Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтің мәліметіне сүйенсек, Атырау қаласы мен алты аудандағы 18 ауылдық округтің әкімі сайланады. Ал Мақат ауданында 1 кент пен 2 ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізу жоспарланбаған. Себебі бұл аудандағы округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталмаған.
– Әкімдері сайланатын окургтерде 44 мың 500 сайлаушы бар. Қазір бұл округтерде 236 сайлау комиссиясы құрылды. Округ әкімдерінің сайлауына 73 үміткер ұсынылған. Оның ішінде 39 үміткер (53,4%) – саяси партиялардың өкілі. Ал 34 үміткер (46,6%) өзін өзі ұсынып, әкім сайлауына қатысуға ниет білдірді. Мәселен, Nur Оtan партиясы 15, «Ауыл» ХДПП – 5, «Ақ жол» ҚДП – 3, АDAL партиясы – 6, Қазақстан халық партиясы – 7 кандидат, ЖСДП 3 үміткер ұсынды. Орташа бәсекелестік 4 адамды құрап отыр.
Оның айтуынша, округ әкімдерінің сайлауына ұсынылған үміткерлердің арасында 34 мұғалім (46,6%), 12 заңгер (16,4%), 10 экономист (13,7%), 8 ауыл шаруашылығы маманы (11%), 1 инженер (1,3%) мен басқа мамандықтың 8 иесі (11%) бар. Саяси додадан 19 әйел (26%) де шет қалғысы келмеді. Ал ең көп үміткер Дамбы ауылдық округінен ұсынылған. Атырау қаласына таяу орналасқан бұл ауылға әкім болғысы келген 7 үміткер бақ сынауға бекініпті. Сондай-ақ Қайыршақты (Атырау қаласы) мен Жарсуат (Индер ауданы) ауылдық округтерінде 6, Құрманғазы ауданындағы Кудряшов ауылдық округінде 5 үміткер сайлауға қатысуға ниет білдірді.
– Ауыл әкімдерінің сайлауы – еліміздегі демократиялық дамудың бір көрінісі. Бұл сайлауға Nur Otan партиясынан ұсынылған үміткерлермен кездесіп, басқару жүйесіндегі тетіктер жөнінде өзімнің тәжірибемді, кейбір ұсыныстарымды бөлістім. Ең бастысы, ауыл тұрғындары округ әкімінің лауазымына үміткерлерге дауыс береді. Елімізде бұрын мұндай сайлау болған емес. Бұған дейін ауыл әкімдері аудандық, қалалық депутаттардың дауыс беруімен сайланатын еді. Енді, міне, бар жауапкершілік жүктелген ауыл тұрғындары іскерлік, ұйымдастырушылық қыры басым үміткерлерді таңдайтыны даусыз, – дейді Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев.
Ауыл әкімінің орынтағы үшін сайлау додасына түскен үміткерлер сайлаушыларға бағдарламасын ұсынып, үгіт-насихатын бастады. Бақ шаба ма, әлде бағдарлама оза ма?
Атырау облысы