Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Отырысты аша келіп Төраға Қостанай облысынан Сенат депутаты болып сайланған Жеңіс Нұрғалиевті қызметіне кірісуімен құттықтады. Ж.Нұрғалиев Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің құрамында қызмет ететін болды.
Күн тәртібіне сәйкес сенаторлар бірінші кезекте “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасын қарап, қабылдады.
Отырыста, сонымен қатар, “Тұрғын үй қатынастары туралы” Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”, “Сыртқы барлау туралы” және “Мәдениет туралы” Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобалары да талқыланды. Бірқатар талқылаулардан кейін заң жобалары қабылданды. Осындағы соңғы екі заң жобасы Сенат пен Мәжіліс арасындағы келісу комиссиясының ұсыныстары бойынша қабылданды.
Сенаторлар “Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы” және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобаларын қызу талқыға салды. Сенаторлар Б.Мұхамеджанов пен Ғ.Қасымов заң жобаларын талқылау барысында астықты облыстардың барлық өнімдері биоотын өндіруге арналып кетпесін деген қауіпті ойларын ортаға салды. Талқылауға қатысқан Қ.Айтаханов, А.Башмаков және Ө.Байгелди биоотын өндіру бүгінгі өмір талабы екенін, бірақ оған сапасы өте төмен дақылдар ғана пайдаланылатыны туралы пікірлерін білдіріп, заң жобасына қолдау білдірді. Заң жобаларын талқылау барысында биоотын өндірісін дамыта түсу және айналымын мемлекеттік реттеудің өзекті мәселелері жан-жақты талқыға салынды. Талқылау нәтижесінде заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданып, екінші оқылымда қарауға әзірлеу үшін комитетке тапсырма берілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.