Аймақтар • 22 Шілде, 2021

Сабанға дейін жинап алу керек

331 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылғы құрғақшылық солтүстік өңір шаруашылықтарына қысқа ерте да­йын­далу қажеттігін ескерткендей. Облыстағы ыстық күн райы жаңбырлы, салқын күндерге ауысты. Әп-сәтте өзгере қалатын табиғат мінезіне тәуелді болмас үшін шаруашылықтар алдын ала дайындыққа кірісті. Мал азығын әзірлеу жұмыстары басталып кетті.

Сабанға дейін жинап алу керек

Биылғы мамыр-маусым айларындағы ыстық ауа райы әжептәуір абыржытты. Әсі­ресе, Май, Баянауыл аудандарында мал баға­тын тұрғындар мен шаруа қожалықтары Маң­ғыстау облысындағы түйелердің қағаз жеге­нін, арық жылқы­лар­дың жағдайын көріп, біздің өңірде де қысқы мал азығы жетпей қала ма деп те алаңдады.

«Еліміздегі 157 ауданның арасында Май ауданы – қуаңшылық көрсеткіші бойынша 6-орында. Жылдар бойы 500 мың гектар жайы­лым жер құрғақшылық көріп келеді. Баян­ауыл ауданында да сондай жағдай. Ылғал­сыз, нәрсіз жайылымдар. Күзде шөп жет­пей қалса, қайтеміз?», дейді кәсіпкер Гүлзира Қазылова.

Аққулы аудандық мәслихатының депутаты Раушан Байдүйсенованың айтуынша, қуаңшылыққа қарсы шараларға облыстық бюджеттен алдын ала қаржы қарастырылуы керек. Ал облыстық ауылшаруашылық бас­­қар­масының мәліметінше, ешқандай алаң­­даушылық жоқ. Қазір қос ауданда да ша­бын­дыққа шалғы шілде-тамыз айларында түседі. Шілдеде жауған жауынның мөлшері 50-120 мм-ді көрсетіп, жерге 7-8 см-ге дейін сіңді. Шабындықтар жайқалып, шаруаларды қуантуда.

Өңірде мал азығына қажетті жем­шөп­ке деген қажеттілік 1,1 млн тоннаны құ­рай­ды. Жергілікті шаруашылықтар шөп шабу нау­қанын бастап, 56 мың тонна шөп шабылған. Биыл 923 мың тонна шөп, 213 мың тонна сабан, 128 мың тонна сүрлем дайындау жоспарлануда.

Бірақ жемшөп дақылдары мен жинал­ған шөптің орташа шығымдылығы об­лыста гектарына 4,3 центнер мөлшерін­де бол­­ғанымен, кейбір аудандарында бұл көр­­сеткіш әлдеқайда төмен: гектар­дан 2-ден 2,7 цент­нерге дейін жемшөп алынуда.

«Жалпы, өңірде қыс кезінде шөптің қа­жет­тілігі 900 мың тоннадан асады. Мы­салы, Ертіс өзенінің жайылмасынан 2 мың тоннадан аса мал азығын әзір­леуге бо­лады», дейді облыстық ауыл шаруа­шы­лығы бас­қармасының бөлім басшысы Қайыр Байсаринов.

Иә, айтса айтқандай-ақ, бірнеше аудан, ауыл өзен жағасында орналасқанын ескерсек, табиғаттың ырысы Ертіс жа­йылмасы дайын мал азығы ғой. Бұған қоса қазір өңірдегі жайылымдық жерлер 38 мың гектарға ұлғайып, 300 мың гектарға жетті. Тіпті қуаңшылық болуы мүмкін деген кей­бір аудандарда мал азығын дайындауда қиындықтар болмас үшін арзандатылған жанар-жағармай бөлу мәселесі жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

«Сондықтан ауа райының өзгермелі жағ­дайына сай, жағымсыз да салдары туындауы мүмкін. Сол үшін алдын ала қажетті жоспар дайындадық. Бірінші, мал азығын дайындау көрсеткіші 25 па­йызға төмендесе, жемшөп тапшылығы 285 мың тоннаны құрайды. Мұндай жағдайда бізге 45 мың тонна жемдік астық қажет. Екінші жағдай, қажетті жемшөп көлемінің тек 50 пайызы жиналса, онда шөп жетіспеушілігі 570 мың тоннаға жетпек. Бұл жағдайда 60 мың тонна жем қажет», дейді басқарма басшысы Нұрболат Мақашев.

