
Қазақ ғалымы Мұхтар Өтелбаев «мыңжылдық проблемалары» сандарына енген ең күрделі жеті математикалық есептің бірін шешті. Бұл туралы RAS.KZ хабарлады.
«Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Еуразия математика институтының директоры, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мұхтарбай Өтелбаев ең күрделі жеті математикалық есептің бірі болып табылатын, Клей математика институты 2000 жылдан бері шешімі үшін бір миллион доллар көлемінде сыйлық тағайындап отырған математикалық «мыңжылдық проблемаларының» бірін шешуге қол жеткізді», - делінген хабарламада.
Мұхтар Өтелбаев бұл есептің шешуін өзінің «Навье-Стокс теңдеуінің күшті шешуінің орын алуы» деген ғылыми еңбегінде жариялады. Мақаланың толық нұсқасы «Математический журналда» жарық көрді.
«Жарияланымның маңыздылығы сонда, мұндағы проблема «мыңжылдықтың проблемалары» деп ең күрделі жеті есептің бірі болып табылады. Атап өтуіміз керек, Клей математикалық институты 2000 жылдан бері бұл проблемалардың әрбірінің шешуші үшін 1 млн. доллар сыйлық тағайындап келеді. Қазіргі таңда мыңжылдық проблемаларының біреуі ғана (Пуанкаре гипотезасы) шешілді. Оны шешкені үшін Григорий Перельманға Филдс сыйлығы берілді», - делінген Еуразия ұлттық университетінің хабарламасында.
Еске сала кетейік, Мұхтарбай Өтелбаев операторлардың спектрлі теориясын, операторлардың жиырылу және кеңею теориясын, функционалды кеңістік құйылымы теориясын, жақындасу, есептеу математикасы мен қайтарма міндеттер теориясын зерттейді.
Бұдан басқа, ол «Алтын адам» конкурсының 2002 жылғы «Жылдың ғылым қайраткері» атағының иегері, 2004-2005 жылдары ғылым мен техниканы дамытуға қосқан орасан зор үлесі үшін ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия алды. Сол сияқты Экономикалық әріптестікті ұйымдастыру сыйлығының 2004 жылғы «Ғылым мен технология» номинациясының және Қазақстанның ғылым мен техника саласындағы мемлкеттік сыйлығының лауреаты. Білім және ғылым министрлігінің «Үздік жоғары оқу орны оқытушысы».
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: Ras.kz.