Аймақтар • 19 Шілде, 2021

Оралда жалған ПТР құжатын жасаумен айналысқандар ұсталды

239 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батысқазақстандық полиция қызметкерлері жалған ПТР құжаты, Ресей Федерациясы клиникаларынан жалған шақырту секілді құжаттар жасаумен айналысқан оралдық екі азаматты тұтқындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда жалған ПТР құжатын жасаумен айналысқандар ұсталды

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті коронавирус инфекциясын таратуға сеп болып отырған қылмыстардың жолын кесуге ерекше көңіл бөліп келеді. Соның ішінде жалған медициналық құжат жасау мәселесі басты назарда тұр.

Криминалды полиция басқармасы жедел іздестіру шаралары нәтижесінде Орал қаласында тұратын 19 жасар екі азаматты тұтқынға алды. Олар коронавирус нәтижесін көрсететін жалған ПТР құжатын дайындаған. Ол үшін бұдан жасалған тест анықтамаларын пайдаланған. Одан бөлек, Қазақстан-Ресей шекарасынан кедергісіз өту үшін ресейлік медицина мекемелерінен жалған шақырту қағаздарын да жасаған.

Тінту кезінде олардың жұмыс орнынан нақты дәлелдер, ноутбук және қаражат табылған. Қазір Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 385-бабы бойынша қылмыстық іс көтеріліп, тергеу басталды.

 

Батыс Қазақстан