Іс-шараға «Birgemiz» республикалық волонтерлер фронт-офисінің басшысы Татьяна Миронюк, фронт-офистің сарапшысы Олжас Әбдухамитов және өңірдегі волонтерлік ұйымдардың белсенділері, жастар ресурстық орталығының басшылары қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар волонтерліктің жол картасын жүзеге асыру, волонтерлік қызметті қолдау стандартын әзірлеу мәселелерін талқылады. Еріктілердің ерен ісін дамытудың жаңа қырлары іздестірілді. Бұл тарапта кездесуге қатысушылар өздерінің ойымен бөлісіп, пайымды пікір білдірді.
Татьяна Миронюк атап өткендей, бүгінде Қазақстанда 600-ге жуық волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Жыл сайын елімізде белсенді азаматтық ұстанымын көрсетуге және мұқтаж адамдарға көмектесуге ниет білдірген еріктілер саны көбейіп келеді. Ақмола өңірінде де коронавирус хабары шыққалы елге қайырымдылық жасағаны аз емес. Оның барлығы - қысылған жанға демеу болса, жастарға өміршең өнеге, әдемі үлгі. Бүгінгі күні мыңдаған еріктінің басын құрайтын 90 ұйым жұмыс істейді.