуропада басқаша «төрткүндік жұмыс аптасы» деп те атап жүргені айтылған. Сонымен бәріміз елең еткен қысқа жұмыс аптасы біз ойлағандай «қысқа» болмай шықты. Былай қарасақ, жұмыс аптасы бір күнге қысқарса, зерттеу­де айтылған 4-5 сағаттың орнына қыз­мет­керлер 8 сағат еңбектен босатылар еді. Сон­дықтан бұл хабардың «айқайлаған» тақы­рыбына емес, түпкі мақсатына көңіл бөл­ген жөн. Еңбек нарығына арналған көлем­ді зерттеудің нәтижесі жалаң сөз бен бөс­пе әңгіменің тасасында қалып кетпесе дей­міз. Талқылап қана қоймай, жұмыс уақы­тын қысқартудың пайдасы еліміздегі жауап­ты органдар мен жұмыс берушілердің наза­рына ілінуіне жағдай жасайық. Өйткені бұл бір елдің тәжірибесі болғанымен, халық­ара­лық қоғамдастыққа ой салған мәсе­ле екені анық. Қазір әлемдегі дамыған елдер­дің көп­шілігі өз азаматтарының жұмыста ша­ма­дан тыс уақыт өткізетінін айтып, сол уақыт­ты қыс­қартудың жолдарын қарастырып жа­тыр. Олардың қатарында Ұлыбритания, Ис­па­ния, Жапония және өзге де мемлекеттер бар.

Жалпы, неге бұл жаңалық дәл қазір бұрын-соңды болмаған маңызға ие болып отыр? Айналып келіп тағы сол пандемияны сөз қылуға тура келеді. Былтыр адамзаттың құндылықтары түбегейлі өзгерді деуге болады. Жұрт өзін, отбасын, жақындарын, ден­саулығын бірінші кезекке қойып, баға­лай бастады. Қашықтан жұмыс істеп, қоғам­да жылдар бойы қалыптасқан тәртіпті өзгертті. Барлығы бәз баяғыдай болмауы да мүмкін. Одан бөлек Исландиядағыдай төрткүндік жұмыс аптасын ұйымдастыру оңай болмасы анық. Шамамен 350 мың халқы бар елдің тәжірибесін 330 млн тұрғыны бар АҚШ-та, не халық саны 19 млн-нан жаңа асқан Қазақстанда жүзеге асыру қиынның қиыны.    

Қызметкерлердің жұмыстан тыс көбі­рек уақыт өткізіп, жақындарымен бірге бо­лып, қызметінің қысымынан айы­ры­луы­ның пайдасын әсте жоққа шығар­май­мыз. Мұны дәлелдейтін зерттеулер мен тәжі­рибелер де көп. Мәселен, Эконо­мика­лық ын­ты­мақтастық және даму ұйымы (OECD) әртүр­лі елдердегі бір сағаттағы еңбек өнімділігі мен орташа жылдық жұмыс уақытын салыс­тыра келе, бай елдерде жұмыс уақытының қысқаруы мен еңбек өнімділігінің артуының арасында тығыз байланыс бар екенін анық­таған. Бәлкім, бұл тұжырым Қазақстан секіл­ді дамушы елдерге де қатысты болар.

Еліміздің еңбек нарығында қызметкер­лердің жұмыс күнінің ұзақтығына қатысты теріс пікірлердің бары жасырын емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы Жолдауында мемлекеттік қызметшінің жұ­мыста заңмен бекітілген уақыттан артық оты­ратынын айтып, сынаған еді. Сондай-ақ Елбасы ұзаққа созылатын жиындардың көбейгенін де тілге тиек еткен. Артынша Мем­лекеттік қызмет істері агенттігі жұмыс уақыты аяқталғанда меморгандардың қыз­мет­тік компьютерін өшіру секілді шара­лар ұсынған-ды. Алайда шамадан тыс талап­шыл басшылар қол астындағы ма­ман­ға еркіндік беруге қиналатындай. Өкі­ніш­ке қарай, түнге дейін жұмыс істеу көп жерде қалыпты жағдай болып кеткен.  Бұл мәсе­лені құқықтық деңгейде емес, әріп­тес­тер арасында өзара сыйластық бар, бас­­шысы қызметкердің еңбегін әділ баға­лай­тын қарапайым жұмыс мәдениетін қалып­тастыру арқылы-ақ шешуге болар. Төрткүндік жұмыс күні деп аузымызды айға білеп, құр дабыраға салмай, дамыған елдер деңгейіндегі еркін әрі әділетті еңбек ортасын қалыптастыруға басымдық беріп, одан кейін жұмыс уақытын қысқартуды қарастыруға болатынын айтқымыз келеді.