Сонымен, басқарма қысқы жемшөп, мал азығын дайындаудың алдын ала шаралары барысында 60 мың тонна жемдік астық сатып алу, шөп шабуға арнайы субсидияланған жанармай бөлу және жиналған астықтан қалатын сабанды жинап алуды жоспарлады. Яғни жемшөптің қажетті мөлшерін қорға жинап алу үшін астық егетін аудандар келісімшарт бо­йынша арпаның белгілі бір бөлігін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-на тапсырады. Осыдан кейін ұлттық астық сатып алу операторы жемдік ас­тық­ты облыстағы элеваторлардың біріне орналастырады. Қажеттілік туындайтын болса, мал азығы фермалар мен жеке қосалқы шаруашылықтарға белгіленген бағамен жеткізіледі.

Шаруашылықтарды қолдау шарала­рының тағы бірі – арзан дизель жанармайымен қамтамасыз ету. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып шешілді. Осы шілде айында аймақтағы егістік алқаптарына жанармай жеңілдетілген бағамен литріне 165 теңгеге жеткізіле бас­тайды.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов арзан­да­тылған жанар-жағармайдың кідіріссіз жет­кізіліп тұруын, мақсатты пайдаланылуын қада­ғалауды тапсырды. Бастысы арзан баға­мен жеткізілетін жанармайдың кө­лемі тұтастай тек жемшөп қорын құру­ға жұм­салуы керек. Сондай-ақ жергілікті әкім­діктерге қажетті жемшөп қорын жинап қана қоймай, шөп бағасын бақылап, нарықтағы алыпсатарларға жол бермеу жағы ескертілді.

Шөптің бір тоннасы биыл былтырғы тарифтен жоғары болмайды. Мысалы, өткен жылы қыр шөбінің бір тоннасы 20-25 мың теңге болса, тоғайдың шөбі 18-20 мың теңгеден болды. Сонда бір арбаға 1,5 тонна шөп сыяды деп алсақ, тұрғындар оны 35-40 мың теңгеге сатып ала алады.

Биылға дейін өңірде пайдаланыл­ма­ған 480 мың гектар ауылшаруашылық жерлері болған. Соңғы алты айда 92 мың гектар жер мемлекет меншігіне қай­тарылып, қазір 44 мың гектарда жер игеру жұмыстары жүр­гізілуде. Алайда бүгінде 340 мың гектардан аса жер немесе ауылшаруашылығы жер­ле­рінің 5 пайызы әлі бос тұр деген сөз. Тіпті тұр­­ғындардың малдарын жаюға қажетті жер­лерді дұрыс беру жайын білмейтін ауыл әкім­дері де бар.

«Мәселе, жердің жоқтығында емес, бұл жұмысты жергілікті әкімдіктердің заңды түр­де қалай рәсімдеуді білмейтіні бөгет бо­лу­да. Әрбір әкімнен ауылда­ғы жерлердің ұтым­­ды пайдаланылуы үшін жауаптылық­ты та­­лап етуіміз қа­жет», дейді өңірлік Жер қа­­ты­­настары басқармасының басшысы Р.Дәуітбаев.

Бұл күндері өңірде арнайы құрылған «Жол картасы» бойынша жемшөп да­йын­дау бағытында басқа да шаралар қарас­ты­рыл­ған. Енді арнайы құрылған аймақтық штаб бұрыннан бері пайдаланылмай келген жерлерді шабындыққа бөлу, заңды түрде рә­сімдеу құжаттарын жасау, жиналған астықтан қалған сабанды дайындау, тұрғындар үшін орман шаруашылықтары мен сол аумақтарда жемшөп дайындау мүмкіндігін жүзеге асыру сияқты мәселелерді бақылайды.

 

Павлодар облысы