Аймақтар • 19 Шілде, 2021

Жұрт болып жұмылсақ, жұт қашады

575 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батысқазақстандық азаматтар, шаруа қожалықтары биылғы қуаңшылықтан қиын жағдайға ұшыраған маңғыстаулық әріптестеріне көмек қолын созуда. 18 шілде күні тай-тай шөп тиеген алғашқы көлік Түпқараған ауданына аттанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жұрт болып жұмылсақ, жұт қашады

Осыдан бір апта бұрын Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданындағы «Аманат» шаруа қожалығының жетекшісі Бақыт Далабаев ақжайықтық шаруаларға үндеу тастап, көмек қолын созуға шақырған болатын.

«Ердің басына да, елдің басына да не келіп, не кетпейді. Індет жағадан алып буындырып жатқанда, еліміздің кей өңірінде малға шөп таппай, ақ-адал түлігі өліп жатыр. Жейтін шөп жоқтығынан картон шайнап, пакет жеген малды көргенде қатты қиналдық. Қазақ халқы қиындықта бір-бірін жылусыз қалдырмайды. Оған тарих куә. Сондықтан биыл мал азығынан тарылған аймақтарға шөп жеткіземіз деп үндеу тастап, біраз шаруаның басын қайырдық», дейді Бақыт Далабаев.

Бұл бастаманы алдымен Бөрлі ауданы фермерлері қызу қолдап әкетті. Үш күн ішінде қайырымдылық марафонына бөрлілік 18 шаруа қожалығы қосылды. Бәйтерек пен Шыңғырлау аудандарынан – 3 фермерден, Тасқала мен Теректіден – 1 фермерден белсеніп шықты. Қазталов пен Жәнібек ауданы шаруа қожалықтары шөп дайындап беруге уәде беріп отыр. Аз күнде қаржылай 171 мың теңге жиналған. Бұған қоса «Бауырлар Нарм» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев ортақ қорға 100 мың теңге қосып, мәрттік танытты. Өңірдегі «Азықтүліккорпорация» ұйымы да өз қорынан Маңғыстауға 600 тоннадан аса арпа дәнін бөлуге шешім қабылдаған.

Маңғыстау малына Жайық бойының көк шалғынын тиеген алғашқы көлік 18 шілде күні Бөрлі ауданы Сұлусай ауылынан аттанды. Ауылдағы «Рауан» ЖШС бас директоры Шәміл Мұратбайұлы бастаған шаруалар 200 дана тайланған шөп жинап, теңіз бойындағы ағайындарға хабар берген екен. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы «Азамат» шаруа қожалығынан Елжас Қожабеков өз көлігімен арнайы келіп, алғашқы 35 тай шөпті алып кетті.

«Елдің елдігі осындай қиын сәтте білінеді ғой. Маңғыстаулық бауырларға көмек қолын созуға әзірміз. Ауылдағы «Рауан» ЖШС жетекшісі Шәміл Мұратбайұлы, «Еңбек» ШҚ басшысы Самат Ізтайұлы, «Бірлік» ШҚ жетекшісі Асанов Ғибатолла, ауыл азаматы Ілияс Дүйсенбаев деген жігіттердің арқасында осындай қайырымдылық керуені Маңғыстауға аттанғалы отыр. Бұл көмек әлі жалғасады», дейді Сұлусай ауылдық округінің әкімі Нұрлан Талаптанұлы.

 

Батыс Қазақстан